"Намыстанбаймын" – Ауылдан кәсіп ашқан жалғызбасты ана қиындықтарды қалай еңсерді?

3803

Көпбалалы, жалғызбасты ана, жеке кәсіпкер Айнұр Жидебаева ауылда қалай кәсіп ашқанын, өміріндегі қиындықтарды қалай еңсергенін, бизнес ашқан кезде нені ескеру керегін айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

"Намыстанбаймын" – Ауылдан кәсіп ашқан жалғызбасты ана қиындықтарды қалай еңсерді?

Жеке кәсіпкер Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылында тұрады. Ол бұрын тұрмысы төмен болғанын жасырған жоқ.

«Күйеуім жоқ. Ауданда 4 қызым, 1 ұлыммен екі бөлмелі уақытша тұрғызылған үйде (времянка) тұрдық. Оның іші жазда ыстық, қыста салқын еді. Жағдайым болған жоқ. Мектепте еден жуушы болып жұмыс істеп жүрдім», – деді Айнұр Жидебаева Қазақстан ауыл әйелдерінің IV форумында.

«Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді»

Жалғызбасты ана өмірінің өзгеруіне мектептегі оқиға әсер еткенін атап өтті.

«Адамды алға сүйрейтін намыс пен еңбек қой. Қазақта «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» деген сөз бар. Еден жуушы болдым.

Мен оған намыстанбаймын. Бірақ бір күні мектептегі қызметкерден «Ол адам болмайды» деген сөзді естідім. Бұл менің жаныма қатты батты. Неге мен осындай сөз естуім керек? Балаларымды басқа жұмыс істеп, асырай аламын ба деген сұрақ туындады. Осылайша, өмірімді өзгертемін деп шештім», – деді жеке кәсіпкер.

Ауылдағы ескі үй

Сондай-ақ ол баспана мәселесі де жанына батқанын ашық айтты.

«Жалғызбасты анамын деп Үкіметтен үй сұрағым келген жоқ. Себебі оны ұзақ күтесің, құжат жинау керек. Сондықтан ауылға барамын деп шештім. Бұл 2016 жыл еді. Аудандағы үйімді сатып, ауылдан 5 бөлмелі үй алдым. Мен балаларымның болашағын ойладым. Мен үй алған кезде ауылдағы ағаларым «Сен ақымақсың ба? Мұндай ескі үйді қалай алдың» деп сынады. Шынын айтқанда, бұл үй ат қора сияқты болатын», – деді Айнұр Жидебаева.

Жеке кәсіп

Бұл сынға қарамастан ана 60 мың теңгеге тігін машинасын сатып алып, кесте тігуге кіріседі.

«Тігінге деген қызығушылығым бала кезден болған. Жастық шағымызда бүгінгідей тауардың түрі көп болмайтын. Сондықтан үйге қажет көрпе, жастықтарды өзім тіктім. Кейін осы хоббиді кәсіпке айналдырдым. Ауылдағы үйімнің бір бөлмесі қазір шеберхана. Өткен жылы «Coca-Cola белестері» әлеуметтік жобасында жеңіске жетіп, 850 мың теңге грант алдым. Бұл қаржыға қажет заттарды алғаннан кейін клиенттерім одан да көп тапсырыс берді, өнімнің сапасы жоғарылады. Маған көбіне қыз жасауын, бесік тойдың жасауын тігуге тапсырыс түседі», – деді жеке кәсіпкер.

Еңбек түбі – береке

Айнұр Жидебаева қыз жасауын 150-200 мың теңгеге тігетінін жеткізді. Оған қала, ауыл тұрғындары тапсырыс береді.

«Намыс пен еңбектің арқасында тұрмысымды түзедім деп айта аламын. Ауылдағы үйді жөндедім, қазір ол керемет болып тұр. Мен жетістікке жеткенім үшін қуанып, мақтана аламын. Балаларыма да рахметімді айтамын. Олар қиындыққа төзді, жанымда болды», – деді ана.

Сөз соңында ол кәсібін ашқысы келетін әйелдерге кеңес берді.

«Менің ойымша, еңбектеніп іздену керек. Маңыздысы ниет болуы қажет. Мысалы, мен сүйікті хоббиімді кәсіпке айналдырдым. Сіз де осылай істей аласыз. Бірақ сіз көрсететін қызмет немесе сататын тауарыңыз сапалы болуы шарт. Сондай-ақ кәсіпкерлік теориясын біліп, алғаныңыз артық етпейді. Өзіңіз жасайтын өнімнің технологиясын дамытуды да ұмытпаңыз», – деп түйіндеді сөзін Айнұр Жидебаева.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу