Мұрат Әйтенов: BI Group Шымкентке 135 млрд теңге инвестиция салғалы отыр

2342

Ипподромды көшіру мәселесі халықпен келісіп шешіледі.

Мұрат Әйтенов: BI Group Шымкентке 135 млрд теңге инвестиция салғалы отыр

Шымкенттегі ипподромды қаланың шетіне көшіру идеясы BI Group компаниясының мүддесі үшін ғана жасалып жатқан жоқ па? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Мұрат Әйтеновке осы мәндегі бірнеше сауал қойылды.

Әкімнің айтуынша, 40 жыл бұрын қолданысқа берілген атшабар қазір шаһардың  ортасында тұр. Кейінгі 10 жылда қаланың шетіне көптеген үй салынып, шеткі көшелер орталық көшеге айналған. Осының өзі ипподромды көшіруге айтарлықтай себеп бола алатын көрінеді.

"Негізі бұл мәселе әлі нақты шешілген жоқ. Мұның бәрі заң түрінде шешілетін мәселе. Қазір зерделеу жұмыстары мен техникалық-экономикалық құжаттары жасалып жатыр. Осыдан кейін қоғамдық келісімнен өтуі керек. Сол кезде қаншалықты заңға сәйкестігін көреміз. Қазіргі тұрған ипподромның жағдайы өте нашар. Не әлемдік, не республикалық стандартқа сәйкес келмейді. Ол жерде жарыс өткізудің өзі мүмкін емес. Өйткені орналасқан жері де қазір жарыс өткізуге жарамайды. Сол себепті ипподромды Бозарық елдімекеніне көшіру жобасы қаланың жоспарында бекітілген. Осы іс-әрекеттің бәрі осындай себептермен басталған",  деген әкім құрылыс компаниясына жер босату үшін саябақ сүрілмейтінін айтты. 

"Бұл ипподром салынған кезде қаланың шетінде тұр еді. Тіпті осыдан 5-6 жыл бұрын ол жерде үй болмаған. Қазіргі кезде бұл қаланың орталығына айналып бара жатыр. Ал саябаққа келсек, оның маңайында көпқабатты үйлер салынуы керек. Әйтпесе қазір ол күндіз бос тұр. Саябақты ел қолдану үшін маңайында халық болуы керек",  деді ол.

Қазір ипподром тұрған аудан қаладағы ең бір қарқынды дамып келе жатқан бөлік болып саналады. Айналдырған 4-5 жылдың ішінде тұтас бір аудан пайда болғанын көрген инвестор осы аумақтан бірнеше тұрғын үй кешенін салып, салған инвестициясын бірнеше еселеп қайтаратынына сенімді сияқты. Олай дейтініміз, ескі атшабардың орнына жаңасын салуды өз мойнына алып отырған көрінеді.

"Бізге келген инвестордың ең басты ұсынысы – 135 млрд теңге инвестиция салмақшы. 500 мың шаршы шақырым баспана салады. Үйдің өзі заманауи, "ақылды үй" ретінде салынады. Сондай-ақ, өз есебінен 2,2 млрд теңге ақша шығарып, жаңа ипподром салып береді. Ал қасында тұрған "Тұлпар" қоймасуды абаттандырады. Үйлер салынатын жерді 3,5 млрд теңгеге сатып алады. Одан басқа 15 млрд теңгенің салығын төлеп, 9 мың жаңа жұмыс орнын ашады. 135 млрд теңгенің мультипликативті әсері болады. Сол себепті бұл мәселені тартымды инвестиция деп қарадық. Бірақ заң жолы бар. Әзірге бұл инвестордың ұсынысы ғана. Өздері құжаттарымыздың бәрі талапқа сай деген. Соны біз тексеріп жатырмыз. Қаңтар айында біз нақты шешім шығарамыз деп ойлаймын",  деді Мұрат Әйтенов. 
 
Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу