МЖӘ-нің әлегін азайту керек – сарапшы

3114

Қазақ елі – бизнеске сөз жүзінде ғана көп мүмкіндік берген мемлекет. Алпауыттар болмаса, жаңа бастама, шағын және орта кәсіпкер көп жағдайда мемлекет пен инвестордың көмегіне зәру.

МЖӘ-нің әлегін азайту керек – сарапшы

Міне, 2006 жылы алғаш рет мемлекет пен инвестицияны біріктірген "Концессиялар туралы" заң жобасы қабылданған болатын. Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасының сарапшылар тобы жиналып, осы он жылдың қорытындысын шығарды.

Жалпы, "Концессия туралы" заң көп өзгерісті талап етті. Себебі, концессия дегеніміз – мемлекеттің, жергілікті биліктің өз жер аумағын я өндірісін жеке адамдарға немесе бірлестіктерге пайдалану үшін белгілі бір мерзімге жалға беруі. Қазақ елі мемлекет пен бизнес арасында өзара өте тиімді келісімшарт жасауға талпынып, 2015 жылдың 31 қазанында "Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы" (МЖӘ) заң қабылдады.

Бұл заң Парламентке жетпей тұрып, жұмыс тобында талай қаралған болатын. Сарапшылардың ұсынысы қабылданды, келісім-шарт жасаудың бірнеше формасы енгізілді, бизнесті мемлекеттік қолдаудың шаралары көбейді.

Бірақ, Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, заңның аясы әлі тар қалпында екен. Бұл сөзіне дәлел ретінде спикер бірнеше мысал келтірді.

"Бүгін сарапшылар қауымдастығы жиналып, "МЖӘ туралы" заңның негізі қаланғаннан бергі 10 жылды қорытындылауға тырыстық. Расында да 10 жыл тез өте шықты, бірақ ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоқ...", – деді abctv.kz тілшісімен әңгімелескен Юлия Якупбаева.

Бұлай деуінің себебі, Қазақстанда қазір МЖӘ аясында жүзеге асып біткен бірде-бір жоба жоқ. Дәл қазіргі статистикаға сүйенсек, Қазақстанның әр аймағы мен қаласында МЖӘ аясында жүзеге асады деген 163 жоба әзірленіп жатқан көрінеді. Бұл жобалардың өзі "таза" МЖӘ аясында емес, келісімшарт негізінде жүзеге аспақ.

"МЖӘ туралы" заң аясында таза 13 жоба бойынша келісім жасалды. Оның 7--еуі – Алматы облысында (ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу саласындағы жеті жоба), алтауы – Ақтөбе облысында (спорт және мәдениет саласында үш жоба, денсаулық сақтау саласында 3 жоба). Бірақ, осы МЖӘ аясында жобалардың ешбірі әлі аяғына дейін жүзеге асып біткен жоқ", – дейді ол.

Юлия Якупбаева сарапшыларды жинап, МЖӘ-нің аяғынан тартып тұрған мәселелерді іздеп көріпті. Мониторинг көрсеткен ең алғашқы проблема – кәсіпкерлер мен әкімдіктердің МЖӘ туралы бейхабарлығы.

"Өз құқымызға сүйене отырып, мұның (МЖӘ-нің кем тұстарын. - abctv.kz) себебін анықтауға тырыстық. Яғни, МЖӘ-нің дамуына шынымен де не кедергі деген сұраққа жауап іздедік. Мониторинг жүргізе отырып мынандай қорытынды жасадық: Біріншіден, жеке инвесторлар мен әкімдіктер "МЖӘ туралы" қолда бар заң мен әртүрлі нормативтік құжаттарды шатастырып жүр. Мысалы, 2006 жылдан бергі "Концессия туралы" заң бар. 2015 жылы жаңадан "МЖӘ туралы" заң қабылданды. Бұл салада, сондай-ақ, қызмет көрсету келісімшарттары, нысанды сенімді басқаруға беруге болатын нормативтік-құқықтық актілер бар. Бұл формалардың барлығының талаптары әртүрлі. Яғни, МЖӘ-нің талаптарына сыя бермейді. Жергілікті әкімдіктер де бизнесті қолдау шараларын осы МЖӘ-мен шатастырады. Сондықтан, осы дүниелердің барлығын жүйелендіру керек деген қорытындыға келдік", – деп түсіндірді Юлия Якупбаева.

МЖӘ-ның аяғынан шалып отырған тағы бір кедергі – жобаларды мақұлдау уақыты. Дереккөзіне сүйенсек, қазір Қазақстанда МЖӘ аясындағы жоба мақұлдаудың бүкіл сатысынан өткенше 1,5 жыл уақыт өтеді екен.

"МЖӘ туралы" заңды әзірлеген жұмыс тобы шын мәнінде біраз жұмыс атқарды. Ұлттық экономика министрлігімен бірге МЖӘ-нің процедураларын жеңілдетті. Бірақ, МЖӘ аясындағы бір жоба бүкіл сатыдан мақұлданғанша, бір жарым жыл уақыт өтеді екен. Біз осы уақытты азайтатын біраз тетіктерді айттық, ол ұсыныстар ескерілді", – дейді Ұлттық палата төрағасының орынбасары.

Бизнесті тез дамытатын фактордың бірі – уақыт екені сөзсіз. Сондықтан, сарапшының айтуынша, Қазақстандағы өзге де бағдарламадағы процедура уақытын шұғыл түрде МЖӘ-ға да қолдану керек.

Түптеп келгенде, бір жарым жылдың ішінде көп жобаның маңызы жоғалып та кетеді екен.

"1,5 жыл ішінде байқаудан өтетін құжаттар, келісім, бәрі ескіреді. Осылайша, қаржыландыру мәселесі тығырыққа тіреледі. Сондықтан, әзірге, қаржыландырулың өзге нұсқасын ұсына аламын. Жалпы, көбінесе, МЖӘ аясында балабақша, тұрақ, емханалар салыну жоспарланған. Сондықтан, осындай жобалар қаржыландырудың лимитін алдын ала бекітіп алуы керек деп ойлаймын.

Мысалы, 250 орынға арналған балабақша 750 млн теңгеге салынады деп лимит қойса, мемлекет сол ақшаны беруге дайын инвесторды ғана іздейтін еді. Ниетті инвестор табылған соң, құрылыс компаниясын тауып, жергілікті атқарушы орган үш тарапты жинай отырып, конкурссыз жобаны талқылап, келіссе, өте тиімді болар еді", – деді МЖӘ аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылауға арналған қоғамдық тыңдау барысында Юлия Якупбаева.

Көріп отырғанымыздай, Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева МЖӘ-нің әлегін азайту керек деген тұжырымын айтып отыр. Бұл бағыттың даму болашағына болжам жасап көріп едік, Ұлт жоспарындағы 100 қадамның 34-іншісі МЖӘ-ні дамытуға арналған екен.

"Сонымен қатар, 100 қадамның 83-қадамы аясында Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік даму министрлігімен бірге ілкімді жоба әзірлеуіміз керек. Алайда, ілкімді жобаны әлі мықтап қолға алған жоқпыз. Ұлттық экономика министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігімен осы жобаны мықтап қолға алу керек", – деп сөзін түйіндеді Юлия Якупбаева.

Айта кетейік, МЖӘ дегеніміз – қоғамдағы маңызды мәселелерді тиянақты шешу үшін өзара тиімді талаптарды қабылдай отырып, мемлекет пен бизнестің орта немесе ұзақ мерзімде орнатқан әріптестігі.

Кенжекей Тоқтамұратқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу