Мұсылман әлемінде Айт мерекесі бір күнде басталмады

1735

Айдың туған уақытына байланысты кейбір елдерде Рамазан кеше аяқталса, өзге бір мемлекеттерде Ораза мейрамы бүгін басталып жатыр.

Мұсылман әлемінде Айт мерекесі бір күнде басталмады Фото: msk1.ru

Мұсылман әлемінің орасан бөлігі Рамазан айын аяқтап, Айт мерекесін тойлап жатыр. Дегенмен қасиетті мейрамға Суданда билік үшін соғыс, ал Йеменде ондаған адамның аяқ астында тапталып қаза табуы көлеңке түсірді.

Аймақтың өзге бір бөлігінде баяғы бәсекелестер келісімге келіп, қайта татуласудың жолдарын іздестіріп жатыр.

Суданда армия мен оған бәсекелес әскериленген күштер арасындағы соғыс өрті өршіп келеді. Жауласушы тараптар атысты тоқтатуға екі рет әрекет жасады. Әзірге нәтиже жоқ. Сенбіден бері жүздеген адам қаза тауып, мыңдағаны жараланды.

Йемен - араб дүниесінің ең кедей елдерінің бірі. Оның көтерілісшілер басып алған астанасы Санада сәрсенбіде қайырымдылық ниетпен ақша тарату кезінде 78 адам аяқ астында тапталып жан тәсілім етсе, 77-сі жараланды.

Суданнның да, Йеменнің де діни басқармалары өз елдерінде Ид-әл-Фитрдің (Айт) жұмада басталатынын жариялады.

Әлемнің мұсылмандар ең көп тұратын мемлекеті Индонезияда 60 миллион адам кіретін екінші ірі діни ағым – Мұхамедия астрономиялық календарға сүйеніп, Айттың жұмада басталғанын хабарлады. Алайда елдің дін істері министрлігі бұнымен келіспей, Ораза-Байрамды сенбіде тойлай бастауға ресми рұқсат берген.  

Осыған орай Индонезия ішкі істер министрлігі Мұхамедияны ұстанатындарды Оразаны әлі тоқтпатпаған мұсылмандарға құрмет білдіріп,  Айтты үйде мерекелеуге шақырды.

Тағы бір айта кететін жайт, Айтқа байланысты Индонезияда соңғы екі күнде қалалардан ауылдарға пойыздармен, кемелермен, мотоциклдармен, автомашиналармен, автобустармен миллиондаған адам аттанды. Ел үкіметінің болжамынша, мейрамға байланысты 17 мың аралдан тұратын алып архипелагта 123 миллион адам жолға шығуы мүмкін. Соның 18 миллионы – Джакартадан кеткендер.

Дегенмен, қазір кейбір жерлерде шиеленіс пен қарулы қақтығыстар басылып келеді. Таяу Шығыста көптен бері тайталасқан Иран мен Сауд Арабиясы өткен айда Қытайдың арағайындығымен келіссөздер жүргізіп, дипломатиялық байланыстарын қалпына келтіруге келісті. Осының нәтижесінде, аймақта олардың қолымен жүргізілген соғыстар тоқтайды деген үміт пайда болып отыр.

Саудия үкіметінің өкілдері мен Иранға арқа сүйеген шиит-хуситтер Рамазан айының соңғы күндері Йеменде келіссөз бастап, осы елде 2014 жылы басталған азаматтық соғыс кезінде тұтқынға түскен адамдарды айыпбастауға уағдаласты.

Сонымен қатар, сейсенбіде әр-Рияд өзінің жоғары лауазымды дипломатын Сирияға президент Башар Асадпен кездесуге жіберді. Осылайша, Асадты саяси оқшаулаудан босату, ал оның елін Араб лигасына қайтару жолында маңызды қадам жасалып отыр.

Дегенмен, Тегеран мен әр-Рияда арасында Айттың басталатын күніне қатысты ортақ позиция жоқ – Саудия бұл мейрамды жұмада тойлауға кіріссе, Иранда Ораза Айт сенбіде басталды. 

Бұл мереке географиялық орналасуға байланысты әдетте жаңа Ай туғанда басталады. Бірақ кейбір елдер Ид-әл-Фитрдің келген күнін физикалық бақылаумен емес, астрономиялық есептеулермен анықтайды.

Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар, Сауд Арабиясы тәрізді Рамазанды жұма күні аяқтаса, олардың Парсы шығанағындағы көршісі Оман Айдың туғанын көрмегендіктен, мерекені сенбіге қалдырған. 

Ирактың сүнниттік билігі Айттың жұмада басталғанын хабарласа, елдегі шииттердің бас аятолласы Әли әс-Систани қасиетті мерекені сенбіден тойлауға шақырды. Ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатқан Сирия мен Ливан Ид-әл-Фитрді сәуірдің 21-де мерекелей бастады.

Пәкістанның Айды бақылау комитеті болса, Исламабадта өткен баспасөз маслихатында Ид-әл-Фитрді сенбіде бастау туралы шешім шығарды. Өйткені жұма күні аталған мекеме қызметкерлері Айдың туғанын байқамаған.

Мысыр мен Иордания да Айтты жұмада бастады. Ливияның шығысы да сол күні Рамазанды аяқтады. Алайда батысы –  Ид-әл-Фитр сенбіден басталады деп шешкен. Естеріңізге сала кетсек, бұл солтүстікафрикалық мемлекеттің екі аймағын бір-бірімен жауласқан екі түрлі әкімшілік басқарып отыр.

Ауғанстанда да Айт жұмада басталды. Мұны тәліптер тағайындаған сот жүйесінің басшысы Әбдул Хаким Хаккани мәлімдеді.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да Айт намазын жұма күні Ыстамбұлдағы Айя София мешітінде оқыды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу