Молдова билігі де олигархиялық күштермен қатаң күрес бастады

1625

Посткеңестік кеңістіктегі елде 5 қарашада жергілікті сайлаулар өтті. Оның қорытындысы іс басындағы билікті тіксінтіп отыр.

Молдова билігі де олигархиялық күштермен қатаң күрес бастады Фото: canva.com

Молдовалық Бельц қаласында бұқаралық наразылық шарасы өтті. Себебі, 7 қарашада Бельц округтік сайлау кеңесінің мүшелері отырысқа жиналып, өзін "тәуелсіз үміткер" деп жариялаған Арина Коршикованың кандидатурасын қала мэрінің сайлауынан алып тастау мәселесін қарауға кіріскен болатын.

Отырыс түскі үште басталды. Ал кешке қарай мэрия ғимаратының алдында кандидаттың қолдаушылары, наразы топтар жиналды. Олар Бельц мэриясына басып кіріп, билікті өз қолдарына алмақ болған деседі. Күш құрылымдары бұған тосқауыл қойды.

Оның үстіне Округтік сайлау кеңесі де сол ғимаратта жиналыс өткізіп жатқан еді. Наразылық білдірушілер шетелдік телеарналар келген соң "Долой Майю Санду!" деп айғайлай бастады. Санду – Молдованың қазіргі лидері екені белгілі.

Шынында, полициядан, сондай-ақ бірқатар саяси партиялардан Арина Коршикованың үстінен шағымдар түскен. Арызданушылар тәуелсіз кандидаттың қала мэрі сайлауының бірінші айналымында көптеген бұзушылықтарға жол бергеніне назар аудартты.

Бұл ретте Коршикованың кандидатурасын қашқын олигарх Илан Шор қолдады.

Полиция наразылық акциясының бүлікке ұласуына жол бермеді. Ал түнге қарай сайлау кеңесі ұзақ сағаттарға созылған отырысының қорытындысында Коршикованы сайлаудың жарыс жолынан шығарып тастағаны жария болды. Бельцтегі сайлаудың екінші кезеңі 19 қарашаға жоспарланған. Себебі, додаға түскен 14 кандидаттың бірде бірі сайлаушылардың 50%-ының даусын жинай алмады.

"Коршикова ханым – қашқын олигарх Шормен және оның қылмыстық тобымен байланысты компанияның директоры. Сонымен қатар кеңес отырысында дәйектеме ретінде Канаданың осы тұлғаға қатысты санкция енгізгені де алға тартылды. Ондай адам қаланың атына кір келтіреді. Кандидаттың елге таратқан үнпарақтары да заңға қайшы болды", – деп түсіндірді "Өзгерістер партиясының" ресми өкілі Кристина Краевская.

Бірақ тәртіпсіздіктер алда жаңа қарқынмен жалғасуы мүмкін. Сот үкімімен таратылған "Шор" партиясының атынан сайланған депутат Марина Таубер олигархтың жақтастар тобына үндеумен жүгінді.

"Сайлау кеңесінің бұл шешімі оның бетіне жағылған күйе. Біз оған бағынбаймыз. Кеңестің бұл шешімі ақырғы емес. Оны біз сот инстанцияларында жоққа шығартамыз. Коршикова ханым екеуіміз сайлауалды науқанды жалғастыра береміз. Егер біз сіздерді наразылық шерулеріне шығуға шақырсақ, бұған барынша көңіл бөлуді сұраймыз. Қарсыласқан халық неғұрлым көп болса, іске соғұрлым көп көмегі болады", – деді М.Таубер.

Молдовалық олигарх Илан Шор өз елін Еуропадан алыстатуды мақсат тұтады. Еуроинтеграцияға бет бұрған Молдованың қазіргі билігі "миллиардтарды ұрлады" деген айыппен, Шордың 15 жылға сырттай сотталуына қол жеткізді. Соған қарамастан олигарх 5 қарашадағы сайлауларға қатысатынын мәлімдеді. Ол жергілікті додаларда өзінің мүддесін ілгерілететін және іс басындағы билікке қарсы тұратын саяси партияларды қаржыландырып жатқанын жария етті. Бұл туралы ол "Комсомольская правдаға" сұхбатында айтты.

Ашық дереккөздерден Коршикованың "Шор" партиясымен тонның ішкі бауындай тығыз араласқанын дәлелдейтін көптеген деректі табуға болады. Мысалы, 2015 жылы Коршикова Илан Шордың сайлауалды науқанын қаржыландырған донорларының бірі болды.

Тұтастай алғанда, жексенбіде өткен сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша билік басындағы PAS партиясы көптеген ауданда бірінші орынға шықты. Тиісінше, олардағы жергілікті кеңестерге, мэрияларға өз адамын отырғыза алады. Соған қарамастан билеуші партияның бірде бір ауданда сенімді басымдыққа жетпегені анықталды.

Ел астанасы Кишинэуде (Chișinău, ескі нұсқасымен Кишинёв деп те айтылады) бұл жолы екінші тур болмайды. "Ұлттық альтернатива қозғалысы" (MAN) партиясының лидері, астананың іс басындағы мэрі 50,62% дауыс жинап, жеңіс тұғырына көтерілді. Сайлауға дейін жүргізілген сауалнамалар да мэр Ион Чебанның сөзсіз жеңіске жететінін көрсеткен. Сарапшылар мұндағы жалғыз интрига: "екінші айналым бола ма, жоқ па?" деген сауалға ғана қатысты болатынын нұсқады.

Биліктің "Әрекет және ынтымақтастық" (PAS) партиясының үміткері Лилиан Карп 28,23% дауыс жинай алды. Қос кандидаттың қанжығалаған дауысындағы алшақтық үлкен болғанына қарамастан, олардың партияларына жергілікті муниципалдық кеңесте бірдей, 20 мандаттан беріледі. Социалистерге тек 6 орын, коммунистерге екі орын тиюі мүмкін.

"Билеуші PAS кандидатын дұрыс таңдай алмағандықтан ілгері оза алмады. Оның үстіне мункеңесте солшылдардың коалициясының құлағы қылтияды. Ендеше PAS ел астанасында оппозицияға айналып шыға келуі мүмкін", – деді WatchDog сарапшысы Андрей Курэрару.

Саясат ғылымдарының докторы Анжела Колацкидің пікірінше, билік партиясына оңшылдармен джентльмендік келісімге келіп, біріге қимылдау қажет еді. Оның орнына олар бір біріне қарсы қимылдады. Салдарынан, оңшылдар өздеріне де ұпай жинай алмады, PAS партиясына да зиянын тигізді.

Биліктің олигархаттық күштермен күресі әрі қарай қызуда. Оргеев қаласында олигарх Шор өз сайлаушыларын бірнеше рет қайта бағыттап үлгерді. Алдымен ол мэр лауазымын уақытша атқарушы Алексей Лунгуды жақтауға шақырды. Билік Лунгу кандидатурасының сайлаудан алып тасталуына қол жеткізген соң, экс-кандидат пен Илан Шор қосылып алып, Оргеев тұрғындарын "запастағы кандидат" Татьяна Кочиуға дауыс беруге шақырды. Бұл әйел Шор қаржыландыратын тағы бір партия – "Молдованы құтқару үшін балама күш" (FASM) атынан жарысқа түскен еді.

Татьяне Кочиу Оргеевте 57,59% дауыс жинап, бірінші турда жеңді. Ал FASM партиясы қалалық мункеңесте басымдыққа ие болды. Дегенмен, Оргеев аудандық кеңесінде FASM басымдыққа ие емес (24,73%). Мұнда биліктің PAS партиясы үстемдікке жетті (30,74%).

Қашқын олигарх "Жаңғыру" партиясын да қаржыландырған болатын. Алайда "Возрождение" бірде бір аудан орталығында мэр креслосына қол жеткізе алмады. Тек Тараклия аудандық кеңесінен орын алды.

Назар аударатын жайт, Молдованың көптеген өңірінде (аудандарында) билік басына тәуелсіз кандидаттар келді. Бірақ олардың артында олигарх қаржыландыратын топтар тұруы ғажап емес. Мысалы, жергілікті басылымдардың мәліметінше, Тараклия мэрі болып сайланған тәуелсіз кандидат Вячеслав Лупов бұрын "Шор" партиясымен істес болыпты.

Саясаттанушы Анжела Колацки бұл сайлау "Шор айналасындағы құрылымдарды" ішінара легитимді етіп бергенін айтады. 

PAS та, социалистер де бұл сайлауда өздерінің жеңгенін жариялады. Билеуші партия өз жетістігін жақсартқанын мәлімдеді.

Сарапшы Андрей Курэрару байлам жасауға асықпауға кеңес берді.

"Алпауыт партиялардың сайлау өте сала, өзін жеңімпаз деп жариялайтыны – жәй дәстүр. Әрине, PAS аудандар мен мункеңестердің көпшілігінде басымдыққа ие болды. Бірақ бұл тұғыры лезде шайқалып кетуі мүмкін. Егер кремлшіл партиялар коалициялар құра бастаса, Санду командасы өңірлерде өз билігін жүргізе алмай қалады", – деп санайды молдовалық сарапшы.

Сарапшылар пікірінше, жергілікті сайлаулар 2025 жылғы президенттік сайлау үшін өте нашар көрсеткішті аңғартып отыруы мүмкін.

Батыстың қысымымен Молдова басшылығына демократиялық дархандық танытып, олигарх Шордың қаржыландырған партиялары мен кандидаттарын дауыс беруге жіберуге мәжбүр болды.  

Молдова еуроинтеграциясын жалғастыруға ниетті. Бұған оппозициялық жергілікті басшылар тосқауыл бола алмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу