Мамырдың 4-нен 5-не қараған түні Лас-Вегаста әлем жұртшылығы көз тіккен айтулы бокс кеші өтті.
Ринг төрінде жекпе-жек жанкүйерлері асыға күткен айқас – екінші жеңіл салмақтағы абсолютті әлем чемпионы, Жапония мақтанышы Наоя Иноуэ мен америкалық Рамон Карденас арасындағы шайқас өтті.
Кештің басты оқиғасы Иноуэнің 8-раундтағы техникалық нокаутымен аяқталды.
Бұл – жапон жұлдызының кәсіби мансабындағы қатарынан 30-шы жеңісі. Иноуэ әлі күнге дейін рингте жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Бүгінгі жеңісінен кейін ол 14 қыркүйекте Токиода өзбекстандық Муроджон Ахмадалиевке қарсы кезекті жекпе-жек өткізуі тиіс.
Бокс әлеміндегі ең қауіпті әрі шебер былғары қолғап шеберлерінің бірі саналатын Иноуэ 2012 жылы кәсіби рингке аяқ басқан. 6 жекпе-жек қана өткізіп үлгеріп, WBC тұжырымы бойынша бірінші жеңіл салмақта (50,8 кг дейін) әлем чемпионы атанды.
Мұнымен тоқтап қалмай, ол екінші жеңіл (52,2 кг дейін), жеңіл (55,3 кг дейін) және екінші жеңіл салмақта абсолютті чемпиондық белбеулерді иеленді. 31 жастағы Иноуэ қазіргі таңда тек Жапонияның ғана емес, бокстың символына айналған тұлға.