MTK Kazakhstan Алматыда бокс кешін өткізбек

1777

Ұлыбританиялық MTK Global промоутерлік компнаниясының қазақстандағы филиалы 18-шілде күні Алматы қаласында бокс кешін ұйымдастыратынын мәлімдеді.

MTK Kazakhstan Алматыда бокс кешін өткізбек

MTK Kazakhstan Қазақстанда алғаш рет Тәуелсіздік күніне орай 2019 жылы 16-желтоқсан күні және қазан айында оңтүстік астанада бокс кештерін ұйымдастырған болатын. Ал одан бұрын 2019 жылдың шілде айында MTK Global компаниясының еліміздегі филиалы Нұр-Сұлтан қаласында таныстырылым ретінде турнир ұйымдастырып, оған Сондерс қонаққа келген. Қазақстанда брендтің танымалдылығы артты. МТК Global Алматы қаласында биылғы жылдың наурыз айында Nayryz Fight Night бокс кешін ұйымдастыру үшін біршама күш салған болатын. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты әлемдегі басқа да ірі спорт шаралары секілді тоқтатылды. Аталған жарыста Азия чемпионы және Әлем біріншілігінің қола жүлдегері Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой рингте дебют жасап, бокс кешінің басты кездесуінде Жанқош Тұраров шаршы алаңға шығуы тиіс болатын. Мұның барлығы енді шілде айының ортасында өтуі мүмкін.

MTK Kazakhstan басшылығы турнирді пандемияға байланысты үзілістен кейін 18-шілде күні Алматы қаласында өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар бокс кешін америкалық ESPN спорттық арнасы көрсетуі мүмкін. Бірақ, MTK Kazakhstan басшысы Асқар Салықбаевтың айтуынша турнир көрермендерсіз өтеді. Себебі бүкіл әлемдегідей  Қазақстанда да бұқаралық іс-шараларды өткізуге қойылған шектеулер әлі алынған жоқ.

"Біз үлкен рингке қайта оралуға дайындалып жатқанымызды мақтанышпен айта аламыз. Бокс әуесқойлары, жанкүйерлер мен осы спорт түріне бей-жай қарамайтын адамдар мұндай бокс кештерін сағынып қалды деп ойлаймын. Іс-шара көрермендерсіз өтетініне қарамастан біз олар үшін жұдырықтасуларды жоғары деңгейде өткізуге тырысамыз", - дейді Салықбаев. – Бокс кешін ESPN телеарнасы мен IFL TV платформасы трансляциялайды және оны бүкіл Әлем бойынша миллиондаған жанкүйерлер тамашалай алады. Қазіргі таңда біз QazSport телеарнасымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер келісіп жатса, онда отандық телеарнадан да кешті тамашалауға болады", - деп қоса кетті Асқар Салықбаев.

Турнирге қатысатын боксшылардың толық тізімі кейінірек белгілі болады. MTK Kazakhstan Жанқош Тұраров (24 кездесудің 24-де жеңіс, оның ішінде 17 нокаут), Виктор Коточигов (11 кездесудің 11 жеңіс, 4 мерзімінен бұрын), Әли Балоев (9 кездесудің 9-да жеңіс, 7 нокаут) сияқты былғары қолғап шеберлерімен, сондай-ақ биылғы жылдың ақпан айында Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахметпен, ал 1-маусым күні жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Талғат Шайкенмен келісім-шарт жасаған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу