Мұсылман әлемі ашынғанда, Франция қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр

5652

Таяу Шығыста, Азияда, Африкада сан мың адам Мұхаммед Пайғамбар жайлы карикатураның жариялануына наразылық білдіріп жатыр. 

Мұсылман әлемі ашынғанда, Франция қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр

Францияның Ницца қаласының шіркеуінде пышақпен жасалған шабуылдан үш адам қаза тапты. Қанды оқиғадан кейін елде қауіпсіздік дабылы ең жоғары деңгейге дейін көтеріліп, мектептер мен мінәжат ететін орындарды қорғауға мыңдаған жауынгер жіберілді.

Француз полициясы тунистік 21 жастағы мигрантты тұтқындады. Брахим әл-Ауиссауи Ниццадағы Нотр-Дам Базиликасында егде жастағы әйелді бауыздағаннан кейін, тағы екі адамды пышақтап өлтірген.

Жан түршіктірер шабуыл Мұхаммед Пайғамбар жайлы карикатураның салынуына қарсы шерулер өтіп жатқанда жасалып отыр. Мұндай наразылық акциялары Таяу Шығыста, Азияда, Африкада басталды. Айта кетсек, екі апта бұрын осы суретті сөз бостандығы сабағында оқушыларға көрсеткені үшін 18 жасар шешен жігіті Самуэль Пати есімді мұғалімнің басын кесіп алғаны белгілі.  

Франция – Еуропадағы мұсылмандар ең көп қоныстанған елдердің бірі. Мұнда содырлар соңғы жылдары бірнеше рет ірі шабуылдар жасады. Соған қарамастан, француз үкіметі жоғарыдағыдай карикатураларды жариялау құқығы әрдайым қорғалуға тиіс деп есептейді. Франция президенті Макрон өз елінің сенім мен ой еркіндігі бостандығынан ешқашан бас тартпайтынын ескертіп отыр. 

Бангладеш астанасы Дакканың көшелеріне шыққан жұрт Елисей сарайының қожайынын "әлемнің ең үлкен террористі" деп атап, "Француз тауарларына бойкот!" деген ұрандар көтерді.

"Макрон исламофобияға жетекшілік етіп отыр. Мұсылман әлемі бұған көз жұма карамайды. Біз көтеріліп, оған қарсы тұрамыз", – дейді демонстрант Акрамул Хак "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Жұма намазынан кейін осындай шерулер Үндістанда, Пәкістанда, Палестина территорияларында, Ливанда, Сомалиде де өтіп, оларға ондаған мың адам қатысты. Исламабад полициясы Франция елшілігінің жанына жиналмақ болған демонстранттарды тарату үшін көзді жасаурататын газ қаруын қолданды.

Екінші шабуыл, үш құрбан

Ішкі істер министрі Жеральд Дамарнен мәлімдегендей, Франция қазір экстремистік идеологиямен соғыс жүргізіп жатыр және елге тағы да шабуыл жасалуы мүмкін.

Ницца полициясының басшысы Ричард Джаноттидің сөзінше, бүгінде республиканың және христиандардың кез келген символы нысанаға алынып отыр. "Сондықтан біз сақ әрі мұқият болуымыз керек", – дейді ол.

Франция өз ішінде ғана емес, шетелдегі елшіліктерінде де қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр.

Айта кетсек, 2016 жылы шілдеде дәл осы Ниццада бір содыр теңіз жағасында Бастиллия күнін мерекелеуге жиналған халықты жүк машинасымен соғып, 86 адамды мерт қылды.

"Мен – Ниццаданмын. Трагедия тағы қайталанды. Бірақ еркін елміз ғой. Өзге әлемге бостандықты сүйейікші деген ізгі тілегімді жеткізгім келеді. Ешкімнің адам өлтіруге қақысы жоқ", – дейді Нотр-Дам шіркеуінің жанына гүл шоқтарын қоюға барған 50 жастағы Фредерик Лефере.

Францияның Лаңкестікпен күрес жөніндегі бас прокуроры Жан-Франсуа Рикардың айтуынша, қолға түскен тунистік 1999 жылы дүниеге келген. Ол  өз елінен қыркүйектің 20-ында Италияның Лампедуза аралына жетіп, бейсенбі күні Ниццаға пойызбен барып, вагоннан түсісімен шіркеуге жол тартқан.

әл-Ауиссауи ең алдымен 50 жастағы күзетшіні өлтіріп, сосын 60 жастағы әйелдің басын кесіп, кейін 44 жастағы әйелді пышақтаған. Соңғы құрбан жақын маңдағы кафеге жетіп, қансырап қайтыс болды. Үш баланың анасы, жасөспірім кезінде Бразилиядан Францияға қоныс аударған Симоне Баретто Сильва болған оқиғаны полицияға хабарлап үлгерген.

Тәртіп сақшылары күдіктіні атып жаралап барып қолға түсірді.

Видеоқоңырау

Ауиссауидің отбасы Тунистің Сфакс қаласында тұрады. Ата-анасының сөзінше, ұлдары шабуылдан бірнеше сағат бұрын үйіне видеоқоңырау шалған. Бірақ  сол әңгімеде ол қандайда бір зорлық-зомбылыққа баратынын байқатпапты.

Әпкесі Афефке сенсек,  Ауиссауи шіркеуге ұйықтайтын орын іздеп барса керек. Оның осындай ауыр қылмыс жасағаны бүкіл жанұясын есеңгіретіп тастаған.

"Менің інім – бауырмал адам. Ол басқа жандарды сыйлап, бала кезінен-ақ өзгелердің өзгешелігін қабылдап, ешқашан экстремистік пиғылығын көрсеткен жоқ", – дейді туған ағасы "Рейтерге" берген сұхбатында.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу