Кәсіпкер, экономика ғылымдарының кандидаты, көпшілікке өзін "ұлтшылмын" деп таныстыратын Мұхтар Тайжан өзінің экс-досы кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевты сотқа берді. Бұл туралы қоғам белсендісі өзінің желідегі парақшасына жазып, жанжалдарының заң шеңберінде өрбитінін мәлімдеді.
"Бизнесте де, қоғамдық жұмыста да өз сөзіңе, ісіңе жауап беру керек. Сәуірде сен мен және менің отбасыма қатысты жалған пост жарияладың. Сол кезде менімен дебат ұйымдастырып, өз пікіріңді дәлелдеуді ұсындым. Бірақ сен дебатқа шықпадың", – деп жазды Мұхтар Тайжан.
Бұдан бөлек кәсіпкер сәуір айынын бері жалғасып келе жатқан жағдайға байланысты Марғұлан Сейсембаевты сотқа кеш беруінің себебін пандемиямен байланыстырды. Енді ол осы даудың нүктесін қоюға бекініп отыр.
"Енді мен туралы сөздеріңді ресми түрде сот алдында дәлелдеуге мүмкіндік беремін. Егер сен мұны істей алмасаң бұрынғы "қаһармандығыңа" тағы бір өтірікші деген жетістік қосылады. Бұған қоса мен қайырымдылық мақсатта бағыттайтын 10 млн теңге айыппұл тағы бар", – деп жазды Мұхтар Тайжан.
Қос кәсіпкердің дауы сәуір айында басталған. Марғұлан Сейсембаев желідегі парақшасында өзінің экс-досы Мұхтар Тайжан туралы пост жазып, қарсыласы пияз бизнесіне салған қаражатын ысырап қылғаны туралы мәлімдеген. Сол кезде ол шығын сомасы 95 000 доллар көлемінде деп нақтылады.
"Сен неге маған дәл қазір шабуыл жасаудасың, әдеттегідей хайп жасап, менің арқамда өзінің танымалдығыңды арттырғың келді ме? Әлде "саяси қарсыласыңды" алып тастағың келіп немесе сені тағы да сатып алды ма? Бірінші рет мен сені Facebook-тен байқадым. Сол кезде сен маған шын жүректен өз елі үшін жаны күйетін адам болып көріндің. Кездесуде сен маған пияз бизнесімен бірге айналысу туралы ұсыныс жасадың. Мен сені қолдамақ болып, пияз сатып алуға 95 000 долларға инвестиция салдым. Табыс 50/50. Пияз бизнесінде мен толықтай шығынға батып, ақшамнан айырылдым", – деген еді Сейсембаев.
Бұған қоса ол Мұхтар Тайжанның ұлының Америкадағы оқу ақшасын төлегенін, отбасын асырауға көмектескенін жазған. Қорыта келе "Сеймар" иесі бұрынғы досы оған 237 000 доллар қарыз деп мәлімдеді.
Мұхтар Тайжан бірден жауап қатып мәселенің анық-қанығын сотта дәлелдейтінін хабарлады.
"Марғұлан Сейсембаевтың маған қатысты постын қарап шықтым және мен қазір де, жалпы да оған бір тиын қарыз болмағанымды мәлімдеймін", – деді ол.
Құралай Құдайберген