Мұнай өндіру көлемінің жылдық жоспары орындалмайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
19356

Алдағы 2 айда елімізде тәулігіне 390 мың баррель мұнай өндіріледі.

Мұнай өндіру көлемінің жылдық жоспары орындалмайды

Осы жылдың I тоқсанында елімізде 23,6 млн тонна мұнай және конденсат өндірілді. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың сөзінше, бұл оң көрсеткіш.

"Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұнай өндірісінің жалпы өсімі - 2,7% -ды құрады. "Теңіз" кен орнынан алынған мұнай - 2,6%-ға, Солтүстік Каспий жобасынан игерілген мұнай - 22%-ға және "Қарашығанақтан" өндірілген мұнай - 6,6%-ға артты", – деді Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, мұнай өңдеу көлемі 4 млн 30 мың тоннаға жетіп, бензин өндіру - 27%-ға, дизель өндіру - 2,8%-ға ұлғайды.

Алдын ала құрылған жоспарға сәйкес, биыл елімізде 90 млн тонна мұнай өндірілуге тиіс еді. Алайда әлемдік мұнай нарығында қалыптасқан

қазіргі жағдай мұның мүмкін емес екенін, яғни жоспардың орындалмайтынын көрсетіп отыр. Бұған ОПЕК+ ұйымына мүше және мүше емес мемлекеттердің 1 мамырдан бастап жаһандық мұнай өндіру көлемін 2 ай тәулігіне 9,7 млн баррельге қысқарту туралы шешімі және бұл шешімді Қазақстанның құптауы негіз болды.

"2020 жылы мұнай өндіру көлемін 90 млн тоннадан 84,5 млн тоннаға дейін төмендету қарастырылуда", – деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, біздің ел ОПЕК+ ұйымының соңғы келісімі аясында алдағы 2 айда мұнай өндірісінің көлемін тәулігіне 390 мың баррельге қысқартады.

Біле жүріңіз, бұған дейін елімізде мұнай өндірісіне қатысты амбициялық жоспар құрылды. "Теңіз", "Қарашығанақ", "Қашаған" кен орындарын кеңейту, сондай-ақ теңіздегі кен орындарын пайдалануға беру есебінен өндіріс көлемін 2024 жылы 100 млн тоннаға жеткізу көзделді.

Естеріңізде болса, 12 сәуірде ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді қысқарту туралы тарихи шешім қабылдады. Себебі бұл әлемдік мұнай индустриясының тарихындағы мұнай өндірісінің көлеміне қатысты ең ірі ұжымдық қысқартудың бірі болды.

Бұл келісім 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін жарамды болады. Мәміле мерзімін одан ары қарай ұзарту мәселесі 2021 жылдың желтоқсанында талқыланады.

Өздеріңіз білетіндей, ОПЕК+ ұйымының соңғы жиынында Сауд Арабиясы мен Ресей Федерациясы мұнай өндірісінің көлемін мамыр, маусым айларында тәулігіне 2,5 млн баррельге қысқартуға уағдаласып, Мексикаға өндіріс көлемін тәулігіне 400 мың баррельге азайтуды ұсынды. Мексика мұнай өндірісін тәулігіне 100 мың баррельге ғана қысқарта алатынын мәлімдеді. Мәселені АҚШ президенті Дональд Трамп шешті. Ол Мексика қысқарта алмаған өндіріс көлемін АҚШ өз мойнына алып, мұнай өндірісін тәулігіне 250 мың баррельге азайтатынын айтты.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу