Молдованы жеңе аламыз ба?

1718

Ұлттар лигасының өтпелі матчы 2 айдан кейін ойналады. Қазақстанды бұл жолы не күтіп тұр?

Молдованы жеңе аламыз ба?

24 және 29 наурыз күндері Қазақстан құрамасы Молдова құрамасымен кездеседі. Екі ойынның қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған команда "С" лигасындағы орнын сақтап қалады. Молдова құрамасы өткен маусымда Ұлттар лигасының "С" лигасында өнер көрсетті. Өз тобында олар Қазақстан секілді соңғы орын алды. Молодова құрамасы Словения, Грекия, Косово құрамаларымен бірге бір топта болды. Словения жеке дара көш бастап, топтың жеңімпазы атанды. Оған Грекия құрамасы бәсекелестік танытты да, Косово құрамасы 5 ұпай жинады. Ал Молдова ұжымы тек 1 ғана ұпаймен шектелді. Ұлттар лигасы басталған тұста Молдова өз алаңында Косовоны қабылдап, 1:1 тең түсті. Міне, осыдан кейін Молдова е гол салған жоқ, е ұпай еншілемеді де. 6 ойында қақпасына 11 гол жіберіп алды. "С" лигасының командалары Молдова үшін өте қиын қарсылас екені осы ойындарда анық байқалды.

Ал оқырмандардың есіне сала кетейік, Қазақстан құрамасы да өз тобында соңғы орын алды. Михал Билек баптайтын құрамамыздың қарсыластары Албания, Белорус және Литва командалары болды. Алғашқы ойында сырт алаңда Литваны жеңген Қазақстан жарысты керемет бастады. Бірақ кейіннен өз алаңында сүреңсіз матчтар өткізіп, жағдайын нашарлатып алды. Соның салдарынан Қазақстан құрамасы соңғы орын алып, өтпелі матчқа қатысатын жағдайға тап болды.

Жалпы Қазақстан мен Молдова 5 мәрте жолдастық матч өткізген Оның барлығы да Түркияда ойналыпты. Алғашқы матч сонау 2008 жылы өтіпті. Игорь Бугаевтің салған голының арқасында Молдова жеңімпаз атанған. Одан кейін 2010 жылы кездесіп, ойын нәтижесі тура солай, 1:0 Молдованың пайдасына шешілді. Ал 2013 жылы Қазақстан құрамасы Молдованы алғаш рет жеңді. Есеп 3:1. Бұл матчта Бауыржан Жолшиев дубль авторы атанды. 2015 жылғы жолдастық кездесуде Қазақстан құрамасы молдовалықтармен 1:1 тең түсіпті. Жалғыз голдың авторы – Алексей Щеткин. 2019 жылы Қазақстан тағы да Молдовамен тең түскен. Енді нәтиже қандай болмақ?

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу