Мысырда ұсталған студенттер елге оралды

2080

Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрлігі мәлім етті.

Мысырда ұсталған студенттер елге оралды

"Еліміздің алты азаматы бүгін Мысырдан отанына оралды.

Қазір олар үйлеріне, жақындарымен қауышу үшін бет алды", – деп мәлімдеді ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов.

Студенттердің туыстары олармен кездесу үшін қазір Алматы әуежайында жүр. Мән-жайды abctv.kz  тілшілері анықтауға тырысуда.

Естеріңізге сала кетейік,  1 тамызда ұсталған қазақстандық алты жігіттің елге қайтарылатындығы белгілі болған еді. Мысырдың ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілдері  студенттерді Каирдың әуежайына жеткізіп, ол жерде олармен қазақстандық дипломаттар және туыстары кездескен болатын.

Дегенмен студенттердің не себепті қамауға алынғаны ашық айтылмады.

Осыдан бір күн бұрын еліміздің сыртқы істер министрлігі Мысырға қарсылық жолдаған болатын. Өйткені мысыр тарапы 12 күн бойы студенттердің ұсталғаны туралы ресми ақпарат бермеді. Тек оларды Мысыр арнайы қызметінің қызметкерлері ұстап әкеткені туралы ғана ақпарат анықталған.

Қазақстанның алты азаматы 2017 жылдың  11 шілдесінде араб тілін үйрену мақсатымен Каирға ұшып кеткен болатын.  Ұшып барған соң студенттер ҚР елшілігінде тіркеуге тұрған. 20 шілдеден бастап олармен байланыс үзіледі. Ал  25 шілдеде жоғалған қазақстандықтарды Мысырдың арнайы қызметі ұстап әкеткені туралы ақпарат пайда болған еді.

Әйгерім Сүлейменова, Саян Абаев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу