Мосбиржаға қарсы жаңа санкция доллар құнын 200 рубльге жеткізді

3752

Қазақстандық KASE биржасының ірі бір қожайыны Мәскеу биржасы күйреу алдында тұр. 

Мосбиржаға қарсы жаңа санкция доллар құнын 200 рубльге жеткізді Фото: Екатерина Кузьмина

Америка "MOEX" брендімен жұмыс істейтін Мәскеу биржасына қарсы ғаламат санкция енгізді.

Бұл туралы Құрама Штаттардың санкцияларға жауапты органы – Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) өзінің шұғыл баспасөз хабарламасы арқылы құлақтандырды.

Осы арқылы АҚШ Ресейді әлемнен оқшаулауды күрт күшейтті. Өйткені ресейлік экономистердің түсіндіруінше, РФ-та шетелдік валюталардың бағамы дәл сол Мәскеу биржасындағы сауда-саттық нәтижесінде түзіледі. Валюта бағамын нарықтық жолмен қалыптастыратын басқа ресейлік қаржы биржасы жоқ.

Бұл "суыт" хабар Мәскеудің төбесінен жай түсіргендей болды. Мәлімет жариялана салысымен Мәскеу биржасындағы шетелдік валютадағы құнды қағаздардың барлық сауда-саттығы тоқтатылды.

Кешегі кешкі алтыда Мосбиржа ресми хабарлама таратты.

"2024 жылғы 13 маусымнан бастап, АҚШ-тың "Московская биржа" тобына қатысты шектеу шараларын енгізуіне байланысты енді Мосбиржа нарықтарындағы саудалар келесі регламентке сәйкес жүргізілетін болады: валюталық нарықта және бағалы металдар нарықтарында, сондай-ақ қор және ақша нарықтарында АҚШ доллары мен еуро валюталық жұбы алып тасталып, сауда басқа барлық құралдармен жүзеге асырылады. Бұдан былай доллармен және еуромен есеп айырысу болмайды", – делінген мәлімдемеде.     

Бұл ретте Мосбиржа біздің елімізде шетелдік валюталардың бағамы қалыптастырылатын Қазақстанның қор биржасының (KASE) ірі акционерлерінің бірі болып табылады. Сондықтан бұл санкция Қазақстанда да дүрбелең туғызды.

Кешелі бері тым-тырыс жатқан еліміздің қаржылық реттеушісі – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бүгін "Мәскеу биржасына қатысты санкциялардың енгізілуіне байланысты KASE қызметі туралы" мәлімдеме жасады.

"2024 жылғы 12 маусымда АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасына (MOEX), Ресейдің Ұлттық клирингтік орталығына және Ұлттық есеп айырысу депозитарийіне қатысты санкциялар салды. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша "Қазақстан қор биржасы" АҚ-ының (KASE) негізгі акционерлері қазақстандық инвесторлар болып табылады, олардың үлесі – 86,9%. Соның ішінде 46,9% акциялары ҚР Ұлттық банкіне тиесілі. Ал, MOEX акцияларының үлесі 13,1%-ды құрайды", – деп нақтылады Мәдина Әбілқасымова басқаратын ведомство.

Қаржылық реттеушінің түсіндіруінше, егер Мосбиржа KASE акцияларының жартысына ие болғанда, оған қарсы санкциялар қазақстандық биржаға да таралатын еді.

"Бұғаттаушы санкцияларды қолдану өлшемшарт-критерийлерінің бірі  SDN тізіміндегі тұлғаның тікелей немесе жанама түрде, жеке немесе жиынтығында ұйымның 50% не одан да көп акцияларына иелік етуі. Тиісінше, бұл өлшемшарт KASE-ге қатысты қолданылмайды. Өз кезегінде, KASE-дің тәуекелдерді басқару жүйесі оның қызметіне тән тәуекелдерді бақылауды, мониторингтеуді және барынша азайтуды қамтамасыз етеді. Осыған байланысты, KASE және "KASE клирингтік орталығы" АҚ барлық қаржы құралдарымен сауда-саттықты, клирингті және есеп айырысуды штаттық режимде жүзеге асыра береді", – деп сендірді Қаржы нарығын реттеу агенттігі.

Агенттік өз кезегінде "қаржы нарығындағы ахуалға мониторингті" жалғастыратынын, "қажет болған жағдайда, сыртқы факторлардың қаржы секторының тұрақтылығына теріс әсерін барынша азайту жөнінде тиісті шаралар қабылдайтынын" жеткізді. Мысалы, Қазақстан "улы-токсик акционерге" айналған Мәскеу биржасын акционерлер қатарынан күштеп шығарып тастай алады.

Бірақ Әбілқасымова ұжымының мәлімдемесінде ондай қадамның жасалатыны жария етілмеді. Демек, Қазақстан билігі Мәскеудің қырына илікпеу үшін ары қарай да Мосбиржаның KASE мен оның құрылымдарының құрамында болуына төзе бермек.

Сондықтан журналистер Сенаттың жалпы отырысынан шыққан Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовты қоршап алып, сарапшыларды мазалаған басты бір сұрақты соған қойды: "Антиресейлік жаңа санкцияларға байланысты Қазақстан Мәскеу биржасының KASE-дегі үлесін кері сатып ала ма?" Бірақ ол да тікелей жауаптан тайсақтады.

"MOEX-тің KASE-дегі үлесі 13 пайыздан сәл ғана асады. Бұл үлесті кері сатып аламыз ба дегенге келсек, біз әртүрлі нұсқаларды талқылап жатырмыз. Осы мақсатта шетелдік кеңесшілерімізбен бірге консультациялар жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ қалыптасып жатқан жағдайға жеткілікті түрде тығыз мониторинг жүргізудеміз", – деді Тимур Сулейменов.

Оның пікірінше, 2022 жылдан бері ауқымды санкцияларға іліккен Ресей доллар–рубль жұбында сауда-саттық жасайтын басқа да әртүрлі алаңдарды түзіп үлгерді.

"Біздің түсінуімізше, көрші енді сол баламалы алаңдарға көшіп жатыр. Тиісінше, бұл санкциялардың елеулі ықпалын байқап отырған жоқпыз", – деп түйді Ұлттық банк төрағасы.

KASE де өз мәлімдемесінде Вашонгтонның Мәскеу биржасына қатысты санкциялары KASE және "KASE клирингтік орталығы" АҚ-ының қызметіне ешқандай ықпал етпейтініне сендіріп бақты.

Шынында, 13 маусымнан бастап, Мосбиржада доллармен және еуромен биржалық сауда жүргізу толығымен, түбегейлі тоқтатылатынын жариялаған РФ Орталық банкінің (бізше Ұлттық банк) сарапшылары сонымен бірге бұл қадам Ресейде доллар мен еуроның айналымы доғарылатынын білдірмейтінін түсіндірді. АҚШ пен ұжымдық Еуропаның валюталары РФ-та ары қарай да қолданылады, қалаған инвестор, нарық ойыншылары оларды өзге биржалық алаңдарда сатып ала алады.

Сонымен қатар, ресейліктер ары қарай да банктерде долларда жинақ жинай алады: Орталық банк олардың ресейлік банктердегі салымдары сақталып қалатынына сендірді.

Дегенмен, ресейлік экономист Дмитрий Потапенконың айтуынша, Мосбиржа – Ресейдің валюталық саудасының басты алаңы болатын.

"Дәл осы биржада Ресей Орталық банкінің ресми бағамы қалыптастырылатын еді. Биржа басқа валюталармен, мысалы юаньмен сауда-саттығын жалғастыратынын мәлімдеді. Бірақ мұны Мосбиржаның күйреуі деп санай беруге болады. Ондаған жылдар бойы түзіліп келген тетік, тұтас жүйе бір күнде бұзылды. Бұдан туындайтын ең басты бір проблема – РФ Орталық банкіне бұдан былай доллар мен еуроның шынайы нарықтық бағамын бекіту күрделі болады. Салдарынан, кеңес кезіндегідей, Ресейде шетелдік валютаның қос бағамы пайда болады. Біріншісін – ресмиді банктердің есебі мен биржадан тыс сауда, яғни цифрлық платформалар ақпараты негізінде Орталық банк бекітеді. Оның бағамы нарықтағыдан алыс, биліктің тілегіне жақын болады. Екінші бағамды нарық қалыптастырады", – деді экономист.

Мысалы, Кеңес одағында 1 доллар 60 тиын-копейкаға тең деген ресми бағам бекітілетін. Ал, "қара нарықта" доллар үшін бұдан сегіз еседей қымбат құн – 5–6 рубль сұралатын.  

Сарапшылар болжамының дәлеліндей, санкция жарияланған кезде 1 АҚШ долларының РФ Орталық банкі бекіткен ресми бағамы 88 рубль болды. Алайда бірқатар ресейлік банктер ажиотаж аясында төл бағамын орнатып, америкалық бір валюта үшін 110–120 рубль талап ете бастады. Ресейлік НорвикБанкте және бірқатар басқа ұйымдарда валюта бағамы 200 рубльге дейін шарықтады. Бүгін НорвикБанк ресми бағамын 93,5 рубльге дейін түсірді, бірақ сатуды уақытша доғарған.

Құрама Штаттардың санкциясына Мосбиржа тобына кіретін өзге де инфрақұрылымдық компаниялар – Ұлттық есептік депозитарий (НРД) және Ұлттық клиринг орталығы (НКЦ) ілікті. Біріншісі – бағалы қағаздарға инвесторлардың иелік ету құқықтарын есепке алуға, екіншісі – валюталық мәмілелер бойынша есеп айырысуларға жауап береді, сондай-ақ орталық контрагент функциясын орындайды.

Қарапайым тілмен айтқанда, клиринг орталығы биржа арқылы валюта сатып алғысы немесе оны сатқысы келетін банктер және басқа нарық қатысушылары арасында делдал рөлін атқарады. Нәтижесінде, сатушылар мен сатып алушылар мәмілені бір-бірімен емес, Ұлттық клиринг орталығымен бекітеді.

Ресей ғылым академиясының Талдамалы әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері, экономист Александр Камкин АҚШ-тың жаңа санкциясының салдарларын бағалады. Оның байламынша, санкция кесірінен біріншіден, енді РФ-та шетелдік валютаны сақтау үшін ақы-комиссия өседі. Өйткені валютаны енді НКЦ депозитарийлерінде сақтау мүмкін болмай қалды. Долларларды ақша күйінде ресейлік тұлғалар мен компаниялар бұдан былай тек америкалық және еуропалық банктердің корреспонденттік есепшоттарында сақтай алады.

Ресейліктердің есепшотында цифрлар ғана көрініс береді. Ол сандардың артында тұрған валюта физикалық түрде Ресейде болмауы мүмкін. Бұл, А.Камкиннің пікірінше, ол валютаның күндердің бірінде шетелдік банкте бұғатталып қалуы қаупін тудырады.

Екіншіден, Ресейден капиталды шетелге әкету қымбатқа түсетін болады. Ресми және нарықтық бағам арасындағы айырма артады, комиссиялар өседі, ресейліктер үшін түрлі тәуекел көбейеді.

Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, Американың Ресейге қарсы жаңа санкциясының Қазақстанға да әсері болады. Қазірдің өзінде елімізде доллар бағамы айырбастау бекеттерінде 454 теңгеден асты.  

Қаржы аналитигі Арман Бейсембаевтың айтуынша, Ресей мұндай қадамның жасалатынына алдын ала дайындалды. Егер дәл осы санкция соғыс басталғанда, 2022 жылы енгізілгенде, Ресей экономикасына жойқын соққы болар еді. Алайда Батыс асықпады.

Нәтижесінде, кеше РФ валютасы толық күйреген жоқ, шамалы ғана девальвацияланды.

Бұған дейін Батыс Санкт-Петербург биржасына қатысты санкция енгізген еді. Содан кейін Ресей алдағы ықтимал санкциялардың салдарларын еңсеру бойынша дайындық шараларына кірісті.

Бірақ таяу болашақта ахуалдың қалай өзгеретіні белгісіз. Арман Бейсембаев рубльдің бағамы енді қалай анықталатыны түсініксіз екеніне назар аудартты. Салдарынан, Қазақстан да теңгеге қатысты рубльді қалай бағаларын білмей тұр: РФ валютасы бірде 4,8 теңгеге дейін арзандап, ізінше 5,1 теңге межесіне дейін көтерілді.  

"Рубльдің бағамы доллар–теңге және доллар–рубль арақатысынан қалыптасады. Егер осы екі бағамды алып, бір-біріне бөлсе, рубль–теңге бағамы шығады. Бүгінде доллар–рубль арақатысы бұзылып қалды. Мұндай жағдайда бағамды қалай есептеуге болатыны беймәлім. Ол үшін басқа тетік түзу керек. Мұнда көп нәрсе Ресей тарапына байланысты болады", – деді қаржыгер.

Америкалық санкция РФ рублін еркін конвертацияланбайтын "сабан" ақшаға айналдырғалы тұрғандай. Егер Мәскеу рубльдің жаңа жағдайдағы конвертациялануына қатысты сайма-сай механизмді тез таба алмаса, бұл, қазақстандық қаржыгердің пайымдауынша, Ресейде қолма-қол валютаның сұр және қара нарықтарының пайда болуына соқтырады. Бұл Ресейдің одақтасы және ортақ шекарасы алқам-салқам ашық жатқан Қазақстан үшін салмақты қауіп-қатерлерді тудырады.

"Егер Ресейде доллар мен еуроға қолжетімділік бұғатталса және көршіде сын-тәуекелдерге лайықты жауап беретін валюталық жаңа нарық қалыптастырылмаса, онда қолма-қол долларлар Қазақстаннан Ресейге ағып кете бастауы мүмкін. Өйткені қолында доллары бар қазақстандықтар мен компаниялар үшін оларды Ресейдің сұр және қара нарықтарына өткізу супертиімді болады", – деп тұспалдады Арман Бейсембаев.

Оның түсіндіруінше, РФ Орталық банкі шартты түрде алғанда, тіпті "1 доллар 90 рубльге тең" деген ресми курс белгілесе де, қара нарық долларды 150 рубльден қымбатқа сатуы ықтимал. Өйткені Америка валютасы кеңес кезіндегідей "қат тауарға" айналады. Ал, тауарды жасырын түрде қаншаға сатамын десе де, саудагердің өз еркі. Тиісінше, мұндай жағдайда Қазақстаннан валютаның шетелге ағып кету процесі үдейді. Оның орнына елімізге "сабан ақша" – рубль легі тасқындайды. Бұл теңге бағамының да құлдырауына, девальвациялануына соқтыруы ғажап емес.

Мәскеу әзірге доллардың бағамын 88,47 рубль көлемінде сақтап тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу