Мың өліп, мың тірілген қазақ футболы

1908

"Ертіс" футбол клубы биыл команда жабыла тұратынын айтты.

Мың өліп, мың тірілген қазақ футболы

Бүгін футболшылар мен бапкерлерге "Ертіс" футбол клубының жабылғаны жайында айтылды. Клуб менеджментінің нашарлығынан осындай жағдайға душар болдық дейді облыстық спорт басқармасы. Өкінішті әрине. "Ертіс" Қазақстан чемпионатының 5 дүркін чемпионы, Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына шығып, ел біріншілігінде 4 рет күміс, 6 рет қола медаль алып аты қалыптасқан ірі клубымыз еді. Жыл сайын ауысқан клуб президенттері тарихы бай, дәстүрі қалыптасқан клубты құрдымға кетірді. Болгариялық бапкер Димитар Димитровты қызметінен кетіріп, миллиондаған айыппұл алды. Қазақбайлыққа салып, билік менікі деп адамды қызметінен осылай қууға бола ма? Ол кісі оның үстіне Павлодар қаласының құрметті азаматы еді ғой.

Енді бір нұсқа бойынша "Ертіс" атауын өзгертеді. Бүкіл атақ-даңқының барлығын тастап, қайтадан жаңа клуб болып ашылады. Бірақ, футболшылар, жастар сол күйі қала береді. Клубтың аты "Ertis" 1965 болатын да шығар. Себебі клуб осы жылы құрылған еді. Болмаса осыған дейін "Аңсат" деген атпен де танымал болған еді. Қазақ футболында мың өліп, мың тірілген клубтар қаншама. "Елімайдың" өзі жарқын мысал ғой. Ертең осы бір оқиға өзге де клубтарымызға жұғысты болып кетпесе екен. Жемқорлыққа батып жүрген клубтарымыз әлі де баршылық.

"Ертіс" футболшыларының ішінде 2-3 футболшы премьер-лиганың өзге клубтарына ауысар, қалғаны бірінші лиганы барып паналай тұрады. Ал команда капитаны Карлуш Фонсекаға қызығып жүрген "Қайрат" пен "Астана", "Тобыл" секілді клубтарға қазірден бастап келіссөз жүргізген дұрыс. Павлодарлық қызбен көңіл жарастырған португалиялық футболшы Қазақстан футболында қала бергісі келетінін байқатып жүр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу