Наразылық білдірген мыңдаған адам Алматы әкімдігіне баса-көктеп кірді

Шерушілер Байсейітова көшесінің бойындағы алаңға жиналуда. 

Наразылық білдірген мыңдаған адам Алматы әкімдігіне баса-көктеп кірді

Наразылық білдірген мыңдаған адам Алматы әкімдігіне баса-көктеп кіре бастады, деп жазды Inbusiness.kz. Олар дыбысты гранаталарға қарсылық танытпауда.

Демонстранттардың алғашқы қатары қалалық әкімдік ғимаратына жақындап үлгерді.

Inbusiness.kz тілшісінің хабарлауынша, нысан маңына кем дегенде 10 мың адам жиналып жатыр, қалың жұртшылық Байсейітова көшесінің бойындағы алаңға аттануда. Сонымен қатар куәгерлер әкімдікте өрт шыққанын хабарлауда.

Айта кетейік, наразылық акциясы 2 желтоқсан күні Жаңаөзеннен басталған еді. Жаңаөзен тұрғындары газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылыққа шықты. Олар бағаны 110 теңгеден "50 теңгеге дейін түсіруді" талап етіп, орталық алаңда екі тәуліктен бері акция өткізіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол күні түн ауғанда твиттер желісінде "Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырғанын" мәлімдеді. 

Үкімет ертеңінде баға 85-90 теңгеге түсетінін хабарлады. Бағаны бизнес өкілдері "әлеуметтік жауапкершілік" ретінде төмендеткенін түсіндірді.  3 желтоқсан сағат 17:30-да Энергетика министрі журналистерге брифинг беріп, бағаны одан төмен түсіру мүмкін емес екенін айтты. 

4 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Құрамында Президент Әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кіріскенін" твиттер желісінде жазды. "Республикалық оперативтік штаб тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр. Комиссияға еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, туындаған мәселе бойынша өзара тиімді шешім шығару жүктелді", – деген Президент "Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс" екенін айтады.

Маңғыстау облысына Үкімет басшысының орынбасары, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы, Энергетика министрі бастаған комиссия барып, сол жерде жұмыс істеп жатыр. Жаңаөзендіктерді өзге өңірлердегі тұрғындар да қолдап, наразылық акцияларын ұйымдастырды. ҚР ІІМ хабарлауынша, 5 қаңтар күні 200-ден астам адамның ұсталған.

Қазақстан Президенті үкімет отставкасын қабылдады. Ал Премьер-министр міндетін уақытша үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов атқарады. Үкімет мүшелері жаңа үкімет құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқара береді. Бүгінде Алматы қаласы, Маңғыстау және Алматы облыстарында төтенше жағдай жарияланды.

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу