Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мысырда қайтыс болған Қазақстан елшілігінің қызметкері туралы тарап жатқан ақпараттарға қатысты ресми мәлімет берді.
"17 желтоқсан күні аталған оқиғаға қатысты БАҚ мен әлеуметтік желілерде "Жолдасов Еламан өз үйінің кіреберісінің жанында өлі табылды. Оның қолдары мен аяғы артына байланып, арқасы мен денесі кір болған, демек оны жермен сүйреген" деген жалған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Оны тапқан кезде мойны жіппен оралып, баспалдақтың таянышына асылып тұрған. Алғашқы сыртқы тексеру кезінде денеде қандай да бір зақым, көгерген жерлер, жарақаттар болған жоқ. Қолдары мен аяғы байланбаған. Оны оқиға орнында жасалған фото және бейнематериалдар дәлелдейді. Әрине, тергеу мүддесіне байланысты бұл материалдар қазір жарияланбайды. Сондай-ақ марқұмның аяқ-қолы бос екенін оны бірінші тапқан Еламанның жұбайы да дәлелдейді. Дипломат тұрған үй кешені тәулік бойы күзет астында. Мысыр тарапымен дипломат тұрған үйге жақын орналасқан бақылау камераларының барлығынан бейнематериалдар алынды. Онда бөтен адамдар болуы мүмкін емес. Марқұм табылған кезде костюм мен галстукте болған. Киімі таза, өзімен бірге аз ақша салынған портмане, ұялы телефон және жеке құжаттары болды. БАҚ өкілдерінен жалған және негізсіз ақпараттарды таратпауды, қаза тапқан қызметкердің туыстары мен жақындарының сезімдеріне құрметпен қарауды сұраймыз. Бұл – үлкен трагедия және бұдан сенсация жасаудың қажеті жоқ", – деген СІМ өкілі марқұмның денесі Египеттегі тексеру мен сараптамалар аяқталғаннан кейін ғана елге жеткізілетінін айтты.
"2019 жылы 13 желтоқсанда сағат 11.15-те Египеттегі Қазақстан елшілігінің екінші хатшысы Жолдасов Еламанның жұбайы үй кіреберісінде өзінің пәтер есігінің алдындағы баспалдақ алаңында жұбайының денесін тапты. Ол бірінші кезекте бұл туралы елшілікке хабарлады. Біздің дипломаттар 5-7 минуттың ішінде жетіп, осындай жағдайлардағы жасалатын барлық қажетті шараларды қабылдады. Оқиға орнына полиция, жедел жәрдем, прокуратура мен криминалдық полицияның тергеу топтары шақырылды. Сонымен қатар 15 желтоқсанда Каирге қызметтік тексеру жүргізу үшін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері жіберілді. Қазір уақытта Египет прокуратурасы бұл іске қатысты тергеу жүргізуде.Тергеу шеңберінде қызметкердің мәйітіне сот-медициналық сараптау жүргізілді. Оның нәтижелері жақын арада қазақстандық тарапқа берілетін болады. Сыртқы істер министрлігі қызметкердің денесі Қазақстанға жеткізілгеннен кейін, қосымша сот-медициналық сараптама жүргізетін болады. Министрлік ұжымы үшін бұл өте қайғылы хабар. Әріптесіміз Еламанды жоғалтқанымыз бізге өте ауыр тиді. Еламан өте парасатты және жауапты адам, өз ісінің және араб тілінің маманы болды", – деді Айбек Смадияров.
Есімжан Нақтыбайұлы