Мүгедектер қоғамының төрағасы Жоғарғы сотқа шағымданбақшы

2759

Оған 160 млн теңге бюджет қаражатын негізсіз жұмсады деген  айып тағылды. 

Мүгедектер қоғамының төрағасы Жоғарғы сотқа шағымданбақшы

"Лайықты өмір" атты мүгедектер қоғамына бірнеше жылдан бері төрағалық етіп келе жатқан қарағандылық Александр Ивкин кезінде облыс әкімінің кеңесшісі болған. Соңғы уақытта оның басынан дау арылмай жүр.

Наурыз айында оған 160 млн теңге бюджет қаражатын негізсіз жұмсады деген  айып тағылды. Істі қараған мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот  тамызда Александр Ивкинді қаражатты мемлекетке қайтаруға міндеттеген.

Белгілі болғандай, "Лайықты өмір" мүгедектерді оңалту орталығы қоғамдық бірлестігі тендер жеңіп алып, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен мүгедектердің көмекшілері арасында делдалдық қызмет көрсеткен. Сәйкесінше мүгедектердің көмекшілеріне ақша төлеп отырған. Кейін

мүгедектердің көмекшілері өздеріне тиісінше төленбегенін айтып, прокуратураға шағымданған.

Прокуратура Александр Ивкин мүмкіндігі шектеулі жандардың көмекшілеріне шын мәнінде аз айлық төлегенін, бірақ жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолдаған орындалған жұмыс актісінде басқа баға көрсеткенін анықтаған. Осылайша Александр Ивкин  2 жылда 160 млн теңге қаражатты басып қалған.

Таяуда Александр Ивкинге жалған құжат арқылы алаяқтық жасады деген тағы бір айып тақты. 2017-2018 жылдары Александр Ивкиннің жалақысы 500 мың теңге мен 1 млн 220 мың теңге аралығын құраған. Айыпталушы жалақысының жоғары болуын шетелге шыққан іссапарларының көптігімен байланыстырады.

"Мен өкінішке қарай, көмекшісіз жүре алмаймын. 2017-2018 жылдар аралығында шетелге, іссапарға  көп шықтық. Менің айлығымда өзімнің және көмекшімнің шығыны көрсетілген", – деп ақталды "Лайықты өмір" атты мүгедектер қоғамының төрағасы.

Оның сөзінше, қоғамдағы белсенділігі басына таяқ болып тиіп отыр.

"2004 жылы мүгедектерге жеңілдік жасау мен оңалту бағдарламалары туралы заңдардың қабылдануына үлес қостым. Сот 160 млн теңгені бюджетке төлеу туралы талап қойып отыр, ал біз 2 жыл ішінде табыс салығы ретінде мемлекетке 100 млн теңге төледік. Менің қолымда құжаттар бар, қаражат негізсіз жұмсалған жоқ. Мен барлығын дәлелдеп бере аламын", – деді Александр Ивкин.

Мүгедектер қоғамы төрағасының сөзінше, мүмкіндігі шектеулі жандардың көмекшілеріне сағат бойынша төленетін қызмет ақысының мөлшері заңмен нақтыланбаған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді. Сондықтан Жоғарғы  сотқа шағымданып, халықаралық сотқа жүгінбекші.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу