Мұхтар Жәкішев Қазақстанды дағдарыстан құтқаруға атсалысу үшін билікке қандай шарт қоятынын айтты

30098

"Маргинал" топқа мүмкіндік берсек, мақтанышымызға айналады".

Мұхтар Жәкішев Қазақстанды дағдарыстан құтқаруға атсалысу үшін билікке қандай шарт қоятынын айтты

"ҚазАтомӨнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті, белгілі кризис-менеджер Мұхтар Жәкішев "Байтасов LIVE" Youtube каналына қаңтар трагедиясы туралы кең көлемді сұхбат берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Қаңтар трагедиясы халықтың арасына жік салып кетті"

Сұхбат беруші әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен келіп түскен сауалдарға жауап бере отырып, бүгінгі билікпен экономиканы реформалау бағытында жұмыс істеу үшін қандай шарт қоятынын айтты.

"Егер сізге Үкіметте кез келген позицияда жұмыс істеуді ұсынса, келісесіз бе?", – деп сұрады Арманжан Байтасов.

"Тек бір жағдайда ғана. Егер менің қызметім шынымен де реформаларға жол ашатын болса, барамын. Ал егер халық сенім артатын адамның символы ретінде жұртты тыныштандыру үшін шақырса, тек осындай мотивпен ұсынса, "жоқ" деп айтамын. Үзілді-кесілді келіспеймін. Менің қолымда білім мен репутациям ғана бар. Сол білімім мен репутациямды жұмыс жүріп жатқандай елес туғызуға немесе қызмет үшін жұмсағым келмейді. Мені қызмет те, лауазым да қызықтырмайды. Ешқашан қызықтырған емес. Қазіргі жағдайда тіптен қызықты емес. Егер менің қызметке баруым елдің пайдасына қызмет етсе, жылдам реформаға әкелетін болса, иә, мен дайынмын. Ал мұның бәрі құр сөз ғана болып шықса, ешқандай жағдайда келіспеймін. Оған уақыт шығындағым келмейді", – деді Мұхтар Жәкішев.

Сондай-ақ ол елде жағдай ушыққан кезде өзінің коронавируспен екінші рет ауырып жатқанын, қарапайым халықтың зардап шеккенін көргенде қатты қиналғанын айтты.

"Бұл оқиғалармен байланысты тағы бір орасан проблема бар. Ол – қоғамның ыдырауы. Осы оқиғалардан кейін біз білімі барлар мен білім жоқтар деп, қалалық, ауылдық, қала маңындағылар деп, маргниалдар мен бақуаттылар деп бөлінетін болдық. Құқық қорғаушылар бір жақта, ереуілшілер бір жақта, бейбіт тұрғындар бір жақта қалды. Елде қандай да бір реформа жүргізу үшін қоғамның топтасуы керек деп ойлаймын", – деген кәсіпкер кезінде "ҚазАтомӨнеркәсіпте" осыған ұқсас оқиға болғанын еске алды.

"Маргинал" деп жүргендеріңіз Марстан түскен жоқ

"Тіпті оны әлеуметтік эксперимент деп қарауға да болады. 2007 жылдың жазы болатын. Мен Еуропа елдерінің бірінде іссапарда жүргенмін. Таңғы сағатта төрттердің кезінде қоңырау түсті. Елдегі әріптестерім екен.

"Мұхтар Еркінұлы, проблемаға тап болдық" деді. Не болғанын сұрадым. Біз Қызылорда облысында жапондықтармен бірге кеніш салып жатқанбыз. Кен орнына жақын жердегі Байкенже деген елді мекеннің тұрғындары түнде құрылыс алаңына келіп, топтасып төбелес жасаған.

"Вагондарды өртеп, құрылыстарды қиратып кетті. Сондықтан қазір ауылдың ішінде жүрміз, полиция шақырдық. Төбелеске қатысқандардың бәрі ұсталды. Енді солардың үстінен шара қолданбақшымыз", – деп менен нұсқау сұрады.

Тұрғындардың талабы қандай деп сұрап едім, маргинал топтар ішіп алып, бұзықтық жасаған деп түсіндіре бастады. Жергілікті милицияның бастығымен де сөйлестім.

"Мұхтар Еркінұлы, бұл Байкенже ауылының жастары шетінен спортшы. Бүкіл Қызылорда облысына кримминалдық күш жолдап отырған ауыл бұл. Мұндай маргинал ауылға қазір қатаң шара қолданбасаңыз, келешекте үнемі осындай шабуылға тап келесіздер. Оның үстіне бұл кәсіпорынды жапониялықтармен бірлесіп салып жатырсыздар. Уранның қауіп тәуекелі және бар", – деп кеңес берді.

Мен сондағы әріптестерімнің де ойын сұрадым.

"Біз ауылдың өзінде халық сотын өткізбекшіміз. Төбелеске қатысқандарды халықтың алдында заңдағы ең үлкен мерзімге соттағымыз келеді. Сол арқылы маргинал топтарды жермен-жексен етейік. Бәлкім сонда ауылдың басқа тұрғындары кейін біздің нысандарды қиратпас бұрын 100 рет ойланатын шығар", – деді.

Мен оларға былай деп жауап бердім.

"Егер жазалағалы жатқандарыңыз Марстан келген болса, мен сіздермен келісер едім. Бірақ бұл Марстың тұрғындары емес қой. Бұлар сіздердің отандастарыңыз. Түптеп келгенде осы кенішті де солар үшін салып жатырмыз. Біз ұлттық компаниямыз. Не салсақ та, өзіміз үшін емес, халық үшін саламыз. Мұны түсіне алмасаңыздар, бұл олардың емес, біздің кемшілігіміз. Екі сағаттан кейін мәселені шешудің басқа жолын ұсыныңыздар. Сол ұсыныстың қорытындысы бойынша дұрыс әріптестермен жұмыс істеп жүгеніме көз жеткізетін болайын", – деп талап қойдым.

Таңғы сағат 6.00-де оянып, өзім хабарластым.

"Біз ақсақалдарды жинадық. Олар бізге жастардың келешекте мұндай бассыздыққа бармайтынына кепілдік беріп отыр. Есесіне біз әлгі спортшы жастардың бір бөлігін арнайы дайындықтан өткізіп, "ҚазАтомӨнеркәсіптің" күзет қызметіне жұмысқа алатын болдық. Кеніште құрылыс салып жатқан компанияларды біліктілікті талап етпейтін қара жұмысқа осы ауылдың жастарын бірінші кезекте алуға міндеттедік. Халық арасында сауалнама жүргіздік. Біздің кәсіпорында жұмыс істегісі келетіндерді техникалық училищемізде оқытып, дала мамандары ретінде жұмысқа алуға келістік. Мектеп мүлде ескірген екен. Жаңа мектеп салатын болып уағдаластық. Ауызсу сапасы төмен екен, жаңа ұңғыма қазып, суын тазартамыз. Жастары спортшы болғанымен спорт алаңы ескіріпті, оны да жаңадан салып, қажетті жаттыуға құралдарын әкелетін болдық. Ал бапкерлерді ауылдағы кәнігі спортшылардан жасақтаймыз", – деген ұсыныс айтты.

Кейін біз оған балабақша салу жоспарын қостық. Өйткені ауылдың өскелең буыны жақсы білім алып шығуы қажет еді. Оларға біз жоғары техникалық білім беріп, инженер ретінде жұмысқа алуымыз керек еді. Бүгін жастары дала маманы болып жұмыс істесе, олардың інілері мен балалары инженер болуы керек деген мақсат қойдық. Қысқасы, мен әріптестерімнің ұсынысын мақұлдадым. Құр сөз болып кетпес үшін жуықта сондағы адамдарға хабарласып, анықтадым. Сол кезде ойластырған жоспардың бәрі істелген екен.

2009 жылдың ақпанында, мені қамауға алардан бірнеше ай бұрын ғана әлгі жапониялықтармен бірлескен кәсіпорынды аштық. Сол кезде Toshiba компаниясының президенті Ишидо мырза бір қызық ой айтты.

"Жәкішев мырза, жапон жұмыскері мен қазақ жұмыскері бір-біріне өте ұқсас екен. Осы жерде бір оқиғаға куә болдым. Машина өткенде дөңгелегінен цехтың қабырғасына батпақ шашырап кетті. Ал сол жерден өтіп бара жатқан жұмысшы сүрткіш әкеп, шашыраған батпақты сүртіп кетірді. Еуропаның ешбір елінде, Америкада да ондайды көрген жоқпын. Америкалық жұмысшы да, еуропалық жұмысшы да келісімшартта жазылған міндетінен басқа жұмыс істемейді. Жапондар ғана сондаймыз деп жүргем. Бүгін қазақтар да сондай екеніне көз жеткіздім. Бұл қазақ жұмысшысы да, жапон жұмысшысы да өзі еңбек етіп жүрген кәсіпорынға туған үйіндей қарайды деген сөз", – деді.

Әлгі жапондарды таңғалдырған жұмысшы Байкенже ауылының тұрғыны болып шықты. Екі жыл бұрын бұл адамға "қылмыстан басқа ештеңеге зауқы жоқ маргинал" деген баға берілген еді. Мен әріптестеріме қарап "Toshiba президентінің айтқаны ұнады ма" деп сұрадым, "Иә" деді. "Ал сол сөзді айтқызған жұмысшыны кезінде сіздер жермен жексен етпекші болып едіңіздер ғой", – дедім.

Осылайша, біз болашағын жоққа шығармақ болған, өзгеру мүмкіндігінен айырмақ болған адам кәсіпорынның абыройын асырды.

Мен мұны неге айтып отырмын. Қаңтардағы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде маргинал топтардың көбейгені туралы айтушылар қаптап кетті. Біз мұны қазір шешілмейтін мәселе сияқты көріп отырмыз. Олардың болашағына қара құлып қойып, өзгере алмайтындай етіп сипаттап жатырмыз. Байкенже ауылының мысалы адамға болашақты, даму мүмкіндігін нұсқаса, маргиналдың мақтанышқа айналатынын көрсетеді. Байкенжедегі оқиға биыл қаңтардың басында болған оқиғамен өте ұқсас. Жалғыз айырмашылығы – ол ауылда бұл жолғыдай бейбіт шерушілер болмаған еді. Төбелеске қатысқандардың бәрі қазіргі риторикамен айтсақ, "терорристер, "мародерлер" еді. Бірақ біз оларға мүмкіндік бердік. Ал олар берілген мүмкіндікті таңғалдырып ақтады".

"Алпауыт компаниялардың акциясын теңдей тарату популистік емес"

Сұхбат барысында Мұхтар Жәкішев Қазақстанның қазба байлығының арқасында ауқымды капитал ұстап отырған ұлттық компаниялар мен қорлардың акциясын 19 млн халыққа теңдей үлестіріп беру бастамасы ешқандай популизм емес деген пікір айтты. Бұл керісінше халықтың биржаға келуіне, ел экономикасын түзіп отырған компаниялардың жұмысына, қабылданған шешімдерге сергек қарап, әсер етуге жол ашатын көрінеді.

Қаңтар трагедиясының триггері болған сұйытылған газдың ішкі нарыққа жеткіліксіз бола бастағаны туралы уәждің де негізсіз екені айтылды. Оған Мұхтар Жәкішев Энергетика министрінің орынбасары ретінде 4 ай жұмыс істеген кезде көз жеткізген.

"Мұнай мұнараларынан жалын боп ұшып жатқан ілеспе газдың бәрін мұнай өндіріп отырған компаниялар босқа жақпай, қайта өңдеген болса, совет заманынан қалған ескі зауыттарға арқап сүйеп отыра бермей жаңа зауыттар салынған болса, бүгінгі қасірет болмауы да мүмкін еді", – деді экономист.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу