Mutua Madrid Open турнирі 21 сәуір мен 4 мамыр аралығында Испания астанасы Мадрид қаласындағы әйгілі "Caja Mágica" аренасында өтуде. Бұл турнир ATP Masters 1000 және WTA 1000 санатындағы ең беделді жарыстардың бірі.
Ерлер арасындағы турнирдің жүлде қоры 8 055 385 еуро, ал әйелдер арасында өтіп жатқан турнирдің жүлде қоры 7 854 000 еуроны құрайды.
Қатысушылар санына тоқталар болсақ, жекелей сында 96 ойыншы, жұптық сында 32 жұп өнер көрсетуде.
Турнирге әлемдік теннистің үздік ойыншылары қатысуда. Ерлер арасында Карлос Алькарас, Новак Джокович, Александр Зверев, Каспер Рууд және Тейлор Фритц сынды жұлдыздар бар. Әйелдер арасында Ига Швёнтек, Арина Соболенка, Эмма Радукану және Паула Бадоса сынды ойыншылар басты фавориттер қатарында.
Әйелдер арасындағы жарыс 22 сәуірде басталып, финал 3 мамырда өтеді. Ерлер жарысы 23 сәуірде басталып, финал 4 мамырда жоспарланған. Күнделікті матчтар жергілікті уақытпен 11:00-де басталады, ал 25 сәуірден бастап кешкі сессиялар 20:00-де өтеді.
Айта кетейік, бүгін Александр Бублик 1/64 финал аясында жарыс жолына шығады. Ол Қазақстан уақыты бойынша 18:45-те америкалық Алекс Микелсенмен шеберлік байқасады.
Ал, әйелдер арасында Елена Рыбакина рейтингте жоғары болғандықтан турнирді 1/32 финалдан бастайды. Ол 25-сәуір күні кортқа шығады. Әзірге қарсыласы белгісіз.