Молдова Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен (ТМД) жасалған негізгі келісімдерді денонсациялау рәсімін бастады. Бұл елге ұйым құрамынан ресми түрде шығуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз ТМД-дегі мүшелігімізді айқындайтын үш негізгі құжатты денонсациялау үдерісін бастадық. Олар – ұйымның Жарғысы, ТМД-ны құру туралы келісім және оған қатысты қосымша құжат. Осы құжаттар күшін жойғаннан кейін Молдованың заңды тұрғыда ТМД мүшесі болмайды. Дегенмен, іс жүзінде (де-факто) қатысуымыз бұған дейін-ақ тоқтатылған. Құжаттар түпкілікті бекіту үшін парламентке жолданады", – деп түсіндірді Михай Попшой.
Оның айтуынша, денонсациялау үдерісі үкімет деңгейінде ақпан айының ортасына қарай аяқталады, содан кейін парламент бұл мәселені президенттің бекітуіне ұсынады.
Молдованың ТМД-ға деген көзқарасы 2020 жылғы президенттік сайлаудан кейін өзгере бастады. Сол кезде Майя Санду Еуропалық одақпен интеграция бағытын жариялап, Достастық саммиттеріне қатысудан бас тартқан еді. 2023 жылғы ақпанда республика үкіметі ТМД аясындағы 282 келісімнің 120-дан астамын денонсациялауды жоспарлап, ел үшін ең маңызды әрі пайдалы келісімдерді сақтап қалуды көздеген.
Молдованың бұрынғы президенті әрі Социалистер партиясының көшбасшысы Игорь Додон бұл қадамдарды сынға алып, Майя Сандудың Ресеймен және ТМД-мен қатынасты үзуге бағытталған саясаты халық мүддесіне қайшы келеді деп мәлімдеді.
Еске салайық, өткен жылдың соңында Кишинев қаласында Молдова Республикасының президенті Майя Сандудың инаугурациясы өтті.
Ол қараша айында өткен сайлаудың екінші турында 55 пайыздан астам дауыс жинап, екінші мерзімге қайта сайланған. Ант қабылдағаннан кейін сөйлеген сөзінде Майя Санду барлық қысымға қарамастан азаматтар айқын бағытты – қауіпсіздігі жоғары, дамыған әрі гүлденген еуропалық елді таңдағанын атап өтті.