Нақты көрсеткіш болжамнан асып түсті

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2423

Елде астық жинау аяқталып қалды, қазірдің өзінде 21 млн тоннадан астам астық бастырылған.

Нақты көрсеткіш болжамнан асып түсті

Жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Алынған мәліметтерге сәйкес, 2 қазанға дейін дәнді-дақыл мен дәнді бұршақ  алқаптардың 99,3%-ына шалғы түскен. Елімізде жалпы 15 млн 185,7 мың гектар алқап орылып, одан 21 млн 406,2 мың тонна астық бастырылған. Егіннің орташа шығымдылығы бір гектардан 14,1 центнер болған.

Егер 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырар болсақ, онда астық жинау қарқыны былтырғы жылғыдан айтарлықтай  асып түскен. Ал 2016 жылдың орташа шығымдылығы бір гектардан 14,9 центнер.

Сондай-ақ осы жылғы астықтың сапасы да жоғары болып отыр. Алдын ала алынған мәліметке сүйенер болсақ, 2016 жылы бірінші және екінші класты жұмсақ бидай мүлдем болмаған, ал қазір бірінші класты бидайдың жалпы көлемі – 0,7%, екінші класты бидай көлемі – 0,9%. Ал үшінші класты жұмсақ бидайдың көлемі – 65%. Төртінші және бесінші класты жұмсақ бидайдың сапасы өткен жылғымен салыстырғанда, аз екенін көруге болады.  Яғни 2016 жылы 37,6% және 7,8% болса, 2017 жылы 24,4% және 5,9% болған.

Қатты бидайдың ішінде былтырғыдай үшінші және төртінші кластың үлесі басым болған. Екінші класты қатты бидайдың жалпы шығымы – 1,6% (2016 жылы –1,4%), үшінші кластың шығымы –  34,7% (2016 жылы – 31,0%),төртінші класты бидайдың шығымы – 48,7% (2016 жылы – 52,9%) және бесінші класты қатты бидайдың шығымы – 13,4% (2016 жылы – 14,1%).

Еліміздің егін егетін негізгі өңірлері егінді жинап болған. Ақмола облысында егін 100% жиналған. Бұл жердегі егіс алқабы 2016 жылы 4 млн 328, 7 мың гектар болса, 2017 жылы оның көлемі 4 млн 324,0 мың гектарды құраған. Осы жылы бастырылған астық 5 млн 123,9 мың тонна болып, былтырғы жылғыдан асып түскен.  

Егіннің орташа шығымы былтырғы жылғыдан төмен, яғни 2016 жылы ол бір гектардан 12,9 центнер болған, ал 2017 жылы бір гектардан 11,8 центнер астық жиналған.

Қостанай облысында да егін жиналып біткен. Жиналған егін алқабының жалпы көлемі 4 млн 192 мың гектарды құраған, ал бастырылған астық 5 млн 225, 3 мың тонна. Ал орташа шығым бір гектардан 12,5 центнер болған.

Солтүстік Қазақстан облысындағы астық жинау да аяқталуға жақын. 2 қазанға дейін астықтың 99,8% жиналған. Биыл 3 млн 087,5 мың гектарға  егін салынған. Бүгінгі күні бастырылған бидай 5 млн 614,6 мың тонна. Солтүстік Қазақстан облысындағы орташа шығымдылық бір гектардан 18,2 центнер болған.

Еске сала кетсек, бұған дейін ауылшаруашылығы министрлігі астықтың бункерлік салмақтағы жалпы жинағы шамамен 19,5 млн тонна болады деп болжаған еді. Оның ішінде егін егетін басты өңірлер бойынша шамамен 15 млн тонна болатындығы айтылған. Ауылшаруашылығы министрлігі отандық  астықтың экспорттық әлеуеті сегіз миллион тонна деп бағалады.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу