"Мойнақ" төрт айда 350 млн кВт/сағат энергия өндірді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8608

Су электр станциясы жоспарды артығымен орындап отыр.

"Мойнақ" төрт айда 350 млн кВт/сағат энергия өндірді

"Мойнақ" су электр станциясы жыл басынан бері 350 млн кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Су электр станциясы жоспарды артығымен (113 пайыз) орындап отыр. Бұл туралы "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамы хабарлады.

Станция мамандарының айтуынша, су электр станциясы орналасқан Шарын өзеніндегі судың деңгейі былтырғыдан төмен. Дегенмен қаңтар-сәуір айларында ағып келген судың көлемі көп жылғы орташа көрсеткіштен 10 пайызға жоғары.

Бүгінде "Самұрық-Энерго" АҚ-ы "Мойнақ" су электр станциясына қатысты жобаны қарастыруда. Жобаға сәйкес, Кеңсу өзенінің арнасын Бестөбе су қоймасына бұру көзделген. Еске сала кетейік, Кеңсу Шарын өзенінің сол жақ тармағы болып табылады. Егер жоба ойдағыдай жүзеге асырылса, "Мойнақтың" өндіріс көлемі артады. Сондай-ақ станция су азайған кезде де қалыпты жұмыс істейтін болады.

"Самұрық-Энерго" холдингі нарықты дамыту департаментінің дерегінше, акционерлік қоғамға қарасты ұйымдар жыл басынан бері 11,1 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірген. Жалпы, республика бойынша 27 мамырға дейін 42,8 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндіріліп отыр.

Еске сала кетейік, "Мойнақ" су электр станциясы 2012 жылы пайдалануға берілген болатын. Сол уақыттан бері станция 6,5 млрд кВт/сағаттан астам электр энергиясын өндірген екен.

"Мойнақ" станциясы Алматы облысы Райымбек ауданындағы Шарын өзенінің бойында орналасқан. Ол Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы энергия тапшылығын қысқартып отыр. Кәсіпорын орташа есеппен бір жыл ішінде 1,027 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіруге қауқарлы.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу