Мұғалімдердің түнгі клубқа баруына бола ма? Педагог әдебі не дейді?

Біраз жылдар білім ошақтарының тізгінін ұстаған, орта білім беру саласындағы тәжірибелі менеджер, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бұл іске қатысты бір шикілік бар деп ойлайтынын айтты.

Мұғалімдердің түнгі клубқа баруына бола ма? Педагог әдебі не дейді? Фото: canva.com

– Негізі осы мұғалімдерді жұмыстан шығаруда бір шикілік бар деп ойлаймын. Өйткені мұғалімдер 2024 жылғы 8-9 қаңтарда себепсіз жұмыста болмаған деген ақпарат бар. Мұғалімдер мектеп директорынан 2024 жылғы 3-5 қаңтар күндеріне жұмыстан босатуды ауызша сұраған. Мектеп директоры аталған күндерге жалақысы сақталмайтын демалысқа өтініш жазуды ұсыныпты. Алайда мұғалімдер өтініш жазбаған және 2024 жылғы қаңтардың 3, 4, 5, 8, 9 күндері жұмыста себепсіз болмаған, – дейді ол. 

Депутаттың сөзінше, еңбек заңнамасында себепсіз жұмыстан қалған уақытта қолданылатын нақты шара бар.

– Қызығы сол жұмыста болмаған күндеріне акт жасалды. Акт хабарламалық хатпен тұрғылықты мекен жайларына жіберілді делінеді. Түркия елінде болған уақытында түнгі клубтағы педагог әдебіне жатпайтын әрекеттері видео түсірілімі әлеуметтік желілерге тарап кетті. Оны ұстаздар таратпаған, басқа адамның акаунтынан тараған. Дегенмен мектептің Әдеп кеңесінде аталған мұғалімдердің еңбек тәртібі және педагогикалық әдеп нормаларын сақтау мәселесі қаралыпты. Ұстаздар тәртіп бұзушылықтарын мойындап, кешірім сұрады. Бірақ негізгі шешім мектеп директорының 2024 жылғы 9 қаңтардағы №19, №20 бұйрықтарымен ұстаздар өз еріктерімен жұмыстан босатылды деп айтылады. Міне, осы тұста еңбек заңнамасы бұзылмауы шарт. Баласына түнгі клубтарда жүретін ұстаздардың сабақ беруіне кез-келген ата-ана қарсы болары түсінікті. Бірақ жағдайды жан-жақты зерделейтін болсак, ұстаздарымыз ол жерде тұрпайы мінез-құлық көрсетіп тұрған жоқ, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Ал мәдениетсіз мінез-құлық танытса, онда әңгіме басқаша болар еді.

– Шетелде трансвеститтердің шоуына түнгі клубқа барған мұғалімдердің жұмыстан босатылуына байланысты қоғамда азаматтар арасындағы профессионалды және жеке өмірі, кәсіби және жеке таңдауының аражігі туралы резонансты қарама-қайшылықты пікірлер толастар емес. Жалпы бұл жағдай педагогтердің жеке өміріндегі таңдау еркіндігі үшін еңбек құқығы қатынастарындағы әділдік мәселесіне байланысты деп ойлаймын. Бір жағынан, ұстаздарда кез келген басқа қызметкерлер секілді жеке өмірге қол сұғылмау және кемсітушілікке жол бермеу құқығы бар. Жұмыс уақытынан тыс уақытта трансвеститтер түнгі клубына бару ұстаздардың кәсіби біліктілігіне кері әсер етпесе, жұмыстан шығаруға негіз болмауы керек деп санаймын. Екінші жағынан, қоғам ұстаздарымыздан мораль мен этиканың жоғары стандарттарын күтеді. Дегенмен мораль мен этика қағидаттарын ұстануда заңды және заңсыз әрекеттерді, кәсіби және жеке өмірді ажырата білу өзекті, – деді ол.

Оның ойынша, мектеп директорлары мұндай жағдайда шешімді бекітпес бұрын мұқият жан-жақты зерделеуі шарт.

– Егер мұғалімдердің әрекеттері заңды бұзбаса немесе оқу процесіне кері әсерін тигізбесе, бірден жұмыстан кетіру әрекеттеріне бару тым артық. Еңбек заңнамасында ескерту, сөгіс беру секілді шаралар қарастырылғандығын ұмытпайық. Ұстаздар өздерінің тәрбиелік рөліне байланысты қоғамның сеніміне селкеу түсіретін жағдайлардан аулақ болуы шарт екені анық. Әлемнің 41 мемлекетінде білім реформалары саласында кеңесші болған Зерттеуші, ғалым Майкл Барбер білімнің сапасы деген ұғымға арнайы формула табады. Ол: (Білім + Ойлау + Көшбасшылық) Құндылықтар = Білім сапасы. Сондықтан мұғалім үшін этикалық құндылықтар өте өзекті деп ойлаймын.  Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының "Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі сондай болмақшы", – деген сөздері әр ұстаздың өмірлік қағидатына айналса деген тілек бар. "Педагог мәртебесі" туралы Заңның 5-бабы Педагогтік әдеп деп аталады. Аталған Заңға сәйкес, Педагогтік әдеп заңдылық, адалдық, жауапкершілік, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделеді, – дейді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу