Мұғалімдер Жаңа жылға қанша сыйақы алады?

169

Барлығы тікелей қаржыға келіп тіреледі.

Мұғалімдер Жаңа жылға қанша сыйақы алады? Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Сыйақы жалпы мектептің жылдық бюджетінің ішінде үнемделген қаржы есебінен ғана төленеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Тілшілер "Мұғалімдерге сыйақы беру мәселесі ішкі тәртіпке қатысты ма, басшылықтың шешіміне қатысты ма? Әлде мемлекет қаржысын үнемдеумен байланысты ма?" деп сұрады.

"Қазір педагогикалық мамандық ауылдық жерлерде жоғары жалақы алатын мамандықтың бірі болып есептеледі. Мемлекеттік мейрамдар қарсаңында барлық қызметкерлерге төленетін сыйақы әлбетте әр білім беру ұйымының, яғни мектептің жылдық бюджетіндегі үнемделген қаржы есебінен беріледі. Бізге келген ақпараттар бойынша, әсіресе, басқару формасы өзгерген, шаруашылық жүргізу құқығына ие болған мектептерде бұл жағынан жақсы үрдістер бар. Яғни, әр мемлекеттік мейрам қарсаңында педагогтерге белгілі бір мөлшерде сыйақы төленіп отыр. Тағы да қайталап айтайын, сыйақы тек қана жалпы мектептің жылдық бюджетінің ішінде үнемделген қаржы есебінен төленеді", – деді Орта білім беру комитетінің төрағасы.

Қаныбек Жұмашев білім беру жүйесінде вертикальді басқару жүйесі орныққанын баса айтты. 

"Мысалы, әр аудандық білім бөлімінің қаржысы бөлек-бөлек жасақталады. 
8 мың мектеп болатын болса, 220 аудандық білім бөлімдері осы мектептердің жылдық қаржы есептерін қабылдап, жаңа жылдағы қаржы қорларын бекітіп отырады. Сондықтан бұл тікелей сол ауданның немесе сол қаланың қаржылық түсімдеріне байланысты болады. Сыйақы мәселесі қай ауданда қаржы табу көзі көп болса, мектептерге тең бөліп берілсе, сол мектептерде сыйақы алу ықтималдығы жоғары. Тікелей қаржыға байланысты", – деп нақтылады Қаныбек Жұмашев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу