Мұғалімдерді "қағазбастылықтан" арылтып, есеп беру жүктемесін азайту қажет – Смайылов

Мүгедектігі бар және оларға күтім жасайтын, сондай-ақ асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақылардың мөлшері артады.  

Мұғалімдерді "қағазбастылықтан" арылтып, есеп беру жүктемесін азайту қажет – Смайылов Фото: google.com

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz

"Мемлекет басшысы азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша нақты тапсырмалар берді. Осыған байланысты: бірінші, Еңбек министрлігі мүгедектігі бар және оларға күтім жасайтын, сондай-ақ асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақылардың мөлшерін арттыруды және төлеуді қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар, зиянды еңбек жағдайындағы жұмысшылар үшін арнайы төлемдер енгізу жөнінде шаралар қабылдау керек.
Бұл орайда, отандық және халықаралық тәжірибені жан-жақты зерделеу қажет.
Екінші, педагогтерді аттестациядан өткізу рәсімдерін жетілдіру қажет.
Мұғалімдерді "қағазбастылықтан" арылтып, есеп беру жүктемесін азайту қажет. Біз тәжірибелі кадрларды бағалап, мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуіміз керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл үшін барлық тиісті шараларды қабылдауы тиіс", – деді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар ол  "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң жобасын әзірлеуді тапсырды. 

Ғылым және жоғары білім министрлігі "Атамекен" ұлттық палатасымен бірлесіп, бұл жұмысқа экономиканың түрлі секторларынан бизнес өкілдерін тартады.

Бұған қоса Смайылов Денсаулық сақтау министрлігіне медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, дәрігерлерге қатысты қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жөніндегі шараларды сапалы пысықтауыды тапсырды. 

"Бұл өзгерістер дәрігердің жауапкершілігін төмендетуге емес, оны қорғауға бағытталуы тиіс. Бесіншіден, бұқаралық спортты дамытуды, саламатты өмір салтын насихаттауды арттыру қажет. Сонымен қатар, жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін және қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару мен таратуды ұлғайту қажет. Мәдениет және спорт министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде орындауы керек. Туристік саланың әлеуетін арттыру үшін Мәдениет министрлігі инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сервисін жақсарту мәселелерін кешенді шешу жөніндегі шараларды әзірлеуі қажет", – деді Премьер-Министр. 

Әлихан Смайылов заңнаманы жетілдіру, оның ішінде елді-мекендерден тыс жерлерде және ұлттық парктердің аумақтарында инфрақұрылым салу ісі бойынша әкімдіктердің құзыреттерін заң аясында нақты бекітіп беру керек деп есептейді. 

Сонымен бірге ол аталған салаға кәсіпқой әрі білікті кадрлар тарту туралы айтты. 

"Ең басты мәселе – қолайлы туристік климатты қалыптастыру. Министрлік "Атамекен" палатасымен бірлесіп, осы салада бизнес жүргізу үшін барынша қолайлы жағдай жасау мәселелерін пысықтауы қажет", – деді Үкімет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу