"Наполи" Италия Суперкубогын жеңіп алды

125

Жеңімпаздар сапынан Давид Нерес дубль авторы атанды. 

"Наполи" Италия Суперкубогын жеңіп алды

"Наполи" мен "Болонья" Италия Суперкубогының финалында кездесті. Бұған дейін неаполилік клуб жартылай финалда "Миланды", ал "Болонья" "Интерді" жеңіп, өткен маусымдағы миландық дербидің қайталануына жол бермеген еді. Турнир Сауд Арабиясында өтті. Алайда Эр-Риядтағы "Аль-Авваль Парк" стадионы финалға қарамастан толық толған жоқ. 25 мың орындық аренада бос орындар байқалды. Бұл жағдай Италиядан тыс жерде матч өткізуді сынға алушылардың уәжін күшейтті.

Финалға дейін 2025 жылы командалар екі рет кездескен. Сәуірде тең ойнап (1:1), қарашада "Болонья" өз алаңында чемпионды 2:0 есебімен жеңген. Сондықтан финалда тең дәрежелі ойын күтілген еді. Алайда матч барысы бұл болжамды жоққа шығарды.

Алғашқы минуттардан-ақ "Наполи" бастаманы толық өз қолына алды. Антонио Контенің командасы жоғары қарқынмен шабуыл ұйымдастырып, қарсыласын қысымда ұстады. Ал, "Болонья" бірінші таймда бірде-бір қауіпті сәт жасай алмады. 11-минутта Элиф Элмас есеп ашуға жақын болды. Кейін Джованни Ди Лоренцо да қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Гол тек уақыт еншісіндегі мәселе еді.

39-минутта Давид Нерес оң қапталдан орталыққа қарай ойысып, алыстағы бұрышқа дәл соққы жасап, есеп ашты – 1:0. Бұл бірінші таймның заңды қорытындысы болды.

Екінші таймда "Болонья" ойынды өзгертуге тырысқанымен, "Наполи" қарсыласына мүмкіндік бермеді. Қақпашы Федерико Равалья бірнеше рет командасын голдан құтқарды. Алайда 56-минутта Давид Нерес қарсыластың қателігін пайдаланып, екінші голын соқты. Осылайша, матчтағы интрига толық жойылды.

Есеп 2:0 болған соң "Наполи" ойынды бақылауда ұстап, қорғанысқа көшті. "Болонья" позициялық шабуылда әлсіздігін көрсетті және қақпаға нақты қауіп төндіре алмады. Керісінше, неапольдік клуб үшінші және төртінші гол соғуға бірнеше мүмкіндікке ие болды. Бірақ, пайдалана алмады.

Нәтижесінде "Наполи" 2:0 есебімен жеңіске жетіп, өз тарихында үшінші мәрте (1990, 2014, 2025) Италия Суперкубогын иеленді. Антонио Конте бапкерлік мансабындағы 11-трофейін жеңіп алды. Қазіргі ойын деңгейін сақтаған жағдайда "Наполи" А сериясында қатарынан екінші чемпиондыққа таласа алатынын дәлелдеді. Ал, "Болонья" финалда айтарлықтай қарсылық көрсете алмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу