Қазіргі Моңғолия – парламенттік республика. Елдің іс жүзіндегі Мемлекет басшысының өкілеттіктері Үкімет басшысына жүктелген. Ал, жаңа Премьер-министрдің жүргізіп жатқан жаңғырулары жанжал тудырып отыр.
Моңғолияның саяси сахнасы шешімі күрделі шахмат партиясын еске түсіреді. Үкімет билік жүйесін оңтайландырып, басқаруды жаңа модельге көшіруге бел буды. Оппозиция бұл бастамаға қарсы. Тіпті елдің іс басындағы көшбасшысын тақтан тайдыру үшін қол жинауда. Бұған әскерге жүгінудің қажеті жоқ, депутаттар қол көтерсе жеткілікті.
Үкімет бір мезгілде басқару архитектурасын да, бюджеттік шығындардың параметрлерін де қамтитын терең кадрлық "қайта құруға" дайындалып жатыр. Реформаның өзегі – "хяналтын менеджер" деп аталатын институттан бас тарту. Бұл менеджерлер – Моңғол халық партиясы (МХП), Демократиялық партия және Ұлттық еңбек партиясы секілді ірі саяси күштердің өкілдері.
Аталған схема бұрынғы Премьер-министр Лувсаннамсрайне Оюун-Эрдэне тұсында "жобалық менеджменттің" үлгісі ретінде ұсынылған. Сол кездегі Үкімет мемлекеттік компанияларда шамамен 400 менеджерді тағайындауды жоспарлаған, бірақ іс жүзінде олардың саны 128 маманмен шектелген. Оларға бақылауды күшейту, жобаларды сүйемелдеу және басқару тиімділігін арттыру міндеттері жүктелген.
Бұл "креативті" менеджерлер министрліктердің тік иерархиясына кірмеді, өз партиясының мүддесін қорғамақ болды, саяси мандаты болмады, алайда басқару үдерістеріне белсене араласты. Салдарынан қызық жағдай туды: түпкілікті шешім қабылдауға құқығы жоқ, бірақ шешімді тежеуге қабілеті жеткілікті болды.
Бұлар Парламентке жеткен партиялардың Үкіметке қарсы сілтер қолшоқпарына ұқсады. Барлық жауапкершілік министрлерде болса, ықпал-қысым менеджерлерде қалды, сондықтан түпкі нәтижеге ешкім жауап бермеді. Қазіргі лидер Гомбожав Занданшатар осы "қосбиліктің" тамырына балта шабуды жөн көрді. Премьер ескі модельден толық бас тартып, менеджерлердің орнына үйреншікті "министрлердің орынбасарлары институтын" қалпына келтірмек.
"Моңғолияда атқарушы билік жүйесін ауқымды қайта құру басталды. Бұл тек кадрлық ауыс-түйіс емес, мемлекеттік басқарудың логикасын өзгертуге бағытталған қадам. Үкімет құрылымды жеңілдетуге, мемаппаратты ықшам етуге, қайталанатын функцияларды қысқартуға, сол арқылы бюджеттік шығындарды азайтуға ден қойды. Алғашқы нақты қадам – вице-министрлер институтын қайта оралту және бір жыл бұрын енгізілген "бақылаушы әрі өнімділік менеджерлері" моделін жою", – деп жазды саяси шолушы Эрнест Баатырев.
Қазіргі министрлер кабинеті 16 министрліктен тұрады. Әрбіріне неше орынбасар беру мәселесі қаралуда. Үкімет отырысында тек министрлердің орынбасарларын тағайындау туралы тұжырымдамалық шешім қабылданды. Ендігі сөз Парламентте: әр кандидатураны бекіту керек. Алдыңғы үкімет тағайындаған 128 бақылаушы менеджер қызметінен кетті.
"Министрліктің мемлекеттік хатшысы" лауазымы сақталады. Ол әрі қарай тек әкімшілік, кадрлық мәселелермен айналысады. Бұрын Қазақстанда жауапты хатшылар (жаухатшы) институты бірнеше жыл жұмыс істеп, жабылған еді, ал Моңғолияда бұл лауазым қалды.
Вице-министрлерді қайтару бастамасы Үкімет пен Парламенттегі билеуші МХП арасында бірнеше ай бойы талқыланды. Ақпарат құралдары дереккөздеріне сілтеп, реформа былтырғы жаздан бері пысықталғанын жазды. МХП соңғы съезінде министрлерде орынбасардың жоқтығы басқару жүйесін тоқырауға тірегенін, мемлекеттік аппараттың тиімділігін төмендеткенін ашық мәлімдеді, деп хабарлады babr24.com.
Премьер Занданшатар таяуда сөйлеген сөзінде министр іссапарда болғанда оның функцияларын ресми атқаратын уәкілетті тұлға жоқ екенін мысал ретінде келтірді. Вице-министрлер – басқарушылық буын емес, әлемдік тәжірибеде тиімді басқарудың тетігі.
Халықаралық ықпалдастық кезінде елге сапарлап келген өзге мемлекеттердің вице-министрлері Моңғолияда супервайзер-менеджермен емес, өз деңгейіне сай лауазымды әріптесімен келіссөз жүргізуді қалайды. Сол себепті оларды министрдің өзі қабылдауға мәжбүр етеді.
Реформаның тиімді тұсы – қаржылық үнем. 128 менеджерді ұстап тұруға бір жылда шамамен 29 млрд төгрік (шамамен 4,2 млрд теңге) жұмсалған. Ал 16 министрдің орынбасарын ұстау жылына тек 800 млн төгрікке түседі екен.
"Арадағы айырмашылық 36–58 есе! Бұрынғы Үкімет 400 менеджерін түгел тағайындағанда бюджеттің жайын елестету қорқынышты", – деп жазды жергілікті ақпарат құралдары.
Оппозиция неге қарсы?
Оппозиция бұл өзгерістерді косметикалық, декоративті реформа деп бағалады. Олар атқарушы биліктен есеп беру тетіктерін күшейтуді, тағайындау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуді және билік партиясының жасырын протекционизмін жоюды талап етеді.
Демократиялық партия Премьерді отставкаға жіберу үшін қол жинауға кірісті. Депутаттардың байламынша, реформа – оңтайландыру емес, билікті орталықтандыру. Өйткені бақылау менеджерлері министрліктерге кірмей, дербес шешім қабылдап, жеке күн тәртібін қалыптастырады.
Оларға жұмыс істеуге бір жыл берілді, бұл мерзім әлеуетін толық көрсетуге жеткіліксіз болды. Енді оларды "құзырларың анық емес, жауапкершілік аймақтары түсініксіз, бюджетке салмақ саласыңдар" деп айыптап отыр. Жаңа заң қабылдауға және есепті ашық ұсынуға болады еді, бірақ бұл жасалған жоқ.
Партиялардың өкілі саналатын менеджер тәуелсіз директор болса, оның орнына келетін вице-министр – министрдің бағынышты тұлғасы. Олар атқарушы биліктің тік құрылымына кіретіндіктен, Үкімет қалаған шешімді қабылдауда еркін болады. Шенеуніктер партиялық шығу тегі бар тәуелсіз тұлғаларға тәуелділіктен құтылады.
Оппозицияның пікірінше, реформа билік басындағы МХП-ның басқа саяси күштердің өкілдерін Үкіметтен ығыстыру және басқарудың тізгінін өз қолына шоғырландыру талпынысы. Вице-министр институтына барлық парламенттік фракцияның келісімін алуға үлгермей, министрлердің орынбасарларының кандидатурасын өз партиясымен келісіп қойған.
Демпартия бұл "қайта құруды" бюджетті үнемдеуден бас тарту және бюрократиялық аппаратты кеңейту әрекеті деп бағалады. Фракция жетекшісі Одон Цогтгэрэл министрліктер құрылымын қысқартуды талап етті, әйтпесе отставкаға шығуға дайындық жасаймыз деп мәлімдеді.
Оппозиция атқарушы биліктен саяси ойынмен айналысқанша, елде шынайы проблемаларды шешуді, салық жүктемесін азайтуды, бюрократиялық сергелдеңді жоюды талап етті. Сондай-ақ биліктің нақты экономикалық стратегиясы жоқ екенін де алға тартты.
Әлеуметтік-экономикалық ахуал да сынға алынды: Моңғолияда жанар-жағар май қымбаттап, халықтың тұрмысын қиындатты. Министрлердің орынбасарларын қайтару бастамасы "халықтың нақты проблемаларынан биліктің алыстауы" ретінде көрінеді.
Билік шегінбейтінін жеткізді. Өзгерістер тек Үкіметпен шектелмейді. Мемлекеттік органдар мен компания басшыларын белсенді түрде ротациялау жүргізілуде. Мысалы, кеден органдарындағы сыбайлас жемқорлық жанжалы кезінде Пурвээгийн Делгэрнаранды Бас кеден басқармасының бастығы етіп тағайындау ұсынылды. Бұған дейін ол Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болған.
Сонымен қатар бірнеше ведомство басшылығын ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл қоғамда екіұшты реакция тудырды: кейбір кандидаттар бұрынғы жанжалдарға қатысқан немесе саяси, өңірлік ықпал топтарымен байланысы бар.
Демпартия басшылары "қайта құрудың" шынайылығына сенбейді. Керісінше, бұл билікті өзіне тәуелді тұлғаларға беру және келесі сайлауға дайындық деп қабылдады.
МХП оппозиция сын-пікірін билікке қысым жасау деп бағалады.
Қазіргі қақтығыс – финал емес, кіріспе ғана. Алдағы айларда елді жаңа кадрлық дүмпулер күтіп тұр. Бұл соқпақтың соңы саяси дағдарысқа апаруы мүмкін.
Экономикалық жағдай да күрделі. Моңғолияның 2026 жылға арналған бюджеті 31,6 трлн тугрик кіріс пен 32,98 трлн тугрик шығысты көздейді. Бұл ЖІӨ-нің 1,3%-ын құрайтын тапшылық. Алғашқы жоспар бойынша шығыстар 33,4 трлн тугрик болуы тиіс еді, бірақ экономикалық қиыншылықтар билікті секвестр жасауға мәжбүр етті.
Ұлан-Батордағы "ұлы реформа" басқарушылардың басын қатырып отыр. Жылына 250-260 күн күн сәулесі төгілетін Моңғолияның саяси көгіндегі бұлттар соңы сұрапыл нөсерге айнала ма, әлде шуақты күнге жол бере ме – оны уақыт қана айқындайды.