Мың литр қымыз таратқан ауыл

2894

Жаңаарқа ауданы Ералиев ауылының тұрғындары Қарағанды ауруханаларына қымыз бен құрт таратты.

Мың литр қымыз таратқан ауыл

Қарағанды облысында былтыр ғана мың күбідегі қымызды бір сәтте пісіп, рекорд орнатқан Жаңаарқа ауданының тұрғындары жұрт қиналғанда бірінші болып қол созды. 17 шілдеде Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылының тұрғындары "Біз біргеміз" акциясы аясында мың литр қымызбен 200 келі құрт әкеліп, Қарағанды қаласындағы 4 ауруханадағы адамдарға таратты.

Ауылдың аманаты мен еріктілер сәлемдемесін дертке шалдыққандарға жеткізуші топты ауыл әкімі мен имам бастап келген. Мың литр қымыз бірыңғай құтыға құйылып, сыртына арнайы қағаз жапсырылған. Төрт түлікпен жанын бағып отырған ауыл тұрғындарының бие байламағандары құрт, ірімшікке  дейін ауруханаға беріп жіберген. Мың литр қымыз бен 200 келі құртты Ералиев ауылындағы үш жүзге жуық отбасы жинап беріпті. 

Бұл ауыл өткен аптада Жезқазған,  Қарағанды қаласы мен Жаңаарқа ауданындағы ауруханаларға тағы осындай мың литр апарған. Ауыл тұрғындары өмір үшін дертпен күресіп жатқан науқастарға апта сайын қымыз әкелеміз деп жоспарлап отыр.

"Ауылдағы ағайын  "көлге тамған тамшыдай" сырқаттанып жатқандардың еміне қымыздары сәл де болса септігін тигізсе деген адал ниетпен беріп жіберіп отыр. Сонымен қатар ауыл тұрғындары екі сағаттың ішінде миллионнан астам қаражат жинап, 7 тыныс алу құрылғысына тапсырыс бердік.  Жалпы "бір жамандықтың да жақсылығы бар" дейді, осы қиын сәтте адамдар бір біріне жақсы қарап, ортақ іске ұмтыла бастады. Елдің жүрегінде жанашырлық пейіл оянды",– деп мәлімдеді Ералиев ауылының тумасы, журналист Ерсін Мұсабеков.

Медициналық сала мамандары қымыздың  адам ағзасындағы өкпенің дұрыс жұмыс жасауына және аурумен күресетін иммундық қорғаныш қабілетінің күшеюіне ықпал ететінін атап өтті.

Қарағанды облысында науқастарға қымыз тарату науқанын бастаған Жаңаарқа жұртының қайырымды ісін Ақтоғай ауданының тұрғындары да жалғастырды. Ақтоғай ауданының Қызыларай , Шабанбай ауылы тұрғындары ауруханаларға қымыз апарды әрі аудан халқы өкпені жасанды тыныс алдыру құрылғысына қаражат жинады.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу