Мұсылмандық еріктілер батальонының арманы – Қырымды қайтару

10733

Шағын ғана отрядқа отан қажет. Сол үшін ол Украина армиясының қатарына қосылып, Ресей әскерімен шайқасып жатыр.

Мұсылмандық еріктілер батальонының арманы – Қырымды қайтару

Бүгінде Украинада Ресей армиясымен жергілікті әскер ғана емес, түрлі қарулы құрылымдар да шайқасып жатыр. Солардың бірі – мұсылмандардың еріктілер батальоны. Оның негізін қалаған – 13 баланың әкесі, 57 жастағы Иса Ақаев. 

"Мен тек қана үйіме, Қырымға оралғым келеді", – дейді ол бірер күн бұрын "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Ресей 2014 жылы оның туған жерін Украинадан аннексиялап алғанда, Ақаев Киевке көшіп барып, "Қырым" атты батальон құрды. Бұл шағын отрядқа кіргендердің көпшілігі – Қара теңіз жағалауын мекендейтін байырғы түркі мұсылмандар, дәлірек айтсақ, қырым татарлары.

Ақпанның 24-інде Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұл батальонның 50 адамы Киев облысы төңірегіндегі шайқастарға қатысты. Қазір олар Қырыммен шектесетін Херсон облысында соғысу үшін оңтүстік майданға аттануға әрекеттеніп жатыр.

Түпкі мақсаттары – Қырымды қайтарып алу.  Бірақ қарулы жанжалдың басында Херсон облысының көп бөлігі Ресейдің бақылауына өтіп, украин күштері түбектен 100 шақырымға ығыстырылғаннан кейін, бұл мақсатқа жету бұрынғыдан да қиын көрініп отыр.

Әскери жанжалдың 100 күндігі жақындап қалды. РФ жауынгерлері баяу, бірақ тұрақты түрде алға ілгерілеп барады. Ал Украина қарулы күштеріне осындай шақта қосымша адам күші қажет. Бұл қажеттілікті татарлармен бірге олардың ислам дініне өткен орыс одақтастары да өтеуге дайын.

Аннексия

Татарлардың көпшілігі Украинаның кремльшіл президенті құлатылғаннан кейін іле-шала Мәскеудің Қырымды аннексиялауына жан-тәнімен қарсы болды.

Олардың Мәскеуге деген күдігінің тамыры тереңде жатыр. Кеңестік диктатор Иосиф Сталин 1944 жылы Қырым татарларын – олардың арасында Ақаевтың ата-әжесі де бар. Фашистік Германиямен ынтымақтасады деп айыптап, жаппай депортациялауға бұйрық берді.

Оларға тек 1980 жылдары ғана ұрпақтарымен Қырымға оралуға рұқсат етілді. Ал Ақаев ата-бабасының жеріне 1989 жылы Өзбекстаннан қайтқан. Қырым татарларының көбі 1991 жылы КСРО-ның ыдырауын азаттық ретінде қарсы алды.

Мәскеу билігі тұсында Қырымдағы қуғын-сүргіннің жаңа толқынынан қорыққан Ақаев 2014 жылы Киевке көшіп барып, сол жерде Украинаның қауіпсіздік күштері қатарына өтуге әрекеттеніп, қарсылыққа тап болады.

"Өте қиын кез еді, көпшілік мұсылмандарға, әсіресе, Қырым татарларына сенбеді. Барлығы бізді басқа емес, жікшілдер деп ойлады", – дейді Ақаев.

Алайда 2014 жылы ресейшіл сепаратистер Украинаның шығысындағы Донбасс аймағында қолдарына қару алып, Киевтегі билікке қарсы көтерілгенде бәрі өзгерді.

Ақаевтың тобына Украинаның Ішкі істер министрлігіне еріктілер бөлімшесі ретінде тіркелуге рұқсат етілді. Ал өткен айда бұл батальон Украина армиясының толыққанды бөлімшесі болу туралы келісімшартқа қол қойды.

2014 жылы еріктілерден ондаған батальон құрылып, Украинаның соғысқа дайындығы шамалы тұрақты армиясына Донбасс үшін шайқасуға көмектесе бастады. Олардың құрамына екі шешен, бір грузин және оңшыл ұлтшылдардың бірнеше жасағы кірді. Бұл құрылымдардың кейбіреулері кейін қарусызданды, ендігі бірі тұрақты армия қатарында жүр.

Ресей мұндай бөлімшелерге қарсы. Оның Сыртқы істер министрі Сергей Лавров қарулы қақтығыс қарсаңында бұрынғы еріктілер батальондарын зениттік зымырандармен қамтамасыз етуді "милитаристік психоздың" дәлелі деп сипаттады.

Украина президентінің өкілі наурызда мұндай батальондардың саны қазір 100-ден асып кеткенін айтты. Ал Украина үкіметі жыл сайын волонтерлар күнінде олардың ерлігін ерекше атап өтіп, батырлар ретінде атап өтеді.

Татарлық болмыс

Ақаев батальоны мүшелерінің жартысынан астамы – Қырым халқының 15 пайызын құрайтын қырым татарлары.

"Отрядтың өзегі – өз түбегін азат еткісі келетін қырымдықтар. Бірақ бізде батальонға тек солар ғана қабылдануы керек деген ереже жоқ", – дейді 2004 жылы ислам дінін қабылдаған украиналық әрі батальонның қазіргі имамы Сергей.

Қырым мәселесі – бірқатар ресейлік азаматтар да кіретін батальон қызметіндегі негізгі бағыт. Тағы бір айта кететін жайт, бұл жасақтың мұсылман емес мүшелері де белгілі бір ережелерге, соның ішінде алкогольге тыйым салу тәрізді шектеулерге мойынсынуға міндетті.

"Қырым татарлары... Ресей оккупациясынан көбірек зардап шекті, сондықтан олар бізге жақынырақ көрінеді", – дейді бір жыл бұрын батальонға Ресейдің Солтүстік Кавказынан қосылған этникалық кабардин Муаз.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2017 жылғы есебінде Ресей Қырымда адам құқықтарын "өрескел" бұзды, соның ішінде татарларды қорқыту, үйлерін тінту және қамауға алу сияқты әрекеттерге барды деп айыпталды.

2016 жылы Қырым татарларының атынан өкілдік еткен Мәжіліске тыйым салған Мәскеу болса, бұл есептің қорытындысын жоққа шығарып отыр. РФ үкіметіне сенсек, 2014 жылы наурызда өткен референдум Қырымның Ресейге "қосылғанын" заңдастырып берді.

"Қырым" батальоны Киевтен батысқа қарай 25 шақырым жердегі Ясногородка ауылының төңірегінде, кейінірек оған жақын маңдағы Мотыжин елді мекенінде ресейлік күштерге қарсы рейд жүргізді.

"Осы жердегі тұрғындар бізді көргенде бастапқыда қатты қорықты, өйткені олар кім екенімізді білмеді. "Біз украиндармыз" деп айқайлауға тура келді... Содан кейін адамдар үйлерінен ақырындап шығып, бізге шай берді", – дейді Ақаев.

Айтуынша, татарлар Киев маңында мешіт сатып, мектеп ашқысы келгенімен, бәрібір күндердің-күнінде Қырымға қайтуды армандайды.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу