Мұнай нарығында не болып жатыр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
18422

Биыл "қара алтын" құны былтырғыға қарағанда төмен бірақ тұрақты болады.

Мұнай нарығында не болып жатыр

Өткен аптада Брент маркалы мұнай бағасы барреліне 68,50 долларға дейін жетіп, апта соңын 67 доллардың айналасында қорытындылады. Осылайша мұнай бағасы өткен аптада 2018 жылдың қарашасынан бергі максимумға қымбаттаған. Оған АҚШ-тың Венесуэлаға санкциясы, доллардың өзіндік құнының арзандауы, АҚШ энергетика агенттігінің мәлімдемесі және ОПЕК айналасындағы соңғы жаңалықтар ықпал етті.

Мұнай экспорты санкциясыз да тоқтап қалды
Алдыңғы аптада АҚШ-тың Венесуэладағы арнайы елшісі Элиотт Абрамс алдағы уақытта Құрама Штаттар Венесуэлаға ірі санкциялар қабылдайтынын хабарлаған. Абрамс  айтып аузын жиғанынша, мұнай бағасы 67 доллардан аса бастады.  

Абрамс нақты қандай шара  қабылданатынын айтпағанымен, АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуромен байланысы бар кей азаматтарға берілген визаның күшін жоюы мүмкіндігін мәлімдеді.

"Қаржы ұйымарына қосымша санкциялар қабылданып, кей визалардың күші жойылады", – деді елші.

Айта кетейік, өткен дүйсенбіде Венесуэла парламенті елде төтенше жағдай жариялаған. Оған себеп электр қуатының өшуі мен соның кесірінен мұнай экспортының тоқтауы еді. Нәтижесінде миллиондаған халық азық-түліксіз қалған.

Доллардың өзіндік құны арзандады
Сәрсенбіде АҚШ долларының бағамы төмендеді. Оған себеп Федералды резерв жүйесінің доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтеруді тоқтата тұруы мен ел экономикасының соған сай төмендеуі. Ресми есепте көрсетілгендей, ақпан айында АҚШ-тағы баға болмашы көбейіп, өндірушілер бағасының инфляциясы тұтынушылық инфляцияға жақын болған, яғни елдегі жалпы инфляциялық қысымның төмендегенін көрсетеді.

Қаңтар айында АҚШ-тағы ұзақмерзімді пайдалану тауарларының өндірісіне берілген тапсырыстар соңғы алты айдағы максимумға көтерілгенімен, жыл басында ел экономикасының бәсең өсімін өзгерте алмай отыр. Экономикалық өсімнің бәсеңдеуі мен әлсіз инфляция ФРЖ басшысы Джером Пауэллдің базалық мөлшерлемені көтеруіне мүмкіндік бермей отыр. Нәтижесінде АҚШ долларының еуро және фунтқа шаққандағы бағамы айтарлықтай төмендеп кетті. Осының бәрі мұнайдың қымбаттауына да әсер етпей қоймады.

Болжам қате шықты
Өткен сәрсенбі шыққан тағы бір есепте, АҚШ энергетика министрлігінің энергетика мәліметі басқармасының баяндамасында елдегі мұнай қорының кенеттен азайып кеткені айтылады. Басқарманың ресми есебінде соңғы аптада АҚШ-тағы шикі мұнай қоры 3,86 млн баррельге азайғаны көрсетілген.

Осының алдында сарапшылар бұл уақытта шикі мұнай қоры керісінше 2,66 млн баррльге көбейеді деп болжаған еді. Алдыңғы аптада мұнай қоры 7,07 млн баррельге ұлғайғаны белгілі. Сонымен қатар соңғы аптада елдегі жанармай қорының да 4,62 млн баррельге кемігені анықталды. Ал өткен аптадағы көрсеткіш тек 2,53 млн баррельге азаяды деп жорамалданған еді.

Жалпы, АҚШ энергетика министрлігі 2019 жылы елдегі мұнай өндірісінің бұрын айтылғандай 12,4 млн баррель емес, 12,3 млн баррель болатынын болжап отыр. Бұл да қара алтынның қымбаттауына түрткі болғаны анық.

ОПЕК оптимизмін жоғалтар емес
ОПЕК елдері мен оған мүше емес мұнай экспорттаушы мемлекеттер екі жылдан артық уақыттан бері өзара келісіп мұнай экспортын азайтып жатқанына қарамастан нарықта әлі баланс орнамай тұр. Оның үстіне АҚШ-тың өндірісі жыл санап артып келе жатқаны онсыз да қымбаттата алмай отырған қара алтын құнын одан сайын төмен тарта берді.

Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид әл-Фалих нарықтағы ұсыныс пен сұранысты теңестіріп, бағаны көтеру үшін ОПЕК+ шартының жалғаса беретінін айтып, Саудия алдағы уақытта мұнай өндірісін 10 млн баррельге түсіретінін мәлімдеді. Келісімнің негізгі екі ірі мүшесі Саудия мен Ресей мұнай өндірісін қысқартуды кемінде маусым айына дейін жалғастырмақ. Ал Саудия сәуір айынан бастап экспортты тәулігіне 7 млн баррельге азайтуға бекініп отыр. Дегенмен, қазіргі таңда Саудиядан мұнай сатып алатын елдерге тәулігіне 7,6 млн баррель қажет. Ал Саудия әдейі қолдан тапшылық жасамақ. Ақпарат құралдарының мәліметінше, Сауд Арабиясы 2019 жылдың екінші жартысында да келісімді сақтап, өндірісті азайта бермек.

Өз кезегінде Ресей де келісімді артығымен орындап, бағаның көтерілгеніне мүдделі болып отыр. Ал тағы екі ірі экспорттаушы Венесуэла мен Иран ОПЕК+келісімінсіз АҚШ қысымымен бар мұнайларын сата алмай отырған жайы бар.

Нарықтың тағы бір ойыншысы Біріккен Араб Әмірлігінің мұнай министрі Сүхейіл әл-Мазруи ОПЕК+ келісімінің бүгінге дейін 119%-ға орындалғанын айта келіп, Әмірліктің өндірісті тағы 115 мың баррельге азайтатынын айтып, нарықта баланстың орнап келе жатқанын мәлімдеді.

Қазақстан өндірісті азайтудың орнына көбейтіп жатыр
Мұнай өндірісін тежеу туралы ОПЕК+ келісімін орындамай отырған мемлекет тек Қазақстан секілді. Бірер күн бұрын министр Бозымбаевтың өзі Қазақстанның аталған келісім аясында тәулігіне ары кетсе 1,885 млн баррель өндіруі тиіс екендігіне қарамастан, жыл басынан бергі орташа өндіріс 1,88 млн баррельді құрайтынын айтып, көрсеткіштің уақыт өткен сайын өсіп келе жатқанын мойындады. Мәселен, қаңтарда өндіріс көлемі тәулігіне 1,885 млн баррель болса, ақпанда көрсеткіш 1,893 млн баррельді құрады. Дегенмен, жылдық көрсеткіште өндіріс былтырғыдан 1,4 млн тоннаға азаятыны бұрын айтылған. 2018 жылы 90,4 млн баррель қара алтын шығарған Қазақстан биыл 89 млн-нан аспырмайын деп тұр. Оның өзінде бұл ОПЕК келісімін сақтау үшін емес, Теңіз бен Қашағанда жөндеу жұмыстарын жасайтын болғандықтан, өндірісті бұдан асыруға мүмкіндік болмайын деп тұр.

Министрдің өзі де Қазақстанның бар болғаны 20 мың баррель артық өндіріп жатқанын айта келіп, алдағы уақытта шарт талаптарын орындауға тырысатынын және өндірісті тәулігіне 40 мың баррельге азайтатынын айтты. Бұл Қазақстанның ОПЕК+ шартын алғаш рет бұзуы емес, келісім қабылданғалы бері екі жылдан артық уақытта келісімге мүше мемлекеттер бірнеше рет Қазақстанның келісімге кемқұрайлы қарап, міндеттемесін айналып өтуге тырысатынын айтып шағымданған еді.

2019 жылы орташа баға қандай болады?
2018 жылы мұнай бағасының тарихтағы ең құбылмалы қуаты болғаны анық. Жыл басын 65-70 доллардың айналасында бастаған қара алтын құны күзге қарай 80 долларға дейін шақындап, желтоқсанның басында 53 долларға дейін түсіп кетіп, жылды 60 доллармен жапқан. Осылайша, жылдың орташа бағасы шамамен 72-73 доллар айналасында болды.

Биыл баға алпыс доллардан төмен түспеуі мүмкін дегенімен, орташа баға былтырғыдан анағұрлым төмен болатыны анық. Нарықтың екі айдан бергі салыстырмалы түрде тұрақтылығы сала мамандарының болжам жасауына мүмкіндік беріп отыр.

Мәселен, АҚШ энергетика агенттігі 2019 жылдың орташа бағасын 63 доллар деп болжаса, Дүниежүзілік банк биылғы бағаның 67 доллар болатынын хабарлайды. АҚШ энергетика агенттігі бірнеше институттардың ішіндегі ең пессимистік жорамал болса, Дүниежүзілік банктің болжамы ең жоғары көрсеткіш. Яғни биыл баға 63-67 доллар дәлізінің ішінде болуы тиіс. Бұлардан бөлек Goldman Sachs секілді инвестициялық банктер де өз жорамалын жариялап отыр. Аталған банк орташа бағаның 65 доллар болатынын айтады.

Жалпы, 2019 жыл мұнай нарығында соңғы бірнеше жылдың ішінде ең жайлы және тұрақтысы болғалы тұр. Екі айдан бергі бағаның айтарлықтай ауытқымауы мен нарық қатысушыларының ұзақмерзімді жоспары және геосаяси ахуалдың бір соқпаққа түсуі қара алтын құнын қалыпты жағдайда ұстап тұр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу