Мұсағалиевтің бұл қай мазағы?

3525

Ғаламтордағы youtube тұғырнамасында жарияланған қос қазақтың бейнежазбасы Қазнетті жарып жібере жаздады. Көрген жұрттың көбі жастар арасында сыйлы "кумирдің" масқара қылығына жаға ұстады.

Мұсағалиевтің бұл қай мазағы?

Биылғы 23 маусымда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында әлемнің әр атырабындағы 39 елден келген қандастарымыз шетелдегі қазақтардың қатты ассимиляцияға түсіп, әсіресе жастары өзге ұлттардың бодауында кетіп жатқанына, салт-дәстүрін, тілін, тіпті дінін тәрк етушілердің көбейгеніне алаңдаушылық білдірген болатын.

Осының дәлеліндей, интернетте бір бейнежазба жарияланды. Астрахань (бұрын тарихта "Аштархан" аталған) қазақтары арасынан шыққан, "Камызяк өлкесінің құрамасы" атты КВН командасының капитаны, ресейлік Азамат Мұсағалиев пен ТНТ телеарнасындағы Stand Up жобасының резиденті, қазақстандық әзілші Нұрлан Сабуров ресейлік ТНТ арнасының проморолигіне түскен екен.

Бейнетаспада Нұрлан Азаматқа қазақ тілінде тіл қатып, амандық-саулық сұрайды. Бірақ дені дұрыс, әдемі әзіл-оспақпен жауап беру орнына Мұсағалиев оның айтқанын әжуалап, кездейсоқ құралған әріптерден тұратын түсініксіз сөздерді аузынан "лақ еткізіп", төге салады.  

"Сәлем – сөздің анасы" дейді қазақ. Сәлемге дұрыс жауап бермеу – не дарақылықтың, не әулекі-әумесерліктің белгісі.

Әйткенмен, елдің көңілін қалдырғаны бұл емес. Осыдан кейінгі түсініктемесінде Азамат ресейлік және орыс тілді халықаралық қалың аудиторияға қазақ тілін "адам түсінбейтін былдыр-батпақ бірдеңе" ретінде көрсетпек болады.

Диалог былай құрылған: 

– Азамат, өзің қалайсың, денсаулық қалай? – деп сұрайды қазақ тілінде Нұрлан Сабуров.

– Курлы-мурлы, курлы-мурлы... – деп бет-аузын қисайтып, ыржалақтай жауап қатады Азамат Мұсағалиев.

– А что это значит? – деп қайран қала сұрайды Нұрлан Сабуров.

"КВН"-шы Азамат оған одырая қарады:

– В смысле? А у тебя что-то значило? Я думал, что мы просто прикалываемся…

Бір қарағанда, ыржалақтап, қоя салатын нәрсе сияқты. Бірақ бейнероликті көрген және Азаматтың тыжырынған түрі мен кекесінді ым-интонациясынан астарлы ойды жақсы түсінген жұртшылық бұл жерде негізгі нысана тілді қорлауға бағытталып отыр деп нақты ұғынды. Оның үстіне бұл бейнежазба "проморолик" болғандықтан, ол жарнама ретінде әлгі арнадан және ғаламтордан кең насихатталмақ.

Әрине, пікір қалдырған кейбір адамдар бұл жерде бар жауапкершілік проморолик сценарийін құрған ресейлік телеарна мамандарының мойнында екенін айтып, "КВН"-шыны ақтауға тырысады.

Бірақ бұл жердегі мақсат та әу баста қазақ тіліне қатысты келемежді қазақтың аузынан айтқызу, және көшедегі көлденең біреудің аузымен емес, посткеңестік кеңістік жастары арасында беделді қазақтың аузынан айтқызу болса керек. Демек, егер ұлтын сыйлағанда, намысы болғанда, Азамат Мұсағалиев 14 секундтық бұл даулы промороликке тұсуден бас тартуға тиіс еді. Сол себепті де пікір қалдырған тек қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлемдегі өзге де қандастарымыз оның ұлттық сана-сезім мен намысты ақшаға айырбастағанына, азамат басын арзандатып алғанына налуда.

Жұртшылық Нұрлан Сабуровқа да көңілтолмастық білдіруде. Азаматтың қияңқы мазағынан кейін ол тек қасын кере қайран қалған түр танытады да, сонымен қоя салады. Әрине, сценарий бойынша қарсы жауап қатып, Азаматты ақылға келтіру қарастырылмаған шығар, бірақ тілдің келемежге ұшырайтынын Нұрлан да сценарийден білсе керек. Яғни, ол да мансабын ойлап, бас тартпаған. Оның үстіне пікір білдірушілер Сабуровтың да ресейлік аудиторияға туған қаласын жаман етіп көрсетіп танылғанын еске түсіреді. 

"Көңілділер мен тапқырлар клубының" (КВН) қатысушысы Азамат Мұсағалиев шынында ана тілін біледі. Бұдан біраз бұрын ғаламторда жарияланған, Facebook арқылы таратылған басқа бір бейнежазбада ол қазақ тілінде бір-екі сөзбен тіл қатып, ұлты, руы, ана тілі туралы сұрақтардан "әбден жалыққанын" қатаң ескерткен болатын.

"Да что такое, ребята? Ну посмотрите в Википедии, есть же информация. Вы не устаёте? Казах ли ты, не казах, говоришь по-казахски, не говоришь… Одни и те же вопросы…" деп ашуға мінген болатын ол.

Мұның сыртында 2015 жылдың 11 қазанында өткен, Ресейдің "Бірінші арнасынан" әлемге паш етілген "КВН"-ның Жоғарғы лигасының музыкалық жарысында Азамат Мұсағалиевтің қазақтарды "ауласында есірткілі өсімдіктерді өсіретін нашақор" етіп көрсетуі де намысты елдің кейістігін тудырғаны есте. ("Казахская песня", https://www.youtube.com/watch?v=F6hRyMLqLDA)

"Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады" деген екен Ұлт ұстазы, Алаш ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы.

Тілді қорлаған А.Мұсағалиев қазақ үшін де жоғалғандай. Ендеше болашақта "Азамат" атын да жат тілдегі бір атқа ауыстырып жатса, таң қалмайық!

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу