Мол астықтың мәселесі бар болып шықты

526

Қазақстан биыл астық жинау маусымын аяқтады. 

Мол астықтың мәселесі бар болып шықты Фото: canva

Бұқаралық ақпарат құралдары рекордты көлемде астық жиналғанын жарысып жазуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сенсек, жиналған дәнді дақылдар 27 млн тоннадан асқан. Оның 20,3 млн тоннасы бидай болса, бұршақ дақылдары – 1 млн, майлы дақылдар – 4,5 млн тонна. Бұған қоса 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна – көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары бар.

Әрине, бір қарағанда бәрі мінсіз, алайда диқандарды сарсаңға салып отырған мәселе де аз емес. Ең әуелгі қиындық – экспорт жайы. Ведомство қыркүйек пен қазанда 2,2 млн тонна астық экспорт үлгергенін хабарлады. Ал 17,4 млн тонна диқандардың қоймасында сақталса, 700 мың тоннасы өңдеуге жіберіліп, 500 мың тоннасы мал азығына қалады.

Министрлік биыл жаңа экспорттық бағыттарды игергенін, Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Вьетнам, БАӘ, Марокко, Алжир, Египет елдеріне алғашқы рет дақыл жеткізгенін мәлімдеп отыр. Жалпы, экспортқа әдеттегідей 12-13 млн тонна астық шығарылады деп болжанған. Бірақ сыртқа астық сату кейде пайдадан гөрі шығынға көп батыратындай.

Былтыр фермерлер жиған астығын экспорттық жолдарға шығара алмай, Үкіметтен қолдау сұрағанын білеміз. Кейбір дамыған елдер Қазақстан өнімін алмайды да, себебі сапасы, нақтырақ айтсақ, сорты төмен деп қабылданады. Сондықтан Таяу Шығыс елдерімен шектеліп жатамыз. Алпауыт Қытай да Қазақстан астығын сатып алу көлемін шектеп отырғанын бірнеше жылдан бері көрдік.

Қыркүйек пен қазанда еліміз 2 млн тоннадан астам астық экспорттағанын жаздық. Оны "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының іске асырған. Былтыр дәл осы кезеңде экспорт көлемі 1,8 млн тонна болған екен. Яғни, айтарлықтай өсім жоқ. Биылғы 2 млн тоннаны іргедегі Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ауғанстан мен Түрікменстанға жеткізгенбіз. Бұның өзі алыс нарықтарға толыққанды қадам баса алмай отырғанымыздың нышаны.

Үкімет агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту мақсатында АӨК-тің инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жалпы сомасы 3,4 трлн теңге болатын жол картасын әзірлеген. Оның үстіне астық экспорттаушыларға 2026 жылдың күзіне дейін қолдау көрсетпек. Жақсы, алайда осы тұста екінші мәселенің шеті шығады.

Мемлекеттен қыруар қаржы бөлінсе де, нарықта ұн, макарон, нанның бағасы жыл сайын өсіп жатыр. Әйтпесе шикізаты мен өнімі – қазақстандық, өзіміздің төл өнім. Биыл ішкі нарықты ұнмен қамтамасыз етудің өзіне 9 млн тонна бидай жұмсалмақ. Астық мол болса да, елде азық-түлік бағасы неге тұрақтанбайды?

Себебі елде делдалдарға тұсау жоқ. Бидай, күріш, арпа сияқты дақылдардың үстіне ақша қосып сатып, өздері оңай пайдаға кенелгенімен, қарапайым халық зиян шегуде. Соның салдарынан, дүкен мен базардағы баға шарықтап барады.

Ал бұс тұста Сауда және интеграция министрлігі "Қазақтелекоммен" бірлесіп, өндірушілерді, сауда желілерін және ӘКК-ні тікелей байланыстыратын, делдалдарды алып тастайтын агромаркетплейсті іске қосу қарастырып жатқанын хабарлап отыр. Оның нәтижесі қалай болары әзірге белгісіз.

Астық өңдеудің өзі күрмеуі толық шешілмеген бағыт. Бірақ Қазақстан фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленовтің пайымдауынша, астықты өңдеймін деген адамға ешқандай кедергі жоқ көрінеді.

– Астыққа кім қалай баға ұсынады, шаруа солай сатады. Егер диірменшілер жақсы баға берсе диірменге, басқа сатып алушы жақсы баға берсе, соған сатады. Оның ешқандай әбестігі жоқ. Әрине, қайта өңдеп сатқан, жәй бидай ретінде сатқаннан көбірек табыс әкеледі. Шетелдің астықты өңдеп экспорттауға мүмкіндігі жоғары болатын болса, сол елде қолдау жоғары деген сөз. Іргедегі Ресейден ұн, макарон өнімдері Қазақстан нарығына кіріп жатыр. Өйткені Ресейде астықты өңдейтін кәсіпорындар көп, қолдау зор. Сондықтан біздің нарықта Қазақстан өніміне қарағанда арзан сатылады. Ал қарапайым халық азық-түліктің қайсысы арзан, соған ұмтылады. Бізде астықты өңдеймін деген кәсіпкерді ешкім тұсап тұрған жоқ. Кейбіреулер "астық сақтайтын қойма жоқ" дейді. Қойма жеткілікті, ең бастысы, ескілерін жөндеуден өткізу керек. Осы аталған мәселелерге көңіл бөлінсе, ұтарымыз көп еді, – дейді сарапшы.

Ашық дереккөздерде елде сыйымдылығы 29,3 млн тонна болатын астық сақтау қоймалары бар екені жазылған. Демек, ескіріп жатпаған болса қойма жағынан аса бір қажеттілік байқалмайды.

Ал тиісті ведомство керісінше елде ірі өндірістер іске қосылып жатқанын алға тартады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы облысында 15 млрд теңгеге "Қапшағай Бидай Өнімдері" атты дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеуге маманданған жаңа агрококешен іске қосылғанын хабарлапты.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарасақ, Ақмола, Қарағанды өңірлерінде де Өңдеу өнеркәсібінің құрылымындағы басты бағыттар – астық өңдеу 28 пайыз, нан-тоқаш өнімдері өндірісі 20,1 пайыздан асып астық өңдеу, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамту бағытына ден қоя бастаған.

Сондай-ақ, Қызылорда облысында бірнеше күріш өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Бұлардың аздық етіп тұрғаны онсыз да белгілі жайт. Терең өңдеудің толығымен қолға алмайынша, еліміз алдағы жылдары да мол астықты өңделмеген күйі экспортқа шығарумен шектеле беретін тәрізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу