Мына әрекетке барсаңыз, енді көлігіңізден айрыласыз

1482

Электросамокаттарды жалға беретін компаниялар өз пайдаланушыларының рейтингін енгізе бастайды.

Мына әрекетке барсаңыз, енді көлігіңізден айрыласыз Фото: gov.kz

Кикшеринг (kick scooter sharing немесе "самокатты басқаға беру"), яғни, электросамокаттарды қысқа мерзімді арендаға ұсыну жүйесі Қазақстанның ірі қалаларында кең танымал болды. Қыстан басқа мезгілде көшеде одан аяқ алып жүре алмайсыз, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Business FM" порталының жазуынша, Whoosh және басқа кикшерингтік компаниялар бұдан былай өз пайдаланушыларын бірнеше параметр бойынша бағалайтын болады. Оған бұзушылықтар жасауы, айыппұл салынуы, көп сапарлауы, тұраққа қою сапасы мен тәртібі сияқты бірнеше көрсеткіш кіреді.

Егер пайдаланушы электросамокатпен жүргіншілерді соғып, жарақаттаса, өлтірсе, өзгенің мүлкін бүлдірсе, ұрласа, сол үшін үстінен әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалса, басқа да салмақты бұзушылықтарға барса, онда оған әрі қарай арендаға алуға тыйым салынуы мүмкін. Мұндай клиенттерге қатысты аты-жөнімен байланыстырылатын түпкілікті бұғат-блок қойылады.

Болашақта самокаттың максималды жылдамдығы да осы рейтингтегі орнына байланысты болады. Жүйе ағымдағы ахуалды ескеру, пайдаланушыға қатысты өзекті ақпаратты қолдану үшін динамикалық түрде жаңартылып тұратыны жария болды.

Белгілі болғандай, бұл рейтинг бастапқыда жалпыға бірдей режимде емес, эксперимент ретінде жүзеге асырылады. Осы орайда кикшерингтік компаниялардың рейтингі такси агрегаторларының пайдаланушыларды бағалау жүйесіне біршама ұқсас болады.

Тиісінше, әрбір пайдаланушының рейтингі оның экранында көрсетіледі. Осылайша, жалға алушылардың сапарының саны да, сапасы да ескерілмек.

Қазақстанда 2024 жылы күшіне енген заң бойынша электросамокаттар ең жоғары дегенде сағатына 25 шақырым жылдамдықпен ғана қозғала алады. Алайда "баяу аймақтарда", атап айтқанда тротуарлармен және жүргінші жолдарымен қозғалыс жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспауға тиіс.

Егер пайдаланушы осы және басқа талап-шектеулерді бұзса, онда оның ең жоғарғы жылдамдығы 18-20 шақырыммен шектеліп тасталуы мүмкін. Әлгінде айтылғандай, егер қылмыс, тәртіпсіздік жасаса, мысалы, тротуарда жаяу адамдарды қағып кетсе, онда көлігінен мүлдем айрылуы ықтимал. Тек ең таңдаулы клиенттер мен заңға бағынатын жалдаушылар ғана 25 шақырымдық жылдамдықтың игілігін одан әрі пайдалана алады.

Кикшеринг өкілдерінің айтуынша, рейтинг "қатып қалған дүние" болмайды, жағдайға қарай түзетіліп отырады.

Мысалы, әлдебір ауыр емес бұзушылықтар жасап, шектеуге іліккен пайдаланушы өз рейтингін қайтадан көтере алады.

Бұл үшін:

  • белгілі бір уақыт бойы тәртіпті айдауға;
  • самокатты тұраққа дұрыс қоюға;
  • мемлекеттің заңы мен қағидалары талаптарын мүлтіксіз сақтауға;
  • айыппұл арқаламауға;
  • өзге де жағымсыз оқиғаларға тап болмауға тиіс.

Негізі, жүргіншілер жолында жын ұрғандай айдамай, 6 шақырым жылдамдықпен ғана жүру, жол жүрісі қағидаларын сақтау сияқты заңнама талаптары сыртында кикшеринг компаниялары төл талаптарын да қояды.

Оған: бір электросамокатқа тек бір адамның ғана мінуі (екі не үш адамның мінгесуіне тыйым салынған, бұл ереже жиі бұзылады), жаяу жүргіншілерге бірінші жол беру, жазатайым жағдай бола қалса, міндетті түрде жедел жәрдем шақырып, зардап шеккенге көмектесу (шынында оқиға орнына зулаған бойы қашып кетеді), өзінің шлем киюі, мас күйде басқармауы, жолдан, жиектас-бордюр мен баспалдақ-сатылардан тек жаяу өтуі жатады.

Компаниялар сондай-ақ электросамокаттарды тек кәмелет жасқа, 18-ге толғандар ғана арендаға ала алатынын мәлімдейді. Алайда көшеде олардың көлігін жас оқушылар айдап жүреді. Демек, оларға аккаунтын немесе астындағы көлігін беретін ересектер жазалануы қажет.  

Жалпы алғанда, рейтингте пайдаланушының тәжірибесі, жүргізу стилі, тұраққа қою сапасы, айыппұлдарының бар-жоқтығы, компания тарапына ескерту алған-алмағаны, апатқа тап болған-болмағаны, компания қызметін ұзақ және тұрақты пайдалануы сияқты параметрлер ескеріледі деп күтілуде.

Тиісінше, әрбір клиенттің персоналды досьесі түзіледі, соның негізінде оның игіліктері немесе шектеулері белгіленеді. Привилегия-артықшылықтар әр компанияда әртүрлі болады және топтамасы толыққанды анықталған жоқ.

Оның ішінде мәселен, түрлі жылдамдық режимдерінің қолжетімділігі, геопозиция істен шыққан жағдайда электросамокатты тұраққа дұрыс қойғанына қатысты сенім білдіру, сапар алдында шотында депозитінің болуын талап етпеу, әрбір сапар үшін жүйе ішінде жұмсалатын жоғарылатылған кешбэк беру және басқасы болуы мүмкін.

Сарапшылар дәл осындай жүйе көрші Қытайда кеңінен енгізілгеніне назар аудартты. ҚХР-да белгілі бір рейтингі бар азамат Шанхай, Шэньчжэнь, Гуанчжоу және кез келген басқа мегаполиске барып, өзінің аты-жөніне байланған сол рейтингі беретін игілік-артықшылықтарын ары қарай пайдалана алады.

Электросамокаттардың бәріне арнайы нөмір тағуға міндеттейтін заң жобасын Парламент әлі күнге қабылдаған жоқ. Соған қарамастан қазіргі кезде қысқа мерзімді арендаға берумен айналысатын кикшеринг компанияларының самокаттарында нөмір пайда бола бастады.

Алайда олар тәртіпті шамалы қатайтқанымен, заң қабылданып, қолданысқа енгізілгенге дейін азаматтардың жеке меншігіндегі электросамокаттар назардан тыс қалғалы тұр. Оларды да тәртіпке келтіру үшін қоғам белсенділері елдегі барлық электросамокаттарға жаппай ревизия жүргізіп, тіркеуге алуды ұсынуда.

Сондай-ақ көліктің бұл түрін сатып алған азаматтарды электросамокатын тіркеуге қоюға міндеттеумен шектелмей, сервис орталықтарына барып, өз ақшасына және өз бетінше жылдамдық шектегіш орнатуға мәжбүрлеу сұралды.

Өйткені қазіргі самокаттар жылдамдықты 50 шақырымға дейін арттыра алады. Ал, заң бойынша 25 шақырымнан аспауы шарт. 

Егер электросамокат тіркеуге қойылмаса, нөмірі болмаса, жылдамдық шектегіші қарастырылмаса, сарапшылар өзге көліктерге қолданылатын талапты соларға да қолдануды ұсынады: яғни, тәркілеп, иесіне іс қозғау. Сонда ғана жолда тәртіп орнайды.

Өйткені ақпарат құралдарының жазуынша, елде электросамокаттарға қатысты ережелер қатайтыла басталғалы, азаматтар төл электросамокаттарына ауысып жатыр. Дистрибьюторлардың дерегінше, көліктің бұл түрінің саудасы биыл 1,5 есеге өсіпті.

Бұған маркетплейстер, базарлар мен дүкендерде осы көлік түрінің арзандауы да ықпал етті. Жаңасын әрі жап-жақсысын 130 мыңнан, ұсталғанын – 30 мың теңгеден табуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу