Оған мыңдаған ресейлік көмектесіп жатыр.
Борис Надеждин адамның ойына келмейтін шаруа тындырғысы келеді. Украинадағы соғысқа қарсы науқан жүргізіп, наурызда өтетін президенттік сайлауда Путинді орнынан түсіру.
Бірақ Путиннің көптеген сыншыларында парламенттің бұрынғы мүшесі Надеждин Кремльдің ережелерімен ойнап, авторитарлық мемлекетте демократияның жалған бейнесін қалыптастырып жүр деген күдік бар.
Осының бәріне қарамастан, соғысқа қарсы ондаған мың ресейлік Надеждиннің сайлау бюллетеніне ілігуіне көмектесіп жатыр. Олар бұл үміткердің жеңетініне сенбейді, тіпті оны жек көретіндер бар. Себебі Надеждин бір кездері мемлекеттік пропагандашы телеарналардың эфирінен сөйлеп, Путиннің ішкі саясатының патшасына айналған Сергей Кириенконың көмекшісі болып қызмет етті. Дегенмен, олар 60 жастағы Надеждинді көптеген ресейліктердің соғысқа қарсылығы мен Путинді биліктен аластатуды қалайтынын әлемге көрсетудің өзіндік құралы ретінде қарастырып отыр.
Надеждин тәуелсіз кандидат па, әлде Кремльдің қолбаласы ма? Бұл мәселеге мән берместен ресейліктер өз елінде және шетелде оған 200 мыңдай қол жинап беру үшін сағаттап кезекте тұрған. Ал Надеждинге ресми түрде үміткер атанып, сайлауға түсу үшін 100 мың қол да жеткілікті.
"Шынымды айтсам, біз мұндай белсенділікті күтпеп едік. Сірә, адамдар болып жатқан оқиғалардан жалыққан сияқты. Екіншіден, халық әрекетке шөліркеп қалғандай. Олардың наразылығы басып-жанышталды. Қазір жұртта бірдеңе істетін нағыз заңды мүмкіндік пайда болды. Ол – қол жинау", - дейді Надеждин "Вашингтон пост" газетіне берген сұхбатында.
2018 жылы Путин сайлауға түскенде, ал оппозиция лидері Алексей Навальный қылмыстық айыптар (саяси мақсатпен ойдан құрастырылған деп саналатын) арқалап, сол сайлаудан аластатылғанда, тележұлдыз Ксения Собчак Путинге қарсылас болып, бақ сынады. Кейбір болжамдарға қарағанда, сол кезде Собчактың президенттікке кандидатурасын Кремль мақұлдаған.
Надеждин болса, Кремльге мұндай өтініш жасамағанын мәлімдеп отыр. Ал Ресей Орталық сайлау комиссиясы жиналған қолдардан қандайда бір техникалық сылтау тауып, оның үміткерлігін бекітпей де қоюы мүмкін.
"Ол армандаған үміткер емес. Бірақ біздің бастапқы ұстанымымыз - Владимир Путиннен басқа кандидаттардың бәрі жақсы дегенге саяды", - дейді түрмедегі оппозиция жетекшісі Навальныйдың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының жетекшісі Иван Жданов.
Айта кетсек, қазір Навальный мен оның командасы ресейліктерді сайлау алдында өздерінің жеке науқандарын жүргізуге және өздері білетін 10 адамды Путинге қарсы дауыс беруге көндіруге шақырып отыр.
Надеждиннің сайлауалды науқаны қол жинауға желтоқсанның аяғында кірісті. Алғашында сандар мардымсыздау көрінген еді. Бірақ кейіннен қолдау күрт күшейіп, оппозицияның танымал қайраткерлері Надеждинге жақтас екенін жариялады. Солардың қатарында бұрынғы ЮКОС-тың мұнай магнаты Михаил Ходорковский мен YouTube каналындағы жазылушыларының саны 2 миллионға жеткенн Максим Кац та бар.
Олар Надеждиннің саяси науқаны соғысқа қарсы ресейліктер үшін көзқарастарын жаппай тұтқындалудан қорықпай білдіретін тәсілі деп есептейді.
Өткен аптаның соңында ресейлік әлеуметтік желіде Надеждинге қол жинау мақсатында ұзынсонар кезекте тұрған халықтың суреттері көптеп жарияланды.
"Надеждинді қолдау — қантөгіске, билік басындағы есі ауысқан шалдарға қарсылық пен өзгерістерге ұмтылыс", - дейді Ходорковский ресейліктерді Надеждин "кандидат болмаса да", оған көмектесуге шақыра отырып.
Надеждиннің өзі болса, Путинге қарсылығының ақиқат екенін көрсетуге әрекеттеніп отыр.
"Мен қазіргі президент саясатына мызғымас қарсылас ретінде сайлауға қатысамын. Путин әлемге өткеннің көзімен қарап, Ресейді кері тартып жатыр … Мемлекет барған сайын ортағасырлық феодализм мен қараңғылыққа бет бұруға мәжбүр", - деп жазылған Надеждиннің сайлауалды манифестінде.
Солнымен қатар, осы манифесте Надеждин соғысты бастау "Путиннің үлкен қателігі" екенін және өзі президент болған күні Украинадағы соғысты тоқтатуды ұсынатынын мәлімдеді.
Ресейлік журналист және қуғында жүрген танымал YouTube арнасының жүргізушісі Майкл Наке Надеждиннің "марионетка" екеніне сенімді.
"Менің ойымша, Борис Надеждин - Кремль мақұлдаған кандидат. Бастапқы идея бойынша, ол сайлау науқанын осал жүргізетін және аз дауыс жинайтын соғысқа қарсы үміткер ретінде таңдалды", - дейді Наке.
Бірақ, оның ойынша, Надеждинді қолдаушылардың көбеюі Кремльдің қателескенін көрсетіп берді.
"Режимге қысым неғұрлым көп болса, ол соғұрлым қателіктер жібереді және оны күйретіп, соғысты аяқтауға мүмкіндік туады. Ал адамдар Надеждинге идея ретінде қарайды, сондықтан оның жеке қасиеттері маңызды емес. Оның штабтарының жанындағы ұзынсонар кезектер - негізінен "Мен соғысқа қарсымын" деген демонстрациялар іспеттес. Және де бұл - соғысқа ашық түрде қарсы тұрудың жалғыз ғана жолы", - дейді Наке.