Mutua Madrid Open. Қазақстандық теннисшілердің жолы болмады

1388

Әлемнің ең мықты деген 64 теннисшісі сынға түсіп жатқан Мадрид ашық чемпионаты қазақстандық теннисшілер үшін аяқталды.

Mutua Madrid Open. Қазақстандық теннисшілердің жолы болмады

Қазақстанның нөмірі бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Испанияның Мадрид қаласында өтіп жатқан турнирдің үшінші айналымында өнер көрсетті. 1/8 финалда швейцариялық теннисші Джил Белен Тайхманға қарсы кездесуде қазақстандық спортшы екі сетте 3:6, 1:6 есебімен жеңілді. Кездесу бір сағат 17 минутқа созылды. Матч барысында қазақстандық теннисші 6 эйс жасағанымен, 6 брейк-пойнттың біреуін де пайдалана алмады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Елена рейтингте (WTA) 18-ші орында тұрса, ал Белен Тайхман 35-орында. Швейцариялық теннисші үш WTA турнирінің жеңімпазы, 2014 жылы жасөспірімдер арасында өткен АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы және Билли Джин Кинг турнирінің финалисі. 24 жастағы Тейхман Мадридте қарсылас шақ келтірер емес. Алдымен ол Мадридтің үш дүркін чемпионы, әлемнің бұрынғы екінші ракеткасы чехиялық Петра Квитованы жарыстан шығарды. Содан кейін Канададан келген әлемнің 17-ші ракеткасы Лейла Фернандесті тізе бүктірді. Енді міне, Еленадан да айласын асырып, алға тағы бір қадам жасап отыр. Тайхман бүгін Мадридтегі А.Санчес-Викарио атындағы орталық кортта украиналық Ангелина Каленинамен шеберлік байқасады.

Ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик те Мадридтегі турнирге қатысты. Ол рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған сербиялық Миомир Кецмановичпен сынға түсті. Теннисшілер былтырғы жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өткен турнирде кездескен. Ол уақытта Бублик 1/8 финал кезеңінде 2:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Бірақ бұл жолы қазақстандық теннисші екі сетте 4:6, 5:7 есебімен қарсыласынан жеңіліп қалды. Кездесу бір сағат 19 минутқа созылды. Сербиялық брейк жасап, бірінші партияны өз есебіне жазды – 6:4. Екінші сетте де Кецманович сол қарқынынан тайған жоқ – 7:5.

Бұл кездесу Испания астанасында өтіп жатқан турнирдің 1/32 финалы аясында өтті. Енді сербиялық теннисші келесі айналымда әлемнің 4-ракеткасы, атақты Рафаэль Надальға қарсылас атанып отыр. Рафаэль осы турнирдің үшінші нөмірлі ракеткасы болып тіркелгендіктен, жарысты бірден 2-айналымнан бастайды. Кездесу бүгін елорда уақытымен 20:00-де басталады.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 6,744,165 еуроны құрайды. Ал жеңімпаз рейтингтік 1000 ұпай мен 1,041,570 еуро сыйақыға ие болады.

Ермұхамед Мәулен