"Қазақстан мен Армения арасында тарихи тұрғыдан жақсы қарым-қатынас қалыптасты. Тәуелсіздік жылдарында мен Арменияның барлық президенттерімен әріптестік байланыста болдым. Біздің елдер арасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Қазір Армениядағы жағдай күрделі екенін білемін", – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Армения, Әзербайжан және Ресей көшбасшылары арасында 2020 жылы 9 қарашада қол жеткізілген уағдаластық Ереван мен Баку арасындағы барлық түйткілді мәселелерді шешуге жол ашатынына сенім білдірді.
Армения Президенті Армен Саркисян Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қонақжайлық танытып, маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.
"Біз жақсы әрі жақын қарым-қатынастамыз. Бұл шын мәнінде солай. Ұзақ жылдан бері Қазақстанда армян қауымы бақуатты өмір сүріп жатыр. Біздің достығымыздың Армения Республикасымен қатар, барша армян ұлты үшін де маңызы зор", – деді А.Саркисян.
Еске сала кетсек, Армения – унитарлы республика. Арменияның мемлекеттік жүйесі парламенттік республиканың өкілді демократиялық құрылымына негізделген. Атқарушы билік премьер-министр бастаған үкіметтің қолында. Президент – номиналды мемлекет басшысы.
2015 жылғы 6 желтоқсанда өткен конституциялық референдумда елдің конституциясына өзгерістер енгізілген болатын. Нақтырақ айтқанда, Армения парламенттік республикаға айналып, президенттің өкілеттігі айтарлықтай қысқарды. Армения президентінің сыртқы саясаттағы өкілеттігі азайды. Республика президенті заңда белгіленген жағдайларда және үкіметтің ұсынысы бойынша халықаралық шарттарға қол қоя алады, премьер-министрдің ұсынысы бойынша басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардағы дипломатиялық өкілдерді тағайындайды және кері шақырып ала алады, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық өкілдерінің грамоталарын қабылдайды.
Жуырда 25 сәуір күні Армения премьер-министрі Никол Пашинян отставкаға кететінін мәлімдеген. Бірақ ол кезектен тыс парламенттік сайлауға дейін үкімет басшысының қызметін атқарады.
_______________________________________________________________________
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !