Моңғолдар мына бір бизнеске жүздеген миллиард ақша салуда

1156

Моңғолия әлемдегі жүн мен кашемир орталығына айналып келеді.

Моңғолдар мына бір бизнеске жүздеген миллиард ақша салуда Фото: canva.com

Моңғолия, Мысыр, Үндістан, Қытай, Пәкістан және басқа да елдерге барғанда, туристерге кәдесый ретінде сатып алуға ұсынылатын басты тауарлардың бірі – кашемирден жасалған түрлі өнімдер мен киім-кешек болып келеді.

Бұл ретте кашемир дегеніміз, негізінен, тау ешкісінің түбіті. Ол өз атауын Үндістан мен Пәкістан арасындағы Кашмир өлкесінен алған.

Екінің бірі біле бермес, қазіргі кезеңде ең жоғары сапалы кашемирдің әлемдегі №1-ші жеткізушісі – Моңғолия. Ол бүкіл жаһандық нарықтың 40%-дан (!) астамына жалғыз өзі ие. Яғни, әлемдік нарық доминанты.

Моңғол шикізатын Батыс өндірушілері таласа-тармаса сатып алады. Моңғолдардың үлкен мейіріммен түткен түбітін Италия, Франция, Ұлыбритания, Шотландия, Америка және басқа да дамыған елдердің Chanel, Gucci, Prada, Louis Vuitton, Versace, Christian Dior, Valentino, Fendi сияқты люкстік сән үйлері үлкен ынта-ықыласпен өз брендтерінде пайдаланады, онысын жасырмай, жария айтады.

Осылайша, моңғолдың өнімі прет-а-порте мен от-кутюр коллекцияларының көркін келтіріп, дүниенің әр түкпіріндегі әрбір сәнқойдың бойын үлде мен бүлдеге орады.

Моңғол елі бұл жеткен жетістігіне марқайып, сонымен тоқтап қалуға ниетті емес. Моңғолия Үкіметі жүн мен кашемир өңдеу өндірісін дамытуға тағы 788,9 миллиард төгрік (тугрик, шамамен 120,5 миллиард теңге) бағыттауға шешім қабылдады.

"Моңғолия Президентінің бастамасымен қолға алынған "Ақ Алтын" ұлттық қозғалысы аясында 2025 жылға арналған мемлекеттік бюджетте 788,9 миллиард төгрік мөлшерінде қаржыландыру бекітілді. Бұл шешуші салалардағы өндірістерді кеңейтуге және модернизациялауға мемлекет тарапынан қуатты қолдау көрсетіліп жатқанын куәландырады", – деп жазды моңғолдың "Монцамэ" агенттігі.

Оның мәліметінше, "Ақ Алтын" ұлттық қозғалысын жүзеге асыру жүн, кашемир және теріні терең өңдеу өндірісінің одан әрі өрістеуіне айтарлықтай ықпал етеді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қосылған құны жоғары өнімдердің шығарылымын арттырады.

Дүниежүзінде моңғол өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін көтереді, Gobi, Bodio's және өзге моңғол брендтерін ілгерілетеді. Сондай-ақ әрине, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашады.

Моңғолия Үкіметінің мәліметінше, бұл ұлттық қозғалысқа қосылған жобаларды қаржыландыруға коммерциялық, соның ішінде шетелдік банктер белсенді қатысып жатыр. Олар жеңілдікті кредит беру туралы алғашқы шешімдерін қабылдапты.

Бұл кредиттер тері, жүн және кашемир өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың айналымдық қаражатын және инвестициясын ұлғайтуға арналғаны айтылды. Соның арқасында моңғол кәсіпкерлерінің заманауи озық технологияларды ендіру, өндірістік қуаттарды кеңейту, жаңа зауыттар салу процесі жеделдетілді.

Бюджеттен бағытталып жатқан жүздеген миллиард қаражаттың нысаналы жеріне және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі жетекші 10 коммерциялық банктің экономистерінің пулын құрды.

Енді олар үшін аталған кәсіпорындарға таныстыру сапарларының сериясын ұйымдастыруда. Осы сапарлар аясында банкирлер мен олардың сарапшылары саладағы технологиялық процестерге, өндіріс ерекшеліктеріне, қандай жабдықтардың керектігіне, сондай-ақ моңғол кашемирінің әлемде қаншалықты мол сұранысқа ие екеніне қанығады.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, банктердің делегациялары "Булигаар" тері өңдеу зауыты, "Хос Аз" аяқкиім фабрикасы, "Марис трейд" сөмке шығаратын кәсіпорын, "Блю Скай Кашемир", "Кашемир холдинг" сияқты жетекші кәсіпорындарда болып қайтты. Олардың бәрі жаһандық брендтерге қызмет етіп, жоғары сапалы өнім шығарады.

Бұл сапарлар банк саласының мамандарына саланың ерекшеліктерін жақсырақ түсінуіне және қаржыландырып жатқан жобаларының перспективалары мен кеңею өрістерін танып, соған септесуіне мүмкіндік береді.

Мысалы, моңғолдың "Сор кашемир" компаниясы өз өнімін әлемнің 17 еліне экспорттап отыр.

"1998 жылы құрылған бұл кәсіпорын бүгінде Америка, Жапония, Италия, Оңтүстік Корея, Непал, Үндістан, Қытай, Қазақстан және басқа да елдердің 150-ден астам жіп иіру және тоқыма кәсіпорындарына өнім жеткізеді. Жыл сайын компания шамамен 800 тонна кашемир, 200 тонна түйе жүнін, 30 тоннадан астам як жүнін, 200 тоннадан астам қой жүнін өңдейді. Олардан ол 100% таза, мамық талшық пен еш қоспасы жоқ дайын өнім жасайды", – дейді моңғол журналисті Б.Мөнхзул.

"Сор кашемир" бүкіл шикізатты жергілікті өндірушілерден – моңғол малшыларынан сатып алады. Осы арқылы ол ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне, ауылдың дамуына сүбелі үлесін қосуда.

Бұдан бөлек, түбітті ауыл-аймақтан жинау, сұрыптау, жуу, бояу, жіп иіру, дайын тоқыма өнімін жасау сияқты түрлі кәсіп бойынша жүздеген адамды жұмыспен қамтиды.

Олардың үлгісімен индустрияға жаңа кәсіпкерлер тартылуда. Мысалы, моңғолдың "Snow Fields Cashmere" компаниясы өзі өндірген өнімнен Shimaseiki жапон машиналары көмегімен кашемир трикотажын шығаруды жолға қойған. Халықаралық сапа стандартына дейін көтеріле алған фирма шетелдік нарыққа шығып, беделді, тұрақты клиенттерін таба алды.

Ал, өз жанынан ірі "Цагаан ямаат Баянговь" кооперативін құрып, көптеген ауылды көркейтуге үлес қосып жатқан "Баялаг-Улзий" компаниясына Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтің өзі барған болатын. Бұл кәсіпорын сондай-ақ "Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету" ұлттық қозғалысына да жұмылдырылуда.

Кашемир өңдейтін "Баялаг-Улзий" компаниясы әлемге танымал "Bodio's" моңғол брендін дамытуда. Ол 2005 жылы алғаш рет 2 жасар түйеден (ұрғашысы – бүлдіршін, еркегі – тайлақ аталады) кашемир түбітін алу және өңдеу технологиясын ойлап тауып, ендірді.

Оның трикотаж фабрикасы жылына 100 мың тонна дайын бұйым шығарып, шетелге экспортайды. 410 тонна кашемир мен 60 тонна ақ кашемир өңдейді. Ал, оның кооперативі ауылда мал өсіретін 700 отбасыны қамтып, табыс табуына, ырыс-құтқа кенелуіне септеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу