Нартай Сәрсенғалиев: "Бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді"

2093

Елдегі 6290 ауылдың 4974-не кең жолақты мобильді интернет тартылған. 

Нартай Сәрсенғалиев: "Бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді" Фото: google

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге елдің интернетпен қамтылу мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазақстанда интернет бар" деген аты болмаса бүкіл әлемде жылдам саналатын желі біздің елге келгенде табанына тас байлап алғандай көрінеді. Биылғы 1 сәуірдегі мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы халық саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл ресми дерек. Шынайы жағдайға келсек, ғаламторды атымен көрмеген елді-мекендер саны бұдан әлденеше есе көп  болуы мүмкін. Басқасын былай қойғанда бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді", - деді депутат.

Оның сөзінше, сапалы интернетті бас қалада қолдану қиынның қиыны. Халық қалаулысы жауапты ведомствоның ғаламтордың сын көтермейтін сапасына қарамастан, халыққа қажет талай қызметті электронды порталдарға салып тастағанын жеткізді. 

"2023 жылдың 4 айының өзінде қазақстандықтар сапасыз интернетке қатысты 5 мыңнан астам арыз-шағым түсірген. Осы жерде заңды сауал туады. Сапасыз интернетті ұсынған операторларға қандай жаза кесілді? Қанша айыппұл салынды? Бұған дейін байланыс операторларына салынған айыппұлды естіп келдік. Демек бұл мәселенің шешімі емес екенін түсінетін кез келген жоқ па?", - деп атап өтті мәжілісмен.

Оның айтуынша, тұрғын үй кешендерін салған компаниялармен интернет қызметін ұсынатын компаниялар арасында лоббилік әрекеттердің көріністері жиі байқалып отыр. 

"Мысалы, Астанадағы тұрғын үй кешендерінде тұратын отандастарымыз өз қалауына қарай интернет қызметін ұсынатын компанияны таңдай алмайды. Өйткені құрылысты салған компания "біздің үйде тек мына интернет ұсынатын компанияның қызметін пайдалана аласыз" дейді. Бұл да жемқорлықтың бір көрінісі емес пе?", - деді мәжілісмен.

Осы мәселеге қатысты Нартай Сәрсенғалиев бірқатар ұсыныс тастады:

  • сапасыз интернет пен ұялы байланыссыз отырған ауылдардағы проблеманы шешу үшін Үкімет тарапынан арнайы комиссия құру; 
  • ұялы байланыс пен интернеті жоқ ауыл-аймақтардың тізімін жариялау;
  • Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қай жерге, қай уақытта сапалы интернет жететінін ашық жариялау.    
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу