Моңғолия дәретханалардан бас тартуы мүмкін

517

Жергілікті ақпарат құралдары елде санитарлық дағдарыс қаупі бар екенін жазуда.

Моңғолия дәретханалардан бас тартуы мүмкін Фото: ЖИ

Моңғолия – өзін "Мәңгі көк аспан елі" ("Мөнх хөх тэнгэрийн орон") деп атайтын ғажайып өлке. Бұл жерде шынайы, нағыз демократия салтанат құрған. Соның арқасында өзге елдерде жұртшылық жөнсіз қысылып, жасырып қалуға тырысатын тақырыпты моңғол баспасөзі мен қоғамы ашық, жалған ұятсыз талқылай береді.

Осы орайда жаңа туристік маусым басталған сайын, күн тәртібіне... әжетхана мәселесі оралады екен. Ақпарат құралдары: "республикаға санитарлық дағдарыс қаупі төніп тұр", деп дабыл қағуда, деп жазды inbusiness.kz.

Моңғолиялық тревел-блогер Дара Дашиева елдегі гигиеналық инфрақұрылымның мүшкіл күйде екенін ашық мойындады. Оның түсіндіруінше, егер сіз Моңғолияның сайын даласына сапарласаңыз, айналаңыздағы ұшы-қиырсыз құла түз сіздің әжетханаңызға айналады. "Тіпті ел астанасы Ұлан-батырдың өзінде таза санитарлық торапты табу – кейде орындалмайтын миссияға айналып кетеді. Кейбір сауда орталықтарында тазалау жұмыстары өте сирек жүргізіледі. Бірқатар қалалық қонақүйлердің өзі ауласына кәдімгі ағаш дәретхана орнатып қояды. Мен өзім қоғамдық ағаш әжетханаларды жек көремін. Бұл, сірә, ауылдан қалған балалық шақтағы психологиялық жарақатым шығар", – деп бөлісті Дара.

Екі миллион қонақ және қолқаны қабар иіс

Туристер осы "өркениет рәміздерін" қысыла іздеп жүргенде, моңғол қоғамдық белсенділері қонақтарға ғана емес, экологияға да аяушылық білдіріп, мәселе көтеруде. "Буряад унэн" газеті Моңғолияда дәстүрлі дәретханалар түрінен мүлдем бас тарту туралы үндеу тасталғанын жазды.

"Шетелдіктер, туристер әрбір басқан қадамын, әрбір куә болған көрінісін Instagram мен TikTok-та құжаттап, жаһанға жариялап отыратын дәуірде, дәл осы қарабайыр әжетханалар моңғолиялық қонақжайлылықтың осал жеріне, талмау тұсына айналды. Мемлекетіміздің жоспары өршіл: 2030 жылға қарай Ұлан-батыр жыл сайын екі миллионға дейін жатжұрттық саяхатшыны қабылдауды көздеп отыр. Өткен жылы 850 мың шетелдік қонақтың келуіне қол жеткізіп, қазына 1,5 миллиард долларға байыды", – деп жазды "News.mn" ақпараттық агенттігі.

Бірақ туристер ағынымен бірге қоғамдағы алаңдаушылық та қарқынды түрде өсіп келеді. Қоғамдық белсенді Н.Цолмонбаатар бүгінде Моңғолияда екі миллионға жуық септик (сыртқы әжетхана құдығы) бар екеніне назар аударады.

Оның үстіне бұл тек эстетикаға немесе ерке туристердің талғамына ғана қатысты мәселе емес. Іші күлімсі ластыққа толған осындай бір шұңқыр радиусы 250 метрге дейінгі топырақ пен жерасты суларын улап, ішек инфекцияларының ошағына айналуға қауқарлы.

"Елге келген туристер арасында жүргізілген сауалнама паш еткендей, оларға саяхат кезінде ең бірінші қажет нәрсе – жақсартылған санитарлық жағдайлар болып шықты. Содан кейінгі орындарда ғана жол сапасы, жоғары қызмет көрсету стандарттары, баға және ақпараттың қолжетімділігі тұр. Туристер тұмса табиғатымызға және көшпелі мәдениетімізге тәнті болып, сүйсінгенімен, XXI ғасырдың талаптарына сай келмейтін ағаш дәретханаларды көріп, көңілдері қалады. Егер Моңғолия екі миллион туристі қабылдау мақсатын жүзеге асырғысы келсе, ол ағаш дәретханалардан құтылуы керек", – дейді Цолмонбаатар.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, "дәретхана коллапсы" – бұл қазіргі Моңғолияның экологиясын, ұлт саулығын және экономикалық өсімін тежеп отырған басты инфрақұрылымдық мәселелердің бірі. Ел астанасындағы "киіз үйлі аудандар" деп аталатын аймақтарда орталықтандырылған кәріз жүйесі тартылмаған. Ал, ол аудандарда тұрғындардың басым көпшілігі шоғырланған. Форфорлық унитаз олар үшін әлі күнге дейін қол жетпес сән-салтанат болып қалуда.

Моңғолияның Табиғат және туризм министрлігі жағдайды өзгертуге тырысуда. Vom.mn порталының хабарлауынша, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен туристік кластерлерде көне заманнан қалған ағаш дәретханаларды орнатуға және пайдалануға заңды түрде тыйым салынды. Шенеуніктер осындай шаралар арқылы топырақтың тозуын тоқтатудан үмітті.

Ведомство өкілдері бұл тыйымның уақыты әлдеқашан жеткеніне, себебі, жер және су ресурстарын ластау экожүйенің сапасын қауіпті деңгейге дейін нашарлатқанына назар аудартты. Бірақ бас қаланың киіз үй аудандарының тұрғындарына бұл тыйым әзірге таралмайды.

Ал, Ұлан-батырдың бұл орамдарында мегаполис халқының 63%-ы тұрады және олардың шамамен 85%-ы күн сайын сол баяғы әжетхана шұңқырларын пайдаланады. Мэрия түрлі амалдар жасап бағуда: қала тұрғындарына биотуалеттерге көшуді ұсынады және ең ластанған секторларды дезинфекциялауға жыл сайын шамамен 180–200 миллион тугрик бөледі.

Құдықтардың айналасын қоршаған қоңыр былық

Babr24.com порталы бір парадоксты нұсқады: Моңғолия цифрландыруға, технологиялық серпіліске және модернизацияға ден қойғанын жариялады. Сонымен бір мезгілде астаналықтардың өзі орта ғасырлық тұрмыс деңгейінде өмір сүруін жалғастыруда.

Базалық санитарияның жоқтығы ауру ошақтарының туындауына, өмір сүру деңгейінің төмендеуіне және экономикалық шығындарға соқтырады.

"Жағдай жылдар бойы өзгеріссіз қалып келеді. Ел астанасының киіз үйлі аумақтарында кәріз жүйесінің жоқтығынан күн сайын қоршаған ортаға шамамен 5 миллион тонна сұйық қалдық және 1 миллион тоннадан астам қатты фракциялар сіңеді. Бұл массаның бәрі топырақта жиналып, 6 метр тереңдікке дейін кетіп, жан-жаққа жайылуда", – дейді Моңғолия дәретханалар қауымдастығының президенті Б.Басандорж.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам нәжісіндегі патогендердің көптігін ескертеді. Ұлан-батырда шамамен 680 мың әжетхана шұңқыры бар: бұл қала аумағының әрбір 60 метріне шамамен 1 қолдан жасалған нәжіс шұңқырынан келеді деген сөз.

Ең қорқыныштысы сол, ашық дәретханалар 18 мың артезиан құдығына "қоңсы" қонған. Саяси шолушы Эрнест Баатырев қарапайым, бірақ қорқынышты жайтты қаперге салды: 1 ауыз су құдығын 40 ағаш дәретхана қоршап тұр. Салдарынан, мұндай құдықтардың көбіндегі су әлдеқашан ішуге жарамсыз, улы коктейлге айналған.

Санитарлық апат эпидемиологияға жойқын соққы жасауда. Моңғолияның Су ресурстары агенттігінен де маза кетті: елге "лас қолдың ауруы" деп аталатын қызылша ауруы қайта оралыпты. Ресми түрде он мыңнан астам адамның сол індетті жұқтырғаны анықталған.

Мамандар мәселенің төркінін өзендердің жаппай ластануынан көреді. Мәселен, Туул өзені арқылы өтетін 6 негізгі көпір астынан алынған су талдауының нәтижелері сарапшыларды шошытты: ішек таяқшасының концентрациясы шектен тыс жоғары болып шыққан.

Сондықтан ведомство азаматтардан суға түспеуді жалынып сұрады. Алайда баласы да, ересегі де аптап ыстықтан бас сауғалап, ескертулер мен тыйым салу белгілерін елемей, қауіпті су қоймаларында шомылуын жалғастырған.

Осы бір көңілсіз көрініс аясында билік жағдайда жақсартатын шаралар қабылдауға тырысуда. Ұлан-батырда тегін, таза әрі толықтай өркениетті қалалық әжетханалар желісі жұмыс істейді. Дәмханалар мен мейрамханалардың иелері де бір кесе шайға не кофеге тапсырыс беруді талап етпей, қысылған жанды дәретханасына тегін кіргізуге міндеттелді.

Бұдан бөлек, Ұлан-батырда құрылысы 2022 жылдың тамызында басталған алғашқы, ірі "ағын суды тазарту зауыты" биыл іске қосылды. Ресми мәліметке сәйкес, бұл кәсіпорын лас суды тазарту арқылы 18 миллион текше метрге дейін жерасты суларын сақтауға мүмкіндік береді және болашақта қаланы сумен қамтамасыз ету көлемін шамамен жартысына дейін арттыруға тиіс.

Айта кетерлігі, жоба моңғолиялық компаниялардың күшімен жүзеге асырылуда, олардың инженерлері халықаралық деңгейдегі нысандарды салуға қауқарлы екенін іс жүзінде дәлелдеп отыр.

Сонымен қатар, 2026 жылы осы саладағы астаналық қорғаныш арсеналы тағы бір стратегиялық нысанмен – ағын су тұнбаларын (нәжісті) кептіру және жағу бойынша жоғары технологиялық зауытпен толықты. Кешен жылына канализациямен келген немесе арнайы көлікпен жеткізілген 843 мың текше метрге дейінгі былықты өңдейді.

Осылайша, ғасырлар бойы жер астында шіріп келген қалдықтар енді шағын кірпіштерге айналып, отқа жағылып, жылу және электр энергиясына айналдырылатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу