Қазақстан әлемдегі ең ірі ұн экспорттаушылардың арасындағы екінші орнын Өзбекстанға беріп қоюы мүмкін. 2025 жылы екі елдің экспорт ауқымы арасындағы алшақтық небәрі 337 мың тоннаға дейін қысқарды.
Қазақстан 1,93 млн тонна бидай ұнын сыртқы нарықтарға өткізе алса, Өзбекстан 1,6 млн тоннасын сатып үлгерген. Бұл ретте өзбек ағайынның қарқыны алапат: ұн экспорты бір жылдың ішінде бірден 42,3%-ға өскен.
Бұл жаһандық жарысқа енді Египет белсенді араласуда. "Пирамидалар елінің" ұн экспорты негізінен Африка нарығына бағытталған. Аграрлық нарық конъюнктурасы институтының (ИКАР) бағалауынша, Мысыр жылына шамамен 1,5 млн тонна ұн экспорттайды. Оның 1 миллионға жуығы жалғыз Суданға жөнелтіледі.
ИКАР бас директоры Дмитрий Рылько дүниежүзілік ұн нарығында алпауыттардың рөлі өте жылдам өзгеріп жатқанына назар аудартты.
"Айтудың өзі қорқынышты! Бірақ бүгінде Өзбекстан Ресейден 3 есе көп ұн экспорттап отыр. Ал, Мысыр географиялық орналасуының артықшылығын пайдаланып, дәстүрлі нарықтарда Түркияны агрессивті түрде ығыстырып жатыр", – деді ол Астанада өткен EURASIAN AGRICOM-2026 халықаралық астық конференциясында.
Өзбекстан Ресейден озды: РФ ұн экспорты 2 есе құлады
Әлемдік нарықтағы позициясын "стахановтық" қарқынмен жоғалтып жатқан Ресейді енді Өзбекстан басып озды. ИКАР ұйымының дерегінше, ресейлік ұн экспорты шамамен 500 мың тоннаны ғана құрады. Бұл 2024 жылғы рекордтық көрсеткіштен екі еседей төмен.
"Ресейдің ұн экспорты күрт төмендеп барады: 2025–2026 маркетингтік жылында жеткізу көлемі 515 мың тоннаға дейін түсіп кетті. Бұл әрине, РФ-тың маусымдық орташа көрсеткішінен (200–250 мың тоннадан) екі есеге жуық жоғары. Дегенмен, 2023–2024 маркетингтік жылындағы рекордтан әлдеқайда төмен. Ол кезде 1,2 млн тонна ұн жөнелтілген еді", – деді Дмитрий Рылько.
Әлемдік ұн нарығында бүгінде көш бастап тұрған ел – Түркия. Өткен астық маусымының қорытындысында түрік туысқандар сыртқы нарықтарға 3,54 млн тонна ұн жеткізді.
Қазақстан 2007–2010 жылдары әлемдік ұн экспортының көшін бастап, №1 орында тұрды. Кейін көшбасшылық орнын Түркияға берді. Дегенмен, лидерлердің төрінде қалды. Енді Қазақстанға жаңа, әрі қимылы әбжіл "жас" бәсекелестер пайда болды.
Қазақстан ауған нарығын жоғалтты ма?
Өзбекстанның Ұлттық статистика комитетінің ресми мәліметіне сәйкес, 2025 жылы оңтүстік көршіміз шетелдік 5 мемлекетке шамамен 1,6 млн тонна бидай ұнын экспорттап, одан 441,7 млн доллар табыс тапқан.
"Экспорт көлемі 2024 жылмен салыстырғанда бірден 473,3 мың тоннаға немесе 42,3%-ға артты. 2025 жылы өзбекстандық бидай ұнының негізгі бағыттары мынадай болды: Ауғанстан – 1 590 193 тонна; Тәжікстан – 607 тонна; Қырғызстан – 356,4 тонна; Түрікменстан – 174 тонна ұнды сатып алды", – деп хабарлады статкомитет.
Яғни, Өзбекстанның ұн экспорты іс жүзінде бір ғана нарыққа тәуелді. Ауғанстанның үлесі 99,9%-ға жетеді.
Мұның себебі тек Өзбекстанның өндірістік мүмкіндіктерінің жедел дамуында емес. Елдің территориясы Ауғанстанмен тікелей шектесіп жатыр: шекарасы ортақ. Бұл тасымал-логистиканы айтарлықтай қысқартып, жеткізілімді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандық экспорттаушылардың жағдайы әлдеқайда күрделі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, Өзбекстаннан Ауғанстанға ұн жеткізудің теміржол шығыны бізге қарағанда тоннасына 28–37 долларға арзан. Бұдан бөлек, ауғандар өзбектердің ұн тасымалына транзиттік теміржол тарифтерін қолданбайды.
Бұған қоса, Өзбекстанда егіншілердің, диірмендердің, жалпы кәсіпкерлердің электр энергиясына, қызметкерлерінің еңбек ақысына және салықтарға жұмсайтын шығыны Қазақстандағыдан көп төмен.
Өзбекстанда ұн тарту кәсіпорындарын, диірмендерді ашуға ауған кәсіпкерлері де инвестиция құюда. Ал осы өндірістердің негізгі шикізатпен Қазақстан қамтып отыр.
Қазақстаннан Өзбекстанға жөнелтілетін бидай көлемі 2023 жылғы 3 млн 543,4 мың тоннадан 2025 жылы 4 млн 186 мың тоннаға дейін күрт өсті. Өсім – 18%.
Осылайша, бәсекелік тізбек былайша қалыптасуда: Қазақстан Өзбекстанға арзан шикізатты – астығын жеткізеді. Өзбекстан оны тартып, ұнға айналдырып, өңдеп, ары қарай қаптарға және 1, 2 келілік қаптамаларға толтырылған дайын тауарын Ауғанстанға қымбатырақ сатады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, отандық ұнның негізгі сатып алушылары – Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстан болып отыр. Осы 5 елдің біздің экспорттағы жиынтық үлесі шамамен 98%-ды құрайды.
Ведомство ұн тарту саласында негізгі көрсеткіштерде күрт құлдырау жоғын қаперге салды. Қазақстанның бидай ұны экспорты соңғы үш жылда іс жүзінде өзгермеген:
• 2023 жылы – 1 млн 958,7 мың тонна;
• 2024 жылы – 1 млн 876,2 мың тонна;
• 2025 жылы – 1 млн 928 мың тонна.
Яғни, 2023 жылғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда төмендеу небәрі 1,6%. Бірақ осы "тұрақтылықтың" ішінде нарық құрылымы түбегейлі өзгеріп жатыр.
Мысалы, Ауғанстанның қазақстандық ұн экспортындағы үлесі 2024 жылғы 65,6%-дан 2025 жылы 54,3%-ға дейін құлдырады. Бұл елге экспортталған ұнның нақты көлемі 17,5%-ға төмендеп, 2023 жылғы 1 271,2 мың тоннадан 2025 жылы 1 047,6 мың тоннаға түскен. Демек, Қазақстан Ауғанстан нарығындағы позициясын Өзбекстанның қысымымен жылдам жоғалтып жатыр.
Еліміздің басты бір импорттаушысы – оңтүстік көрші еді. Алайда Қазақстанның Өзбекстанға ұн экспорты да 26%-ға құлаған. Тәжікстанға жөнелтілім 2,9%-ға азайды.
Есесіне басқа бағыттарда өсім салмақты: Қырғызстанға ұн экспорты 9,7 есеге, Түрікменстанға үш есеге, Қытайға 4,8 есеге артқан. Сондықтан әзірге "Қазақстан ұнының экспорты жаппай күйреп жатыр" деп байбалам салуға негіз жоқ. Бірақ нарық құрылымының өзгеріп жатқаны анық.
Ауғанстан өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуде
Мұндағы тағы бір маңызды фактор – Ауғанстанның өзінде ұн тарту өнеркәсібінің қарқынды дами бастауы. Елде бұрынғы жылдары қираған диірмендер қайта қалпына келтіріліп, жаңа кәсіпорындар салынып жатыр. Нәтижесінде, даласы тасты әрі шөлді Ауғанстан "Ұлы дала елінен" енді дайын ұннан гөрі арзан бидайды көбірек сатып алуға көшіп алды.
Тиісінше, ұн экспорты құлдырап жатқанда, Қазақстаннан Ауғанстанға бидай жеткізу көлемі 2023 жылғы 448 мың тоннадан 2025 жылы 496,7 мың тоннаға дейін өскен.
Осындай сценарийді Тәжікстан мен Өзбекстан бұған дейін бастан өткерген: олар да Қазақстаннан дайын ұн сатып алуды қатты азайтты, тек "ас атасының" шикізатын – қазақ астығын алу көлемін арттырған.
Осыған ұқсас процесс Иракта да болыпты. 2010-шы жылдары азаматтық соғыс жағдайында Ирак ұнның, әсіресе Түркия ұнының ірі импорттаушысы болған еді. Елдегі жағдай тұрақтанғаннан кейін импорт көлемі екі есеге жуық қысқарды: 2023 жылғы 2 млн 350 мың тоннадан 2025 жылы шамамен 1 млн 200 мың тоннаға дейін түсті. Салдарынан Түркияның жаһандық ұн экспорты да 3 млн 675,1 мың тоннадан 2 млн 352,4 мың тоннаға дейін азайды.
Қазақстан үшін бұл – маңызды белгі: бір ғана өңірлік нарыққа тәуелді болудың кері салдары бар. Сондықтан республика экспорт моделін біртіндеп қайта құрып жатыр.
Бидай ұнының өндірісі 2023 жылғы 3 378,9 мың тоннадан 2025 жылы 3 623,6 мың тоннаға дейін өсті. Өсім – 7,2%. Алайда ең үлкен серпіліс мал азығына пайдаланылатын "жемдік ұн" өндірісінде байқалды.
Жемге жарайтын ұнның өндірісі мен экспорты небәрі екі жыл ішінде 13,6 есеге өсті: 212,9 мың тоннадан 2 млн 900,5 мың тоннаға дейін жетті. Қазақстандық бұл өнімнің 99%-дан астамын Қытай сатып алады.
Жемдік ұн өндірісінің тағы бір маңызды артықшылығы бар. Ол арзанқол, оның үстіне соңғы жылдары үлесі артып келе жатқан төменгі санаттағы – 4-ші, 5-ші сұрыпты және мүлдем сорты жоқ бидайды малға бермей, далаға тастамай, қайта өңдеуге, сол арқылы экспорттық өнімге айналдыруға мүмкіндік береді.
Осы жемдік ұн отандық диірмендердің өндірістік қуатын жүктеудің маңызды қайнарына айналды, әрі Қазақстан астығының табыстылығын арттырудың жолын ашып отыр.
Жемдік ұнның арқасында бидайды өңдеуден алынған өнімдердің астық экспортындағы үлесі 2023 жылғы 27,9%-дан 2025 жылы 37,3%-ға дейін өсті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауынша, әлемдегі бірде-бір жетекші ел өз экспортындағы өңдеу өнімдерінің осынша жоғарғы үлесімен мақтана алмайды.
Демек, Қазақстан үшін мәселе тек ұн экспортындағы екінші орынды сақтап қалуда емес. Басты сұрақ – біз астықты шикізат күйінде сата береміз бе, әлде оны жоғары қосылған құны бар өнімге айналдырып, түпкі нарықтағы орнымызды өзіміз айқындаймыз ба? Өзбекстан мен Мысырдың қарқыны Қазақстаннан осы сұраққа тезірек жауап беруді талап етіп отыр.