Наразылық акцияларына сыртқы күштердің әсері бар

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2885

Мұхтар Әбілязов ел тұрғындарын митингке шығуға ашықтан-ашық үгіттеп отыр. 

Наразылық акцияларына сыртқы күштердің әсері бар Фото: vlast.kz

Соңғы күндері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында рұқсат етілмеген митингілер жиі ұйымдастырылатын болды. Бұған сыртқы күштердің ықпал етіп отырғанын көпшілік жақсы біледі. Мұның артында Мұхтар Әбілязов тұрғаны да ешкімге жаңалық емес. Өкініштісі, отандастарымыз ел ішіне іріткі салып отырған адамның арбауына түсіп қалуда.

Мәселен, 9-10 маусым күндері Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ұйымдастырылған заңсыз митингілерге шыққан азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, елде өтіп жатқан президенттік сайлауға кедергі келтіруге тырысты. Осының салдарынан жүздеген адам жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі де ресми хабар таратып, ескерту жасады.

"Қазақстандағы қызметіне сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық қозғалысы" экстремистік ұйымының белсенді жақтастары шетелдік басшыларының нұсқауымен заңсыз митингілер ұйымдастырды" деп хабарлады ішкі істер министрлігі.  

"Қазақстанның демократиялық қозғалысын" Мұхтар Әбілязов басқарып отырғаны белгілі жайт. Ұйымның белсенділері әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, жаппай теріс насихат жүргізуде. Халықты тәртіпсіздікке шақыруда. Мәселен, Мұхтар Әбілязов YOUTUBE хостингі арқылы астаналықтарды бүгін кешкісін "Бәйтеректің" аумағына жиналып, қарсылық шарасын ұйымдастыруға үндеп жатыр.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин айтқандай, митинг – біздің жол емес.

"Арбауға түсіп, заңсыз митингтер жиі ұйымдастырылатын елдердің дамуы тежеледі. Бұған тарихта дәлел жеткілікті", – деді ол Мәжілістің бүгінгі отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Халықтың қаржысын қымқырып, шетел асқан Мұхтар Әбілязовті елдегі оппозиция өкілдерінің өзі қолдап отырған жоқ. Оппозиция атынан президенттік сайлауға түскен Әміржан Қосанов ел азаматтарын оған ермеуге шақырған еді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу