Тікелей Президенттің тапсырмасымен "Педагог мәртебесі туралы" заңы қабылданып, 2019 жылғы 27 желтоқсанда күшіне енгелі қала мен ауылдағы "әмбебап жауынгерге" айналып кеткен мұғалімдің тағдыры тәлкекке түспейтіндей көрінген.
Алайда "ұмытшақ" депутаттар партаға кеше отырғандай білгенінен жаңылып, ұстазды қорғау тетіктерін жете ойластыруды тарс естен шығарыпты. Салдарынан қағаз бетіндегі қорғау іс жүзінде директордың қас-қабағы мен шенеуніктердің пәрменінен ары аса алмай келді.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Оқу-ағарту министрлігі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі.
Моральдық мінеуден материалдық жазаға
Жаңашылдықтың мәні барынша қарапайым: "ескерту" орнына – айыппұл енгізіледі. Қазіргі кезде мұғалімді заңсыз жұмысқа жегетін басшылыққа "қайтып қайталама!" деген жылы-жұмсақ ескерту беріледі. Бұлайша саусақпен сес көрсетуді мектеп директорлары мен шенеуніктер шыбын шаққан құрлы көрмейді. Тыйымға сай тегеурінді жаза болмаса, ол тек ұсыныс ретінде қабылданады. Енді министрлік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізіп, "ескертудің" орнын нақты айыппұлмен алмастыруға белсенді.
Моральдық мінеуді ақшалай жазаға көшіру – бюрократиялық жүйе әлдеқайда жақсы түсінетін тіл. Бастықтың ар-ұжданына салмақ сала алмаған заң енді оның әмиянына ауыз салады.
"Мәселе жүйелі сипатқа ие. Педагогтер өзінің лауазымдық міндеттеріне жатпайтын және заңнамада көзделмеген жұмыстарды орындауға жүйелі түрде тартылады. Артық және заңсыз есептілік, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, концерттерге, семинарларға және өзге шараларға қара көбейтіп, "массовка" ұйымдастыруға мәжбүрлеу, түрлі жазылымдарға, соның ішінде арналарға жазылуға итермелеу, моральдық қысым көрсету, қорлау – мұның бәрі педагогтердің еңбек құқықтарын бұзып қана қоймай, олардың кәсіби әлеуетін әлсіретеді. Бұл білім сапасына кері әсер етеді", – деді министрліктің Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің сарапшылары.
Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, ескерту орнына әкімшілік айыппұл енгізу педагогтердің еңбек және кәсіби құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Бұл шара сондай-ақ заңға қайшы тексерулер жүргізу, желілік маркетинг схемасы арқылы тауарлар мен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеу тәжірибесінің де жолын кесуге тиіс.
Комитет сарапшылары қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабындағы "ескерту" шарасы ешкімді сескендіріп отырған жоқ дейді. Бұл – қасқырға "қой жеме!" деп саусақ кезегенмен бірдей әсер беріп отыр. 2020–2025 жылдар аралығында заң талаптарын сақтамағаны, педагог мәртебесін таптағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабы бойынша барлығы 164 әкімшілік іс қозғалған. Шырқау шегі 2021 жылы тіркелді – 50 іс. Ең қызығы, кейін көрсеткіштер төмендегенімен, 2025 жылы 26 жағдай тіркеліп, заң бұзушылықтың "екінші тынысы" ашылғандай әсер қалдырады.
Үнсіздік пен үрейдің ұсқынсыз көріністері
Министрлікті алаңдататыны, педагог еңбегін заңсыз пайдаланудың қисынға сыймайтын мысалдары жетіп артылады. Қостанайда ұстаздар жаз мезгілінде су айдындарын күзетуге тартылған. Бәлкім, билік өкілдері мұғалімдер сол жерде шомылушыларға Архимед заңын тәжірибе жүзінде көрсетеді деп үміттенген болар? Алайда мұғалімнің лауазымдық нұсқаулығында "құтқарушы" деген тармақ жоқ.
Алматы облысының Қаскелең қаласында педагогтер "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясындағы қалалық сенбілікке қатысуға міндеттелген, мұндай тәжірибе өзге өңірлерде де кең таралғаны мәлім.
Резонансты оқиға Абай облысының Семей қаласында болды. Жаңа жылдық шыршаны орнату кезінде, өз міндетіне кірмейтін жұмысты атқарып жүрген педагог биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Екі ота жасалып, ұзақ оңалту тағайындалды. Салдарынан ол III топтағы мүгедек болып қалды.
Мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды, әкімнің орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалды, білім бөлімінің басшысы өз еркімен қызметінен кетті. Мереке трагедиямен аяқталды. Бұл – "педагог мәртебесін бұзу" деген абстрактілі ұғымның нақты медициналық салдарға ұласқан жағдайларының бірі.
Жамбыл облысының Тереңөзек ауылында мектеп ғимаратында "Томирис емші" деген лақап аты бар әйелмен кездесу ұйымдастыруға педагогтер мен оқушылар тартылған. Алматыда тұратын, осы ауылдың тумасы Гүлсара Суазқызы өзін ғылым докторы, Нострадамустың проскопиялық ғылымдар академиясының мүшесі және халық емшісі деп таныстырып жүр. Ол қайырымдылық көмек көрсету үшін мектепке баратынын алдын ала хабарлаған.
Оны құрметпен қарсы алуға дайындық ауқымды болды: мұғалімдер 4 мың теңгеден жинаған, аудан әкімдігі Мәдениет үйінде концерт ұйымдастырған. Емші өзін патшайым кейпінде – етегі жер сызған қызыл барқыт шапан жамылып, басына тәж тағып келіпті. Видеороликтерге қарағанда, мектеп оқушыларына "маңызды миссия" жүктеліп, олар оның етегін көтеріп жүрген, мұғалімдер аяғының астына гүл шашқан.
"Гүлсара Суазқызы жалғыз келген жоқ, онымен бірге жоғары ақы алатын журналистері мен әншілерін ерте келді. Сондықтан ауылдық Мәдениет үйінде концерт ұйымдастыруды жөн көрдік. Біз тек концерт ұйымдастырдық. Оның костюмінің етегін көтеріп жүрген балалардың бізге қатысы жоқ", – деп Orda.kz-ке сұхбатында Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Сматов басын ала қашты.
Бұдан бөлек, алыстан арнайы келген аудан әкімдігінің қызметкері "емшіге" Алғыс хат табыстаған. Мектеп директорының орынбасары Айбек Сайлаубаев "қадірлі қонақтың" қайырымдылығы көзбояушылық болып шыққанын жеткізді: "балгер" мектепке ескі әрі қажетсіз заттарды, жыртылған киімдерді, сынған ойыншықтарды, жарамсыз жағдайға жеткен компьютерлерді табыстап кетіпті. Қайырымдылықтың соңы "гуманитарлық қоқысты" лақтырып тастаумен аяқталған.
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында мектеп директорларының бірі педагогтерді Роза Рымбаева концертіне билеттер сатып алуға және қатысуға мәжбүрлегені жазылды. Педагогтердің сөзінше, мектеп директоры оларды тек Қазақ КСР-інің халық әртісінің ғана емес, өзге де гастрольдік әртістердің концерттеріне билет алуға мәжбүр еткен.
№10 мектептің мұғалімдері Президент пен Оқу-ағарту министріне бейнеүндеу жолдап, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, қысым көрсеткені үшін мектеп директорын қызметінен қууды сұрады. Ұжымдық өтініш қанағаттандырылмады. Өңірлік білім басқармасы бұл бейнероликке сырғытпа жауап беріп, педагогтерге ешқандай қысым болмағанын, олар қатысқан жалғыз концерттің тегін болғанын мәлімдеумен құтылды.
Дегенмен тексеріс басқа былықтарды әшкереледі: арнайы білімі жоқ қызметкерлерді жұмысқа қабылдаған. Жалақыдан тыс қаражат есептеу жолға қойылған. Мемлекеттік сатып алу ережелері бұзылған. Санатта бар, сапта жоқ "өлі жандар" табылған. Экс-директордың жақын туысы жұмысқа орналасып алған. Материалдар құқық қорғау органдарына және Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданды.
"Мектеп директоры тиісті дипломы жоқ, заңсыз жұмысқа қабылданған қызметкерлерді қызметінен босатты. Ақша жинау туралы ақпарат расталмады. Концертті аудан әкімдігі ұйымдастырды, ол тегін әрі жұмыс уақытынан тыс өтті. Біз ешкімді мәжбүрлемедік, ақша жинау да болған жоқ", – деп қорытындылады жергілікті білім басқармасы.
Бұл деректердің бәрін Оқу-ағарту министрлігі заң жобасына реттеушілік әсерді талдауда келтірді. Ведомствоның тұжырымдауынша, әлгі аталған құқық бұзушылықтардың туындауына және ары қарай көбеюіне ықпал ететін қосымша фактор – педагогтердің уәкілетті меморгандарға ресми шағымдануға құлықсыздығы.
Олар егер өз атынан ресми түрде арыз жазса, мектеп басшылығынан қысым көремін, тәртіптік жаза қолданылып, жұмыстан абыройсыздықпен шығарып тастайды, немесе қалдырғанның өзінде адам төзбес жағдай жасап, еңбек жағдайын нашарлатады деп қауіптенеді екен.
Содан шағымдар көбіне анонимді сипатта түседі. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, анонимді өтініштер жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бола алмайды. Бұл құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жолын кесу мүмкіндігін едәуір шектейді. Осылайша, жүйе өзін-өзі тексерістен қорғайды. Мұғалімнің бойын буған үрей ұжымдағы үнсіздікті туғызады, үнсіздік бастықтардың жазасыздығына соқтырады.
Аудитория ауқымды, айыппұл шағын
Жаңа заң жобасының келесі аудиторияны қамтитыны мәлімделді:
• мектепке дейінгі білім беру саласындағы шамамен 97-99 мың педагог;
• жалпы орта білім беру саласындағы 406-415 мың педагог;
• техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі шамамен 38,7 мың оқытушы (жалпы білім беретін цикл педагогтері);
• мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі шамамен 12 464 басшы мен әдіскер;
• жалпы орта білім беру жүйесіндегі 21 000-ға дейін басшы (директорлар және олардың орынбасарлары);
• ТжКБ ұйымдары мен колледждердегі шамамен 2 500 директор және олардың орынбасарлары.
Жаңа заң жобасы жоғарыдағы бұзушылықтар үшін енді нақты айыппұл жазасын ұсынады:
• лауазымды тұлғалар үшін – 10 АЕК (2026 жылы 43 250 теңге);
• шағын бизнес субъектілері үшін – 30 АЕК (129 750 теңге);
• орта бизнес үшін – 40 АЕК (173 000 теңге);
• ірі бизнес үшін – 60 АЕК (259 500 теңге).
Іс жеңілдетілген тәртіппен қаралса, айыппұл 50%-ға қысқартылады.
Моральдық жауапкершілік жұмыс істемеген жерде материалдық жауапкершілік сөйлеуге тиіс. Алайда, 43 мың теңге айыппұл – жүйелі түрде құқық бұзатын лауазымды тұлғаны тоқтата алатын тосқауыл ма, әлде жай ғана "салық" ретінде қабылдана ма? Мәселе – жазаның мөлшерінде емес, оның бұлжытпай орындалуында болса керек.
Жалпы, Оқу-ағарту министрлігі аталған заң жобасы 2026 жылы қабылданады деп жоспарлап отыр. Әйтсе де, кейбір сарапшылар 15 наурыздағы референдумда жаңа Ата заң қабылданса, ескі конституциялық құрылымда сайланған екі палаталы Парламент таратылады деп топшылап, тон пішіп жатыр. Онда бұл заңды қазіргі депутаттық корпус қабылдап үлгермеуі мүмкін. Демек, ұстаздарға тағы да күте тұруға тура келеді.
Мұғалімнің мәртебесі – мінбердегі ұран емес, заңмен қорғалатын шындық болуға тиіс. Жылдар бойы үнсіз көтерілген жүк енді жауапкершіліктің таразысына түскелі тұр. Айыппұл – әділеттің соңғы сөзі емес, бірақ алғашқы нақты қадамы. Егер ұстаз еңбегі қорғалса, ұлттың ертеңі де еңсесін тіктері сөзсіз.