Накамура көш бастап тұр

657

24 желтоқсанда шахматтан әлем чемпионатының блицтен додасы басталды. Көрермендер үшін де қызықты, тартысқа толы блиц додасының бүгін финалдық ойындары өтуде.

Накамура көш бастап тұр

Блицтің бәсі жоғары  болатыны  – әрбір ойыншыға партияда 3 минут беріледі  және әр қадамы үшін 2 секунд қосылады. Ашық  турнирге  ерлер мен әйелдер де қатысуына мүмкіндік беріледі. Бүгін әлем чемпонатының соңғы күні. Қалың жанкүйер блицтен әлем чемпиондарының кім болатынын біледі. Бұл туралы Қазақстан шахмет федерациясының баспасөз өқызметі хабарлады.

Күні кеше рапидтен жерлесіміз Динара Сәдуақасова  керемет ойын өрнегін көрсетіп,  әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал әйгілі Магнус Карлсен кезекті алтын медалін олжалап, финалда  ирандық Пархам Магсудулуды ұтты.

Блицтен басталған доданың символикалық жүрісін құрметті қонақтар бастап берді. Shoqan Ualikhanov School мектебінің құрылтайшысы Кеңес Рақышев Якуббов пен Накамура партиясының алғашқы символикалық жүрісін жүрді. Ал Lancaster Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Берік Қаниев Лагно – Тохирджонова  арасындағы тартысты бастап берді. Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов   Каруана – Саргсян арасындағы партияның символикалық жүрісін жүру құрметіне бөленді.   

Әлем чемпионатында өзінің өнерімен  жанкүйерлердің ықыласына бөленіп жүрген норвегиялық Магнус Карлсен блиц  додасында да ерекшеленді. Ол  беларусь Владислав Ковалевке қарсы тартысты  кеш бастап, партияның аяқталуына бар болғаны 30 секунд  қалғанда ойын тақтасына отырып, жанкүйердің дегбірін біраз  қашырған. Бірақ сабазың саспайды екен, психологиялық қысымнан  да, қарсыластың мысынан да ыққан жоқ.  Уақытты ыңғайына қарай иімді жұмсап  қысқа мерзімдегі жылдам жүрістерінің нәтижесінде жеңісті  жұлып әкетті.

Әзірге  12 турдың қорытындысы бойынша америкалық Хикару Накамура 10 ұпаймен көш басына шықты. Нидерландылық  Аниш Гири 9 ұпай еншілеп екінші сатыда тұр. Үздік үштікте  норвег шахматшысы әйгілі Магнус Карлсен  де бар. Ерлердің блиц додасында қазақстандық шахматшылар арасынан  Ринат Жұмабаевтың көрсеткіші тәуір, ол 6,5 ұпаймен әзірге 66-орында. Алдияр Аңсаттың еншісіне 6 ұпай   жазып, 78-сатыға  жайғасты.  Қазақстан шахматшыларының жетістігі деп блицте Денис Махневтің  израильдік Борис Гельфандты 3-турда ұтқанын айтуға болады. Алдияр Асаттың 4-турда Александр Грищук (ФИДЕ) жеңгені де зор жетістік. Ринат Жұмабаев 8-турда үндістандық Видит Гуджратиден басым түсіп  көпшілікті таңдандырды. 

Әйелдер додасында 9 турдан кейін  Полина Шувалова, Валентина  Гунина  (екеуі де ФИДЕ) 7,5 ұпаймен көш бастап тұр. Қытайлық  Тань Чжунъиде 7 ұпаймен екінші сатыда.  Қыздарымыз Бибісара Асаубаева іріктеу сынындағы 9 турда  6 ұпай алып, 12-орынға тұрақтады.  Назерке Нұрғали 5,5 ұпаймен 20-сатыға орнықты.   Өзге шахматшыларымыздың арасынан тәуір көсреткіш деп Гүлісхан Нахбаеваның  1-турда, Лия Құрманғалиеваның  2-турда үндістандық  Хампи Конеруді жеңгені айтуға болады.  Әлем чемпионатының қола жүлдегері үнді қызы Шри Савитаны Назерке Нұрғали 4-турда,   Алуа Нұрманова болса 8-турда жеңді.

Бүгін, 30 желтоқсанда ерлер арасында 9 тур ойыны өтуде. Ал қыздар блицтің 8  турын өткізіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу