MOEX KASE-нің 3,32% акциясына ие болып отыр – Алина Алдамберген

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3096

Қазақстан қор биржасы мен "Астана" халықаралық қаржы орталығын салыстыруға болмайды. 

MOEX KASE-нің 3,32% акциясына ие болып отыр – Алина Алдамберген

Қазақстан қор биржасы (KASE) мамыр айында 2019-2021 жылдарға арналған даму стратегиясын қабылдады. Мұндағы мақсат Орталық Азия аумағындағы  қор нарығында өзінің көшбасшылығын сақтап қалу болды.

Естеріңізде болса, былтыр 10 қазанда KASE мен Мәскеу биржасы (MOEX) стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Нәтижесінде MOEX 2019 жылдың соңына дейін KASE жарғылық капиталының 20%-ын сатып алатын болды. Келісім жыл басында жүзеге асып, MOEX KASE-нің 3,32% акциясының иесі атанды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы Алина Алдамберген: "Алдағы уақытта Мәскеу биржасы бізден қанша акция сатып алатыны биржаға орналастырылатын акция санына байланысты болады. Сәйкесінше Ұлттық банктің үлесі азаяды. Бұған дейін Ұлттық банктің үлесі 50,1%-дан 49,1% - ға қысқарды. Егер МОЕХ KASE акцияларының санын ұлғайтатын болса, Ұлттық банктің үлесі төмендей береді", – деді.

Биржаның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін KASE қызмет көрсету аясын кеңейтіп, халықаралық инвесторлар үшін қолайлы бизнес-климат қалыптастыруға тырысып жатқанын тілге тиек еткен басқарма төрағасы Қазақстан қор биржасы мен "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) өздеріне тән ерекшеліктері бар екенін баяндады.  

"KASE ел заңнамасына сәйкес қызмет көрсетеді. Ал АХҚО жұмысы  ағылшын құқығымен реттеледі. Оның биржасы оффшорлық аймақ саналады. АХҚО-ға ел экономикасына инвестиция тартуға жәрдемдесу, Қазақстанның бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарығымен ықпалдасуын қамтамасыз ету сонымен қатар ел аумағында исламдық қаржыландыру нарығын дамыту міндеті жүктелген. KASE болса акциялармен, облигациялармен, пайлық үлестегі инвестициялық қорлармен, репомен, фьючерстермен және басқа да операциялармен айналысады. Бізде 850 құрал, 200 эмитент бар. KASE алаңында 52 қатысушы жұмыс істейді. Олардың үшеуі резидент емес. Қазақстан қор биржасы еліміздегі қаржы инфрақұрылымының ажырамас бөлшегі. Ол негізгі контрагент ретінде қаржы нарығының ойыншыларына зор мүмкіндік ұсынып отыр. Біз бұрыннан жұмыс істеп келе жатырмыз, сондықтан бізді АХҚО биржасымен салыстыруға болмайды. Қалай болғанда да дәл қазір біздің нәтижелеріміз тең емес. Екі биржаның экономикадағы рөлі мен мақсаты әртүрлі. Осыны естен шығармау керек", – деді Алина Алдамберген.

Басқарма төрағасының сөзінше, бірінші жартыжылдықта KazMinerals акциялары - 17%, Халық банк акциялары - 16%, Kcell акциялары - 10,79%, Банка ЦентрКредит акциялары -3,5%, KEGOC акциялары - 0,83% өскен.

"ҚазТрансОйл" мен "Қазахтелеком" акциялары 20% және 27,7 %-ға арзандаған.

"Қазақтелеком" акцияларының арзандауына миноритарлық акционерлермен болған келіспеушілік, ал "ҚазТрансОйл" акциялары құнының құлдырауына "Дружба" құбырындағы мұнайдың ластануы кері әсер етті", – деді Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу