Моуринью мырзаның мұртын балта шаппайды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4168

Әйгілі жаттықтырушы үш рет қызметінен босатылғанында қомақты сомада өтемақы алған.

Моуринью мырзаның мұртын балта шаппайды

Футболдан Португалияның бүкіл әлемге әйгілі жатттырушысы Жозе Моуриньюді 2018 жылдың соңында "Манчестер Юнайтед" клубы отставкаға жіберген болатын. Себеп, МЮ ағылшын премьер-лигасында нәтижелі ойын үлгісін көрсете алмай, 17 турдан кейін 26 ұпаймен алтыншы орынға дейін сырғыды. Көш басындағы "Ливерпуль" клубынан бақандай 19 ұпайы кем болды.

Бірақ ағылшын клубы 2016 жылы 27 мамыр күні қол қойылған, үш жылдық келісімшартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін өтемақы төлеуге мәжбүр болды. Шетелдік дерек көздерінің мәліметтеріне сенсек, МЮ клубы Жозе Моуринью мен оның серіктеріне 19,6 миллион фунт өтемақы төлеген. Португалия маманның мұртын балта шапқан жоқ.

Бұл Моуринью мырзаның бірінші рет қомақты сомада өтемақы алуы емес. Ол бұған дейін екі рет "Челсиден" қарымақы өндіріп алған. 2007 жылы қыркүйек айында Лондон клубының басшысымен ортақ тілге келе алмай, әсіресе трансфер саясатына ырза болмай, әрі көңілге қонымды нәтиже көрсете алмай, орнынан босатылған. Әрі бос кетпей, тағы да сол шетелдік дерек көздеріне сүйенсек, өтемақы ретінде 23,1 миллион фунтты "қалтасына" басқан.

2013 жылы 3 маусымда "Челси" клубына қайтып келіп, төрт жылдық келісімшартқа қол қойған болатын. Басы жап-жақсы басталғанымен, 2015 жылдың күзінде қарамағындағы ойыншылардың және айналасындағы мамандардың қайсыбіреулерімен сөзге келіп қалған. Содан жеңілістері жиілеп, ақыры қызметінен кетуге мәжбүр болды. Бірақ тағы да құр қол емес. Бұл жолы – 8,3 миллион фунт өтемақымен!

Сонда, Жозе Моуринью бір рет "Манчестер Юнайтед" клубынан, екі мәрте "Челси" командасынан кеткені үшін, яғни үшеуінде де келісімшарты мерзімінен бұрын бұзылғаны үшін, 51 (23,1 + 8,3 + 19,6) миллион фунт өтемақы алған. Бұл аз қаражат емес, әрине...

Көзі қарақты футбол жанкүйерлері Жозе Моуриньюдің 2013 жылы "Реал" клубынан да кеткенін біледі. Алайда ол мадридтіктерден өзара келісім бойынша кетіп, келісімшартында көрсетілген 17 миллион фунт өтемақыны алмаған болатын.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу