10-13 сәуір аралығында Хорватияның Осиек қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасының қоржынына екінші медаль түсті.
Еркін жаттығуда Милад Каримидің қоласынан кейін, ат снарядындағы жаттығуда Нариман Курбанов қола жүлдегер атанды.
Ерлер. Ат снаряды
Гамлет Манукян – 14.633 ұпай
Тианлонг Гао – 14.400
Нариман Құрбанов – 14.233
Зейнолла Ыдрысов – 9.500
Бұл жарыста ел намысын төрт қазақстандық гимнаст қорғауда. Нариман Құрбанов пен Зейнолла Ыдрысов тұтқалы ат снарядында, Милад Карими керме және еркін жаттығуда, ал Асан Салшимов тіреніп секіруден сынға түсуде.
Айта кетейік, Нариман гимнастикамен 6 жасынан бастап айналысады. Әкесі Құсанжан Құрбанов тәжірибелі бапкер болғандықтан, баласының спорттық жолына ықпал еткен.
Нариманның айтуынша, ол кішкентай кезінде үлкен жетістіктерге жетпеген және қатардағы спортшылардың бірі болған.
2017 жылы Монреальда өткен әлем чемпионатында Нариман "Kurbanov" деп аталатын жаңа элементті сәтті орындап, оны гимнастика ережелеріне енгізді. Бұл элемент – қос тұтқалы ат снарядында кері бағытта қозғалу.
2024 жылы Нариман Құрбанов Парижде өткен Жазғы Олимпиада ойындарында қос тұтқалы ат снарядында күміс медаль жеңіп алып, Қазақстанның спорттық гимнастика тарихында жазғы ойындарда жүлде алған тұңғыш спортшы атанды.