Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Құрметті ұстаздар! Сіздерге арналған сүйінші жаңалық бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылды. Бұл өте жақсы. Менің ойымша, Мемлекет басшысы сіздерге зор сенім артып, үлкен жанашырлық танытып отыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Берілген мәліметке сәйкес, педагогтердің білімін тексеруге арналған аталған тестілеу жүйесі енді қолданылмайды. Тиісті шешім бойынша ресми хат өңірлік білім басқармаларына жолданған.
Еске сала кетейік, пәндік білімін бағалау тесті – мұғалімдердің өз пәні бойынша білім деңгейін тексеруге арналған емтихан түрі.
Ол негізінен аттестация кезінде қолданылып, педагогтердің біліктілік санатын анықтауға әсер ететін. Соңғы жылдары бұл тест мұғалімдерге қосымша жүктеме ретінде сынға алынған еді.