24 қазан мен 1 қараша аралығында Barys Arena спорт кешенінде күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Егемен Қазақстан" газетіне сілтеме жасап.
Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, чемпионаттың ресми бойтұмары ретінде қыран құстың таңдалуы кездейсоқ емес. Қазақ халқының дүниетанымында қыран еркіндік пен айбынның, биік мақсат пен қайсар мінездің нышаны. Оның шапшаңдығы, қырағылығы мен күш-қуаты күрес кілеміндегі балуанға тән қасиеттермен үндеседі.
"Muzbalaq" атауы да осы болмысты толықтыра түседі. Мұзбалақ қыранның алғыр, қайратты, бабына келген шағын сипаттайтын атау. Сондықтан бойтұмар бейнесінде спортшыға тән күш, жігер және жеңіске ұмтылыс ұлттық таныммен сабақтастырылған.
Бойтұмарға балуандардың жарыс киімі кигізілген. Оның кеуде тұсында Астанадағы әлем чемпионатының ресми логотипі орналасқан. Бұл шешім "Muzbalaq"-ты жарыстың жалпы визуалдық тұжырымдамасымен байланыстырады. Чемпионат логотипінің өзінде де күрестің қозғалысы мен энергиясы, ұлттық өрнек және Қазақстанның болмысы үйлестірілген.
– "Muzbalaq" чемпионаттың тек визуалдық кейіпкері ретінде ғана емес, жанкүйерлермен байланыстыратын негізгі образдардың бірі ретінде қолданылмақ. Жарыс күндері бойтұмар Barys Arena-да көрермендерді қарсы алып, жанкүйерлерге арналған іс-шараларға, фото және бейнеконтентке қатысады, – делінген хабарламада.
2026 жылғы әлем чемпионатының мұрасы балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, жаттықтырушылар мен төрешілерге жаңа тәжірибе беруге және ұлттық жарыстарды ұйымдастырудың жаңа стандарттарын қалыптастыруға бағытталған.
Осы тұрғыдан "Muzbalaq" чемпионаттың танымал бейнесіне айналып, әсіресе, балалар мен жас жанкүйерлердің жарысқа қызығушылығын арттыруға қызмет етеді деп күтіледі.