Нарық қатысушылары контейнерлік жүк тасымалының құнын төмендету керек деп есептейді

Олар арнайы баға есептеу механизмін енгізуді ұсынып отыр.

Нарық қатысушылары контейнерлік жүк тасымалының құнын төмендету керек деп есептейді

Бұл туралы Алматыда өткен "New silk way" V Халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форумында "РТС Holding" ЖШС басқарма төрағасы Тимур Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Әлемде контейнерлік тасымал жүк жөнелтудің ең сұранысқа ие және сенімді түрі. Халықаралық нарықта оның үлесі 90%-ды құрайды. Қазақстанда да контейнерлік жүктерді транзиттік тасымалдау көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, былтыр көрсеткіш 22%-ға артты. Алайда ішкі және экспорт-импорттық бағыттар бойынша сұраныс төмен.

Тимур Қарабаевтың айтуынша, 2020 жылы контейнерлік жүк тасымалы бойынша импорт пен экспорт 3%-ды құраса, 2021 жылы 5,4%-дан аспаған. Мұның басты себебі – тариф жоғары.

"Мамандар 5,4%-дың төмен көрсеткіш екенін түсінеді. Мультимодальдік тасымалды алға жылжыту отандық кәсіпорындардың дамуына ықпал етеді. Бірақ саланы тежеуші факторлар бар. Ол тариф мәселесі. Қазақстанда бір тонна жүкті контейнерде тасымалдау құны басқаларынан 2,5-3 есе жоғары", – дейді "РТС Holding" басқарма төрағасы.

Сонымен қатар пандемия экспортқа ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға дайын кәсіпорындардың көптігін көрсетті. Әйтсе де, жүктің өзіндік құнының арзан, ал тасымал тарифінің жоғары болуына байланысты бұл тиімсіз болып отыр. Соған сәйкес, кәсіпорындар өндірісін тежеуге немесе өнімді сыртқа шығарып, экспорттық табыстың біраз бөлігінен қағылауға мәжбүр.

"Осындай форумдарда аталған мәселерді көтеру маңызды. Менің білуімше, әлем елдерінде 07 коэффиценті қолданылады. Нәтижесінде, контейнерлік тасымал құны басқаларымен теңеседі. Әрине, жүктеме артқан сайын көбірек контейнерлер керек болады, бұл қайта бағаға ықпал ететіні түсінікті. Бұған өнеркәсіпті дамыту тұрғысынан қарау керек. Еліміздегі 445 теміржол стансасының тек 18%-ы контейнерлерді қабылдауға қабілетті. Ал сұраныс артса жүкті жөнелтушілердің өзі мұның барлығын реттеуге мүдделі болады", – деді Тимур Қарабаев.

Айта кететіні, екі күндік форумға 14 елден келген 350-ге жуық сарапшы қатысты. Олар теміржол логистикасымен қатар, халықаралық автокөлік тасымалдары, теңіз логистикасы, азаматтық авиацияны дамыту және маман даярлау мәселелерін талқылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу