Мұғалімдер артық жүктеменің, қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр – Мемлекет басшысы

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуында айтты.   

Мұғалімдер артық жүктеменің, қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр – Мемлекет басшысы Фото: qaz365.kz

Жиында Президент педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру жөнінде де тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Өздеріңізге мәлім, мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету үшін "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы құрылды. Бірақ бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады. 

Мәселен, маған ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көптеген өтініш келіп түсті. Мұғалімдер артық жүктеменің және қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр. 

Осыған орай, мен педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бердім. Бұл жерде бағалаудан мүлде бас тарту немесе оны күрделендіру туралы сөз болып отырған жоқ.

Білімді әділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі. Бізге мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек. Бұл – өте маңызды мәселе, оны қарастырған кезде жоғары жауапкершілік пен мінсіз кәсібилік таныту қажет. Тиісті министрлік бұл мәселемен айналысып, көп ұзамай нақты ұсыныстар беруі тиіс, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент біліктілікті көтеру бағдарламаларына жаңа Конституция құндылықтарын, сонымен қатар, "Заң мен тәртіп", "Адал азамат", "Таза Қазақстан" идеяларын енгізгенді құп көреді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу